Фермерлер қолдаусыз қалмайды
Облыстық бюджет қатаң бақылауда. Әр тиынның қайда және қалай жұмсалатынын қырағы қадағалап, шашау шықпауын бақылап отыратын облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс VIII сессияда 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін қаржыны қайта қарастырды. Себеп – ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс аграрларының қиындыққа ұшырауы. Отырыс облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов пен облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асановтың қатысуымен өтті.
Бюджетті қайта қарау – бұл бұған дейін қабылданған қаражат сомасын ұлғайту немесе кемітуді білдірмейді. Атап айтар болсақ, үнемдеу есебінен олқы тұстарға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылады. Бұл туралы облыстың қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина мәлімдеді. Оның айтуынша, өсімдік, мал шаруашылығын субсидиялауға бөлінетін шығыстар артады.
– Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының деректері бойынша, ауыл шаруашылығы техникасының қымбаттауына және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің жоғары деңгейіне байланысты облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің сатып алу қабілеті төмендеді. Бұл осы бюджеттік бағдарлама бойынша өтінімдер түсімдерінің азаюына әкелді. Пайда болған үнемдеуді бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің ұсынысы бойынша пестицидтердің, тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, несиелеу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдықтарын сатып алуға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қосымша өтінімдеріне байланысты қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялауға лизингке қайта бөлу ұсынылады, – дейді Людмила Викторовна.
Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин фермерлердің шығындарын субсидиялау бойынша биыл қанша қаражат сұралғанын да айтты. Жалпы көлемі – 3 млрд. 884 млн. 166 мың теңге. Бюджет қаражатының 134 млн. 435 мың теңгесі пестицидтерді, яғни, ауылшаруашылық өнімдерін зиянкестерден, паразиттерден, арамшөптерден қорғау үшін қолданылатын химиялық қоспаларды субсидиялауға сұралған. Ал, тыңайтқыштарды субсидиялауға 8 млн. асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялауға 890 млн. 506 мың теңге сұралыпты. Фермерлер алатын несие сыйақысы мөлшері де субсидияланатынын да ескеру қажет. Бұл ретте ол үшін бюджеттен сұралған сома көлемі –1 млрд. 402 млн. теңге. Қайта өңдеу кәсіпорындарының шығындарын субсидиялауға да қайта қаражат бөлу сұралған. Көлемі – 57 млн. 255 мың теңге.
Басқарма басшысының фермерлерді қолдау үшін сұраған қаражатын депутаттар бірауыздан қолдап, бюджетке өзгеріс енгізу шешімі қабылданды.
Кезектен тыс VIII сессияда қаралған тағы бір мәселе – «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын беру. Естеріңізде болса, жыл сайын облыстың өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген 3 адамға аталған атақ беріледі. Облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов депутаттарға «Құрметті азамат» атағына лайық 3 адамның кандидатурасын ұсынды. Бірінші ұсынылған – қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет министрлігінің экс министрі, 2008-2022 жылға дейін халықаралық «Түрксой» ұйымының бас хатшысы болған Дүйсен Қасейінов.
– Дүйсен Қасейінов «Түрксой» ұйымының бас хатшысы болған кезде облыстың өнер ұжымдары Түркия, Швейцария, Франция, Испания сияқты елдерде өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Одан бөлек, біраз өнер ұжымдарының академиялық атақ алуына, биыл Түркияның астанасы – Анкара қаласында Тәттімбет ескерткішінің ашылуына себепкер болған, – деді Нұрлан Бикенов.
Басқарма басшысы ұсынған екінші кандидат – ҚР Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, Марат Қабанбай және Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі, үшінші дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері – Төрехан Майбас. Төрехан Майбас зейнет жасына қарамастан, өлкетану зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Сонымен қатар қазақ халқының этнографиясын дамытуға өз үлесін қосуда. «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағына лайық тағы бір кандидат – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қайраткері, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Валерий Громов.
– Валерий Громов ұлттық, халықаралық спорттың дамуына үлес қосты. Осы жылдар ішінде ол облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасында басшылық қызметтер атқарды. Зейнет жасына қарамастан бұқаралық спортты дамытуға атсалысуда. Қоғамдық-саяси қызметтен де тыс қалған емес, – деді Нұрлан Рахметоллаұлы.
Аталған үш адамның кандидатурасын депутаттар бірауыздан қолдады.
Жиын соңында сөз алған Бауыржан Асанов дер кезінде өткізілген сессия жұмысы үшін облыстық мәслихат депутаттарына алғысын білдірді.
– Құрметті депутаттар, сіздердің бастамаларыңызбен сессия дер кезінде өтті. Ауа райының қолайсыздығы ауыл шаруашылығы саласында тауар өндіруші – фермерлерді қиындыққа ұшыратты. Ішкі резервтегі қаражатты бөлуге бірден бір септігін тигізіп отырған сіздердің жұмыстарыңыз, – деді Бауыржан Асанов.
Сессияда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов депутат Елдос Жүнісовті партиялық тізім бойынша тіркеу туралы хабарлады. Елдос Жүнісов мерзімінен бұрын кеткен депутат Т.Өтеубаевтың орнына облыстық мәслихат құрамына енгізілді және құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамына қабылдау туралы шешім қабылданды.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz