Бас тақырып

Фәниқұстың аңызы – біздің елдің тағдыры

Қазақстан туралы қазіргі биіктен қазылық айту – тым оңай. Төбеге шығып алып, бәрін тәрк ету одан да жеңіл. Бірақ, бір ақиқат бар. Ол – қазіргі Қазақстанның үш он жылдықта талай-талай бел-белес­тен өткендігі. Ол үш ондықта бүгілу де болды, түңілу де болды. Бірақ, үмітті шорт үзу болған жоқ. Қаракөз қазақ ертеңіне сенді. Жарқын болашағына үміттенді. Сол үміт пен сенім бүгінге жетектеп жеткізді.
Қазақстан – бұл күні өзінің саяси, экономикалық бағытын нық айқындаған мығым мемлекет. Отыз жыл бұрынғы ойраны шыққан елдердің ортасында ескексіз қалған қайық емес. Қазір мұхитта еркін жүзетін мұзжарғыш кеме. Дербес­тігін дәріптеп, құндылықтарын қастерлеуді біледі. Оны әлемге де әйгілеп, дүние жүзі мойындады. Содан да әлем осы күні қазақ жұртын бейбітсүйгіш, татулық пен бірлікке бәтуаласқан ел деп біледі. Өзге қызығып та, қызғанып та қарайтын құндылық. Ел ішінде аракідік туған толқуда сол қызылкөздердің сандарын шапақтап, миығынан күлгендері де содан. Дегенмен, Еу­разия құрлығының дәл орталығында тұр­ған, территориясы әлемде тоғызыншы орын алған Қазақстанның барлық тұрғыда даму моделі – барыстың секірісін тарих әлі толғайтыны тағы рас. Отыз үш жыл бұрынғы тоқырауды айтып, тоқтай алмай, көз жасты көлдей қылмақ емеспіз. Оның бәрі – тарих. Біреу­ге – шын, біреуге – өтірік. Шындығында, Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалайша қаз тұрып, қалайша тәй-тәй басқаны алдыңғы аға буынның санасында сақтаулы сурет. Сол суреттерге қарасаңыз, қауіп төнгенде өзін түк қалдырмай өртеп жіберіп, содан соң қайта түлейтін фәниқұстың аңызы – біздің елдің тағдыры іспеттес.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Еліміз әлем алдында өзінің біртұтас ел екендігін, оның ешбір бөлшектеуге жатпайтынын, ең бірінші – байлығы адам екенін айғақтап, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуын белгілегенін ардақты Ата Заң арқылы жария етті. Ол уақытта Еуразия кіндігіндегі жас мемлекетке құқықтық базасын жасақтау міндет еді. Бұған дейінгісі одаққа бейімделгендіктен ескі жүйе де моральдік тұрғыда тозған. Бізге заманынан озған құжат қажет-ті. Саяси әрі экономикалық бағытты белгілеу үшін заңдық негіз керек-ті. Ол үшін жаңа Конституцияны уақыт патша талап етіп тұрды.

Ашық ресурстардағы деректерде жарияланған, сол уақытта заң шығару саласының басы-қасында жүргендердің айтуынша, Ата Заңды дайындау қаншама қажыр-қайратты қажет еткен. Бүгін ғой бәрі айтуға оңай. Шындығында, бұл елдің ертеңі таразыға түскен сәт екен.

Еліміз 1990 жылдардың басынан алдымен этнократиялық мемлекет құруға ұмтылғаны белгілі. Бұл өзгелердің басты ұлт – қазақтардың айналасына жиналу дегенді білдірді. Ол уақыттарда ұлттық құрылым құру процесі этнократиялық коннотация алған бірқатар заңнамалық құжаттар қабылданды. 1990 жылы 25 қазандағы «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» Қазақстанның түпкілікті мемлекеттік тәуелсіздікке ауысуын сипаттайтын құжат болды. Аталған декларацияда тәуелсіз мемлекеттің, жаңа тәуелсіз қазақстандық мемлекеттің негізгі параметрлері белгіленді, мұның өзі бұл декларацияның қыз­метін «бағдарламалық» ретінде анықтауға мүмкіндік берді.

