Руханият

Ескеруге тұрарлық тұлғалар

    Қазақтың әр аймағында есімдері әйгілі киелі жерлер бар. Солардың бірі – Өспен елді мекені. Оның тарихы құнды деректерге толы. Өспен (Нілді кенішінің) көшпелі қазақ өміріндегі тұңғыш ашылған кен орны екені бүгінде талас тудырмайтын шындық.

   Өспен кенішінде қазақтың біртуар азматтары білім алып, бай тәжірибе жинап, мемлекет қайраткеріне айналды, жол ашты. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин осы жерден білім алды. Атақты мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаев өндірістік өтілден өткен, академик Әбілқас Сағынов еңбек жолын бастаған. Сөйтіп, дүрілдеп тұрған өндіріс орны кені таусылған соң жабылды, өмір бағыты басқа арнаға бұрылды.

1964 жылдан мал өсіріп, егін салатын кеңестік шаруашылық орталығына айналды. Өспен кеңшары үш бөлімшеде сүт өндіріп, 14-15 мың гектар жерге бидай, дәнді-дақылын өсірді. Фермаларды кешенді механикаландыру Айғыржал мен Өспеннің басында іске асты. Кеңшардың 1964-1994 жылдар аралығындағы тірлігі бұрынғы Жезқазған облысы бойынша жуан ортадан көрінді. Осы 30 жыл ішінде И.Ладик, Р.Көпбаев, М.Садуақасов директорлық қызмет атқарды. Бұлардың әрқайсысы шаруашылықты тәп-тәуір басқарды. Дегенмен, артына қалдырған іздері жұртшылықтың жадында сақталды ма? Осы тұрғыдан қарасақ, Рашид Көпбаевтың еліне, жеріне сіңірген еңбегі орасан. Оған толық дәлел – Төлеутай Асқаровтың «Тұғыры биік тұлға» атты кітабы. Елге, туған аулына мұра етіп тастап кеткен Рашидтың еңбегін 37 адам естелік арқылы баяндайды. Мысалы, осы кітапқа кірген авторлардың бірі – Шет ауданының бұрынғы әкімі, қазіргі облыстық маслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеровтің «… Рашид Көпбаев 1942 жылы 17 ақпанда бұл дүниеге келген. Өспенде орта мектепті бітірген соң, Қарағанды тау-кен техникумында құрылысшы-техник мамандығын алған. Онан соң өзі оқыған мектебінде пионер жетекші қызметін атқарған, талантының арқасында 1965-1968 жылдарда Жаңаарқа ауданында комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы болады. Сырттай оқып, Ақмола (ол кезде Целиноград) ауыл шаруашылық институтының инженер-механик мамандығын игерген. 1963-1974 жылдары Өспен кеңшарының партия ұйымы хатшысы, 1975-1984 жылдары Өспен кеңшарының директоры. Осы тұста ешқандай қаржысыз Жарық – Өспен және Өспен – Айғыржал тас жолын салғызды. Міне, сол жол ешқандай жөндеуден өтпей, 30 жылдай қызмет жасауда. Қай жұмысқа салса да, іскер ұйымдастырушы бола білді. Рашид Бүркітбайұлы отбасында ардақты әке, абыройлы ата» дегені адал пікір ғой. Сонымен қатар, Еркіндік бөлімшесінің еңбегі сіңген зейнеткері, молдасы Аманжол Серікұлы: «Рашид менен екі жас кіші болса да, даласындай дарқан, еліндей кең тұлға болып дүниеден өтті» деп толғанады.

Зейнеткер Жекен Кәрібайұлы: «Рашидтың тағы бір ұмытылмас еңбегі – саябақтағы қирап қалған бұрышты, профилакторий үйін қайта жөндетіп, осы жерден ауданаралық пионер лагерін ұйымдастыруы. Айғыржал бөлімшесінде соңғы заман талабына сай жабдықталған үлкен мал кешенін (механикаландырылған) салғызуы. Оған Латвиядан асыл тұқымды сиырлар алдырды, жұмыскерлер, сауыншылар үшін сауна, демалыс бөлмелерін ашқызды. Сондай ақ, жаңа типті 2 пәтерлік 5 үй салынды» – деп еске алыпты.

Ал, Өспен ауылының әкімі болған Егінбай Сұлтанұлы: «Менің атыма Рахаңды мәңгі есте қалдыру туралы мәнді мәселе көтеріп, Өспен кешенінің көрнекті бір көшесіне атын беруді сұрап, өздерінің тілегін білдірген өтініштер түсіп жатыр, ол да орынды. Рахаң, ең алдымен, Өспеннің тумасы, әрі көрнекті тұлға, елін алға сүйреген азамат еді. Қарастырып жатырмыз» – деген екен.

Халықтың сұрауы болса, жергілікті жер әкімшілігінің ұсынысы далада қалмайтын шығар. Бүгінге дейін Өспен ауылының көшелері Центральная, Садовая, Школьная сияқты атқа ие. 2017 жылы атағы Қазақстанға әйгілі Өспен кенішінің ашылғанына 170 жыл толады. Осы мерейлі шақта, 1905 жылы қазақ жұмысшыларының көтерілісін бастаған Әлі Байшағыровты қадір тұтып, оған да бір көшенің атын берсек, рухымыз көтерілер еді. Қос тұлғаны ескеріп, көшелерге есімін берер кез келген сияқты.

Бәнсет Салықов,

Қазақстанның еңбегі сіңген энергетигі, Қаражал қаласының Құрметті азаматы.

Жанайдар Қашқынбайұлы,

КСРО жоғары мектебінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button