Естелік – өмір айнасы
Арқада әр заманда, әр саладан озық көрсеткіштерге жеткен тұлғалар шыққан белгілі әулеттер болған. Сол әулеттер жайлы жазылған естеліктерді іздесең, таппайсың. Оның себебі – бір адам бас құрап жиыстырып, ұрпағына аманаттамағандығынан. Әулетке арналған кітап шығарудың пайдасы өскелең ұрпақ өзінің тегін танып жүруіне таптырмас құрал, үлкен азық екендігі сөзсіз.
Біздің қолымызға тиген «Әкем-сырласым» атты Шәкәрім Нұрғалиұлының кітабы да әулет жайлы естелікпен қоғамдық өмірдің бейнесі суреттелген ел тарихымен тығыз байланыстырылған құнды дүние екен. Әулет аралық деп шолақ қайыруға келмейді. Кітаптың шытырман да қызықты оқиғаларға толы желісі оқырманға өткен дәуірдің тыныс-тіршілігінен мол мағлұмат береді. Әулетінің тарихын баяндаған Шәкәрім Нұрғалиұлы мықты қаламгер болмаса да, жазу барысында, сөйлем құрауда, ойын жеткізуде, тілінің жатықтығын, турашылдығын аңғардым.
Ешкім де туған-туыс, ағайынсыз емес. Кім болса да, адамнан шығып, адамнан тараған. Сондықтан болар, көп жапырақ-бұтақты, көп тамырлы ағашқа ұқсайды. Туыстар да сол бір түбірден өскен ағаштың бұтақтары тәрізді. Көрген тәрбиесі, алған нәрі, бұрынғыдан қалған мирас-мұрасы, 62 тамыры арқылы тұла бойға тараған қаны бір. Бағзы заманнан-ақ, халқымызда туған-туыстың төсекте жаны, төскейде малы қосылды. Осы тұрғыдан қарағанда да Шәкеңнің шарапатты шаруасына көңіл қуанады.
Екі бөлімнен тұратын кітапта «Арғыннан – Ибрахимге дейін», «Нар болған арғы аталарым», «Дүлей ғасыр», «Ашаршылық», «Соғыс», «Азапта», «Азаттық» және «Студенттік өмір», «Нар жүгін есекке артқанда» сынды дүниелері ақиқаттан алыс кетпей, бүгінге қаз-қалпында жеткізе білген.
Сонымен қатар, «бауыр шырын, бас тәтті, ағайынмен ішкен ас тәтті» демекші, бауырмашылдықтың жылы лебі еседі. Автордың жеке мұрағатында әлі де пайдаланылмаған деректер көп сынды. Оның біразын қолымдағы кітаптан оқи алдым.
Бұл – танымдығы мол, ғибратты кітап. Оқи отырып, өңірімізге қатысты тарихи оқиғалармен таныстырып қана қоймайды, оған қоса, ғасырлар бойы жиналып, сақталған мұраларын келешек ұрпақ игілігіне жеткізе алатын құнды дүниелермен қауыштырады.
Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ.