Жаңалықтар

Ескерткiштер не жайлы сыр бүгедi?

         ҰҒА Академигі, ғылым және техника саласы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор, қатерлі ісікке қарсы отандық «Арглабин» дәрісін ойлап тапқан Серғазы Мыңжасарұлы Әдекеновпен бірнеше жыл бұрын таныстым. Серғазы Мыңжасарұлының Қарқаралыға келген сапарының бірінде оның арғы атасы Жабай жатқан қалың мұсылман бейітіне бардық…
Әлқисса
Қабір басында тұрып Секеңнің арабтың өрме жазуымен жазылған көне ескерткіштерге назары аумасы бар ма?
– Мына ескерткіштердегі жазуларды екінің бірі оқи алмайтыны өкінішті. Тілін түсініп, оқи қалған жағдайда, талай атақты қарқаралылықтың қайда жерленгені анықталар ма еді, кім білсін? Нашар көрінетін көне жазуларды қарындашпен дөңгелетіп қоршап шығатын азаматтарды ұйымдастырып, сен сол жазуларды оқып шықсаң қайтеді? Біз қолдар едік, – деді Секең.
Бұған дейін де талай ескерткіштегі жазуды оқып жүргендіктен, мен қарсы болмадым. Мұндай жұмыстарды қолға алғанда көмегін аямайтын Қарқаралының бірнеше жігітін ертіп, қызметіме кірісіп кеттім. Бұл жолы да ісіміз оңға басты.
Оңға басқаны соншалық, тіпті, газет арқылы Серғазы Мыңжасарұлына алғысымды білдіргім келеді. Секеңнің арқасында өлкетанудың жаңа бағыты ашылды. Туған өлкенің тарихын зерттеп жүрген өлкетанушы ретінде, ескерткіштерді зерттей отырып, өзім үшін көптеген мәлімет алдым. Қарқаралының белгілі азаматтарының қайда жерленгенін анықтап, ұрпақтарына хабардар еттім. Осы шағын мақаламда ескерткіштері табылған кейбір адамдардың өмір жолы, тағдыр-таланы жайында сөз етсем деймін.

Көпес
1905 жылы өмірден озған көпес әрі кен өндірісінің маманы Халиулла Хамитұлы Бекметовтің ескерткішінің төрт қырына да арабтың өрме жазуымен жазу жазылған екен. Байырғы тұрғындардың айтуынша, Халиулла Бекметовтің ескерткіші (көктас) сонау Үндістаннан үш жыл жол жүріп жеткізілген екен. Ал, темір қоршауын Қынабай есімді жергілікті ұста әзірлепті. Марқұмның екі жағында екі әйелі жерленген.  Қарқаралы тұрғындары Халиулла-бай деп атап кеткен азаматтың Латифа Исхаққызы, Хадиша Рафикқызы, Фатима Мұсақызы және Ғайни Шонбайқызы есімді төрт әйелі, Махмұт, Мұхтар, Мугин, Мұхсин, Мәжіт, Масғұт, Гүлнахар, Гүлбахор атты сегіз баласы болыпты. Сонымен қатар, көпес өзінің Ғайни есімді төртінші әйелінің Жақыпбек Смаилов және Рәбиға  Смаилова есімді бірге ере келген балаларын да тәрбиеледі.
Сонымен, Халиулла Бекметов туралы не білеміз? Ол туралы сөз қозғалса, Қарқаралы тұрғындары бірден қала ортасында тұрған оның үлкен ағаш үйін еске алады. Ол үй бүгінгі күнге дейін жеткен. Тіпті, 1849-1953 жылдары бұл үйге ұлы Абайдың ат басын бұрғаны туралы мәлімет жазылған мемориалдық тақта да ілулі. Бүкіл республикаға танымал үй тарих және архитектура екерткіші ретінде мемлекеттің қорғауына алынған. Бұдан бөлек, Халиулла Бекметовтің үйіне Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, Р.Марсеков сынды Алашорданың айтулы өкілдері жиі келген. Жоғарыда айтып өткенімдей, Халиулла Бекметов екінші гильдиялық көпес болды. Семей қаласына, Ресей, Қытай елдеріне аттанатын бай сауда керуендерін жабдықтаумен атағы жайылды. Оның демеушілігімен Санкт-Петербург мешітінің құрылысына қаражат бөлінді. Бірнеше жыл Қоянды жәрмеңкесінің комитетіне мүшелік етті. Тау-кен кәсібімен айналысты. Оған уез бастығы түрмелерге қамқорлық етудің Қарқаралы бөлімшесінің қоғамдық төрағасы мансабын сеніп тапсырды. 1904 жылы ІІ Николай патша оны «Ынтасы үшін» деген жазуы бар алтын медальмен және «Түрме ведомствосына қатысты қайырымдылық көрсеткені және қоғамдық қызметі үшін» атты Анна лентасымен марапаттады. Халиулла Бекметов 1905 жылы 6 мамырда көз жұмды.

Ишандар
Ескерткіштері табылған ишандар туралы айтпас бұрын ишан деген кім екендігіне түсінік бере кеткім келеді.
Сенім бойынша, ишандар Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) тікелей ұрпақтары – қызы Фатима мен оның ұлдары – Хасан, Хұсайын және Мұхсиннен тарайды. Ишан дәрежесіне жету Пайғамбарымыздың барлық ұрпағының маңдайына жазыла бермейді. Бұлар Құранды жатқа біліп қана қоймай, ислам арқылы ғылымның шыңына жетіп, әлемнің құпиясын меңгерген. Олар санаға сыймайтын, ғылыми тілмен түсіндірілмейтін ғажайыптар жасай алады. Бәлкім, ғажайыптар жасаған сәтте олар қоршаған ортаға жанымен де, тәнімен де сіңісіп кететін болуы керек. Мұны Пайғамбарымыздың ұрпағына берілген қасиет деуге де болады. Жанының тазалығымен, таупиқтығымен, шыдамдылығымен ел құрметіне бөленіп, халық оларды әулиедей көрген. Алайда, ХХ ғасырдың қанды-қасап оқиғалары, дінсіздік Қазақстандағы ишандық дәстүрдің үзілуіне әкеліп соқты. Біз тірі ишандарды көрмедік. Олар туралы тек аталарымыз бен әжелерімізден ғана естідік.
Мен тапқан ишандардың үш ескерткіші де екі метрге жуық биіктікке ие. Үшеуі де қатар жерленген. Олар туралы азды-көпті деректер табу үшін көп уақытымды мұрағатта өткізуге, көне жазбалардың мағынасын ашуға тура келді. Бірдеңелер табылып та жатты.
Алғашқы ескерткіш 1898 жылы қайтыс болған Ғабдулғазиз есімді ишанға тиесілі. Оның әкесі Ғазизляр да ишан болған. Ғабдулғазиз ишан мен оның әйелі Бибі Қамиладан Ғабдулмәжіт, Хасан (Хасен), Хұсайын, Ғабдулфаттах, Ғабдулрашид атты бес ұл мен сегіз қыз тараған. Ғабдулғазиз ишанның балалары арасында ең атақтысы – Ғабдулмәжіт қари болды. «Қари» атағы оған Құранды түгелдей жатқа білген соң берілді. Ел арасында оны Мәжіт қари деп атады. Мәжіт қари Қарқаралыдағы татар мешітінің имамы бола тұра арабтың өрме жазуы жазылған таңғажайып ескерткіштер жасай білді (Қарқаралыдағы үлкен бейіттегі көне ескерткіштердің барлығы дерлік осы Мәжіт қаридың қолымен жасалған. Мәжіт қари 1929 жылы өмірден озды).
Ортаңғы ескерткіш ишан Забидолла Ғабдулрахманұлының қабіріне қойылған екен. Бірнеше жыл Қарқаралыдағы Құнанбай мешітінің имамы болған қажы Забидолла ишан 1891 жылы дүние салыпты. Забидолла ишанның қасиетті Құранды жатқа білген белгілі ұрпақтарының бірі – Имам қари Әбішев (1967 жылы қайтыс болған).
Үшінші ескерткіш ишан Әбдісадық Атауллахұлына тиесілі. Айта кету керек, Әбдісадық Атауллахұлы жалғыз ишан ғана емес, сонымен қатар хазірет, шейх болған адам. Оның ұлы Әтей Қарқаралыда тұрған, адамдарды дұғамен емдейтін діндар адам болған деседі. Әтей Әбдісадықұлы 1980 жылы дүние салды.

