Жуырда аймақтың 8 ауылының малынан бруцеллез ауруы анықталған еді. Осы орайда Абай ауданы, Дубовка елдімекенінде «Халықты ет өнімімен қамтамасыз ету кезіндегі ветеринарлық қауіпсіздік шараларын іске асыру» тақырыбында баспасөз туры ұйымдастырылды.
Деректерге сүйенсек, бүгінгі күні облыста ветеринариялық қызметті «вертикальді жүйе» форматында салаға жауапты басқарма бақылауымен 12 ветеринариялық станция және моноқалалардағы 6 бөлімше жүзеге асырады.
– Жоспарға сәйкес ауылдағы малдарға вакцина салынып, қаны алынады. Жасы 3-18 ай аралығындағы малдарға 3 ай сайын, ал, ересек малдарға 6 ай сайын вакцина егіледі. Тек эпизоотияға қарсы емес, сібір жарасы, дерматит ауруларына да шара қолданылады. Сонымен қатар, вакцина егілген сәтте біз оны бірден VetLab мониторинг пилоттық жобасына тіркейміз. Мал иесі сол жерден анықтама қағазын кез келген уақытта алады, – дейді Дубовка ауылының ветеринар маманы Ерлан Сыздықов.
Қазіргі таңда ішкі сауда объектілерінде (базарларда) VetLab мониторинг пилоттық жобасы бастау алған. Ішкі сауда объектісінде VetLab жүйесі арқылы берілген сараптама актісінен ет сатып алушы QR-код арқылы бастапқы ақпаратты алады. Яғни, онда малдың сырға номері, өнім түрі, жынысы, туған жылы және мекені, иесі, сойылған жері, сараптама актісін берген ветеринариялық зертхананың аты көрсетілген ақпараттар бар.
– Біз ішкі сауда объектісіне келген ет өнімдерін қадағалаймыз. Яғни, ветеринарлық анықтама қағазды тексереміз. Ішкі сауда орындарындағы зертханаға жіберіп, жауапты басқарма бақылауы тексерісті оң деп санаса, сараптама актісі беріледі. Егер барлығы қалыпты болса, сатуға жібереміз, тұтынушы сатушыдан оны көрсетуді талап етуге құқылы. Барлық мәліметтер осы онлайн платформада көрсетілген. Біздің басты міндетіміз – ет сапасын бақылау, жарамдылығын тексеріп, қадағалау, – деді ветеринария басқармасының бас маманы Жасқанат Сейдахметов.
Ішкі сауда объектісінің басшыларына, жануардан алынатын өнімдерді сатушыларға, ветеринариялық зертхана мамандарына Қарағанды қалалық аумақтық ветеринариялық инспекция тарапынан облысымыздағы және республикадағы эпизоотиялық ахуал туралы үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылып, Facebook желісіне жарияланып отыратынын атап өткен жөн.
Бүгінгі күні облыста 1 300 000-ден астам ірі қара, қой малын бруцеллезге қарсы зерттеу қарастырылған. 165 000 ірі қараға вакцина салынды, 860 сиырдан бруцеллез ауруы оң нәтиже анықталды және 15 қой-ешкіден жұқпалы індет табылды. Анықталған малдар санитарлық союға жатады, ол патологиялық өзгеріске ұшырамаса, ет өнімін сатуға рұқсат етіледі. Ал, негізі бұл малдар қайта өңдеуге өтеді, шұжық және басқа да тамақтар жасауға жіберіледі. Қайта өңдеуге жіберілсе, оның 30%-ын өтемақысы Үкімет тарапынан, қалған 70%-ын сол кәсіпорын береді. Жоспар бойынша барлық жұқпалы індеттерге қарсы іс-шаралар жүзеге асырылуда. Айта кететін жайт, еліміздің бірқатар аймағында су тасқынынан өлген малдардың еттері сатылуда деген ақпарат тараған еді. Елімізде жағдай тұрақты, ақпарат шындыққа сай келмейді. Жануарлардан алынатын шикізат пен өнімдер ветеринариялық-санитарлық сараптамасыз сатуға тыйым салынған. Облыс бойынша қазір ешқандай қауіп жоқ, жағдай тұрақты, бруцеллез анықталған елдімекендерде шектеу қойылған.
Сонымен, өңіріміздегі жұқпалы ауруға қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ветеринариялық мамандар аймақтағы барлық малдарға шамамен бір ай көлемінде барлық төрт түлікке вакцина салуды көздеп отыр.
Әлішер СҮЛЕЙМЕНОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті
филология факультетінің ІІ курс студенті