Бас тақырып

Евгений ХИСМЕТОВ, бокстан спорт шебері: «Арысқа атақ іздеп барған жоқпын»

Арыстағы апат салдарын жоюға аттанғандарды меңзеп «қайбір тегін еңбек етіп жүр дейсің» деген сыпсың сөзді де естігенбіз. Еңбекақысы төленсе несі бар, олар да отбасын асырап отырған бір-бір отағасы дейсің де қоясың іштей. Арнайы мемлекеттік органдар тарапынан аз адам жұмылдырылмағаны да белгілі жайт. Сөйтсек, Отан алдындағы парызым отбасы қамынан қымбат деп ерікті түрде аттанғандар да жоқ емес екен. Соның бірі һәм бірегейі – Саран қаласына қарасты Ақтас кентінің тұрғыны Евгений ХИСМЕТОВ.

Мейірімді жүрек иесін бұрын-соңды естіп-білген емеспіз. Оны өзі де қаламаса керек. Жалпы, атаққа ұмтылмайтын адам екені алғаш кездескенде-ақ айқын байқалды. Жүздесіп тұрғанымыз осы болғанымен, көңілде байырғы танысыңды кездестіргендей әсер қалады деп ойлап па едік?! Адамзат баласын алалау дегенді білмейтін көл-дария көңілі, Отанға деген риясыз сүйіспеншілігінен тараған шуақ болар мүмкін. Әйтеуір, сөзіміз жарасып, әңгіме тиегі ә дегеннен-ақ ағытылып сала берді.

«25 маусымда орын алған Арыстағы апатты әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген бейнебаяндардан білдім. Ер-азамат болған соң, ел басына күн тумасын дейміз ғой. Маған сол күн туғандай көрінді. Ойланып жатпадым. Азын-аулақ киім-кешегімді жинадым да, қарызға қаражат тауып, 27 маусымда вокзалға тарттым. Билетке деген ақшамнан бөлек, 10 мың теңгем қалды. Күніне 500 теңгеге ауқаттансам, 20 күнге жетеді деп жоспарладым» деп бастады әңгімесін Евгений Хисметов. Пойызға билет қайдан бола қойсын?! Жолсеріктерге мән-жайды түсіндіріп, тамбурда тұрып жетуге де даяр екенін айтқан. Абырой болғанда, пойыз Балқаштың тұсына жеткенде бір орын босап, Арысқа да табан тіреді. Бірақ, қала әлі ашылмаған. Амалсыз Шымкент қаласының әкімдігіне барып, ерікті ретінде рұқсатнама алуға өтініш жасап еді, мамандар рұқсатнама қажет емесін айтып, Арысқа еркін қатынауға болатынын түсіндірді.

Сөйтіп, Арыстағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде жерлесімізге 1-ші секторда орналасқан Атырау облысының жұмыс тобына қосылуға кеңес берген екен. Аталған жұмыс тобына қосылған Евгений Хисметов алғашында қалалық мешітті паналады. Атыраулықтардың штабы да осында орналасқан. Күндіз бала-шаға бағудан қолы тимеген қариялар мен әйелдер гуманитарлық көмекті алуға кешқұрым келетінін байқаған Евгений осы жұмысқа өзі кірісті. Алғашында он, кейін жиырма үйге күн сайын жаяулап қажетті заттарды үлестірді. Бұдан қалды, аулаларды аралап, кімге қандай көмек керек болса, соған қолғабыс ете бастады. Құрылыс заттарын түсірісіп жүріп, комиссия құрамы «апатттық жағдайда» деп таныған үйлерді бұзу жұмыстарына араласты. Себебі, апаттан ең көп зардап шеккен де осы 1-ші секторы еді.

Жерлесіміздің өз ісіне деген жауапкершілігін байқаған атыраулық фирма басшылығы оны қоймаға жіберді. Бұл – өте жауапты жұмыс. Күніге он үш бригаданың құрылыс материалдарымен үздіксіз қамтылуын қадағалау қажет. Біреуіне артық, біреуіне кем беруге тағы болмайды. Таңғы сегізден басталған тынымсыз тірлік түнгі он бірде тәмамдалар еді. Одан, түнгі екіден таңғы төртке дейін құрылыс материалдарын қабылдау жұмысы тағы бар. Сондай дейміз-ау, тәулігіне небары төрт сағат ұйқы көрген азамат қажыдым, қалжырадым демепті.

Сондағы сарсаңға салған ауыр жұмыс емес – аптап ыстық пен маса. Бір апта бойы ауа температурасы 63 градустан төмендемеген көрінеді. Төмендеді дегеннің өзі – 50 градус. Салауатты өмір салтын ұстанып, қыс мезгілінде өзенге шомылатын азамат өзін морж санайтын еді. Бірақ, ми қайнатқан ыстыққа бірден үйренісе алмады. Түнде күндізгі ыстықтан арылғанымен, денесінде сау-тамтық қалдырмаған масадан құтыла алмай-ақ қойғаны. Cарайда гипсокартон жастанып, полиэтилен жамылса да шыдатпады-ау. «Ақыры, маса жоламайтын жағымсыз иісі бар білезік тағып барып, жаным қалды» дейді жерлесіміз.

«Ыстық пен ауыр жұмысқа төзбегендер де болған шығар?» деген сауалымызға Евгений таңырқап қалды. «Басқа секторларда болса, болған шығар. Бірақ, 1-ші секторда ондай әлсіз жанды кезіктірмедім. Керісінше, олардың еткен еңбегін, қажымас қайратын көріп, отансүйгіштіктің нағыз үлгісі осы ма дедім. Терминаторлар кілең. Оны өздеріне де айттым. Істеген істеріне қарап сүйсіндім. «Араларыңдағы ең осалы мен шығармын» деген кездерім де болды. Оған мен ғана емес, Премьер-Министр Асқар Мамин де таңырқаған еді. Үкімет басшысы қоймаға келіп, қолымды алды» дейді.

Туған жерге, елге деген шынайы махаббат, селкеу түспеген сүйіспеншілік осындай болса керек-ті. Әйелі, үш баласына қарамай, елу күн отбасы, ошақ қасынан аулақ жерде табан етін тоздырып, маңдай терін төкті. Ең бастысы, «Арысқа атақ іздеп барған жоқпын» дейді. «Тіпті, ол туралы ешкімге жариялаған да емеспін. Өздері іздеп-тауып алып жүр ғой. Ең алдымен, әйелімнің, балаларымның, шәкірттерімнің көзіне тік қарай алсам дедім. Сын сағатта бой тасалады демесін. Себебі, Отанға деген сүйсіпеншілікті ісіңмен ғана дәлелдей аласың. Осы күні өскелең ұрпаққа үлгі ете қоятын тұлғалар некен-саяқ. Сахна жұлдыздарына қарап бой түзеңдер дейін десең, олардың да былық-шылығы жетіп-артылады. Ал, шын патриоттар – қарапайым жұмыскерлер» деп түйіндеді сөзін жерлесіміз.

Бокстан спорт шебері атанған Евгений Хисметовтың бұл ерлігі бір мәрте ғана жарқ еткен көңіл ұшқыны емес. Ол – «Арыстан» қайырымдылық қорының жетекшісі. Зағип, мүгедек балаларды спортқа баулып, ішімдік пен жат қылықтарға үйірсек жандарды тура жолға салады. Ендеше, мақтансақ осы Евгениймен мақтанайық, жастарға үлгі етейік. Еңбегіне жеміс, ісіне береке тілейік…

Рауан ҚАБИДОЛДА.

Басқа материалдар

Back to top button