Демократиялық, құқықтық қазақстандық қоғам, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени құрылымдардың қайта құрылуы туралы негізгі идеялар жинақталған декларациядан кейін елімізде жаңа Конституцияны дайындау басталды. Әйтсе де біз алдымен мынаны айта кеткенді жөн санаймыз. Бұл декларацияда қазақтар мемлекет құрушы ұлт болып саналды да, конституциялық заң қазақ ұлтының өзін-өзі анықтау құқығын заңдас­тырды.

1993 жылғы қабылданған алғашқы Конституцияда Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі қазақ ұлтының мемлекеттілігі ретінде анықталған еді. Алайда, бұлайша этнократиялық өлшем тұрғысынан келу орыстілді өзге ұлттардың елден үдере көшуіне әкеліп соқты. Осыдан келіп, бұл ұлттық түсінік 1995 жылғы қабылданған Конституцияда саяси-аумақтық (территориялды) болып өзгертілді. Мұнда Республиканың субъектісі ретінде қазақстандық ұлт деген түсінік белең алды.

Деректер 1995 жылы көктемде жаңа конституцияны дайындау жұмыстары басталғанын айтады. «Құрамына қазақстандық құқықтанушылардан басқа екі француз саясаткері де кірген Сараптамалық-консультативтік кеңес конституция­ның алғашқы нұсқасын сараптау нәтижесінде оған елеулі өзгерістер жасағанын» көлденең тартады мәліметтер. Содан соң халық талқылауынан өтіп, референдум арқылы өз күшіне енді. Ал, сол «балапан басы, тұрымтай тұсында» дейтін күрделі кезеңде Қазақстан жолы заңдық тұрғыда негізделді. Осылайша, 33 мың ұжымдық талқылауға 3 млн-нан астам ел азаматы қатысты. Яғни, сол кезеңдегі ел тұрғынының бестен бірі. 30 мың ұсыныс, ескертулер енгізілді. 55 бапқа 1100 түзету мен толықтырулар жасалыпты. Бұдан бөлек, 20-дан астам әлем елдерінің Конституция­лары сараптаудан өтіп, қарастырылғаны тағы бар. Соның нәтижесінде бүгінде бас­ты құжат – Конституция қабылданды.

Сол арқылы Қазақстан халқы өз еркімен елді бірыңғай, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітті. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деген ұстанымға қол қойып, қолдау білдірді.

Заңгер, саясаткерлердің айтуынша, Ата Заң қабылданған 1995 жылдан мемлекет жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Жаңа Конституция мемлекеттіктің табиғаты жөніндегі мәселелерді түбегейлі шешті.

Биліктің бірден-бір көзі болып Қазақстанның халқы танылды. Қолданыс­тағы Конституцияда алғашқы рет «Қазақстан — ежелден келе жатқан қазақ жерінде оның халқы тарапынан құрылған мемлекет» екендігі бекітілді. Осы көзқарастың арқасында ұлттық мемлекет идея­сы азаматтық қоғамды құруға және мемлекеттік механизмнің тиімді жұмыс істей бастауына мүмкіндік берді.

Осыдан кейін елде демократиялық институттар жүйесі қалыптаса бастады. Оған Конституцияда құқық берілді. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылатындығы айтылды. Бұл – демократияның алғышарты еді дейді заңгерлер.

Сондықтан да, Конституция күні – қатардағы мереке ғана емес. Оны бүгінгі елдіктің бастау бұлағы деп ұғынған жөн. Әр жүрек бұл күні «Отан!» деп бұлқынып, «Елім!» деп елжіреп тұруы тиіс-ті. Құраннан кейінгі қастерлі кітап – Конституция болуы керек-ті. Санасы ояу, көкірек көзі ашық азаматтар мұны айтпай-ақ түйсінеді…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button