Ақсүйек
Ақсүйек Баязит Рамазанұлы Мәмлеевтің ескерткішінде араб әріптерімен «Марқұм шенеунік Баязит Рамазанұлы» деп жазылған екен. Ескерткіштегі жазуға сенсек, ол кісі 1897 жылы 80 жасында қайтыс болыпты. Ал, енді бұл азамат туралы мұрағат не дейді? Мұрағат деректері Баязит Рамазанұлының шенеунік болғанын растады. Сонымен бірге, ол деректер бойынша Баязит Рамазанұлы ақсүйек, колледж хатшысы ретінде көрсетілген. 1895 жылы Қарқаралыда оның үйі болған. Қытай, ұйғыр және дүңген тілдерін оқытатын Құлжа мектебінде тілмаш мамандығын игерген (1886 жылғы мәлімет).
Баязит Рамазанұлының бірнеше баласы болыпты. Мұрағатта солардың есімдерін таптым. Олар – Луфтор, Мұстафа, Қасым. Мұрағаттан әзірше осы Қасым туралы деректер ғана анықталуда. Қасым Мәмлеев Қарқаралы қалалық мектебін аяқтап, қаланың қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан. Мысалы, ол 1909 жылы алқаби болып сотқа қатысушы ретінде тіркелген. Құжаттарда Қасым да әкесі сияқты ақсүйек деп көрсетіледі. Сонымен қатар, Қасым Мәмлеев 1 Мемлекеттік Думаға сайлаушы болған (1906 жыл).
Мәмлеев тағдыры қалай өрбіді? Қарқаралыдағы ақсүйектер тұқымы қайда жоғалды? Мен бұл сұрақтарды хатқа жазып, қазір Омбыда тұратын ұстазым Тамара Васильевна Морожниковаға (1927 жылы туған) жібердім. «Біздің көршіміз татар Мәмлеевтер отбасы болды. Отбасымыз олармен достық қарым-қатынаста еді. Үлкенінің есімі Назира болатын. Ол менің есімде. Олардың қасында екі үйі болатын. Қарқаралыдан олар 1932 жылы аштық кезінде көшіп кетті»,– деді қайыра жазған хатында Тамара Васильевна.
Мәмлеевтердің Қарқаралыдағы көне үйлерінің бірі бүгінгі күнге дейін сақталған. Бірнеше жыл бұрын жөндеу жұмыстары кезінде Мәмлеевтердің шағын мұрағаты табылды.
Қажы
Ғұбайдулла Жағфарұлы жай адам емес-тін. Қарқаралы тарихын жақсы білген марқұм Құсайын Әлімбаевтан (1906 жылы туған) сұрап білгенімдей, Ғұбайдулла Жағфарұлы мұсылмандардың қасиетті жері – Меккеге сапар жасап, қажы атанған (оның әкесі Жағфар Яхияұлы да қажы болатын). Сонымен қатар, Ғұбайдулла қажы Қарқаралы маңындағы киелі жерлерді білетін. Ғұбайдулла қажыдан көмек сұрап, түрлі қалалардан ауру-сырқау жандар көптеп келеді екен. Қажы өзі немесе таныстары арқылы келушілерді киелі жерлерге апарып, қона жатып, құран-дұға оқиды екен.
Қажының қасиетті кісі болғанын білген байырғы Қарқаралы тұрғындары ол кісі өмірден өткен соң да үйінің қасынан өтіп бара жатып, дұға оқитындарын айтатын. 2004 жылы Қарқаралыға Алматыдан Ғұбайдулла қажының немересі – Халида апа Фатикқызы (1925-2012 жылдар) келіп, ол кісіден Ғұбайдулла қажының отбасы туралы көптеген тарихи деректерді жазып алдым.
– Менің  Ғұбайдулла атам мұсылмандардың қасиетті жері – Меккеге екі рет сапарлаған қажы еді. Оның екі әйелі болды. Алғашқысы – татар Мағзұм Сейфуллина, екінші әйелі – Шабақ есімді қазақ қызы болды. Өз басым атамды көрген емеспін. Мағзұм әжемді ғана көрдім. Мағзұм әжем Қарқаралыдағы Құнанбай мешітінің бірінші имамы Хасан ахун Сейфуллиннің қызы болатын. Кейін менің атам да сол мешіттің имамы болды деп еститінмін. Бірақ, өзге жай-жапсарын білмеймін. Атамның бірінші әйелі қыз туа берген соң екінші әйел алған екен. Шабақ ол кісіге Мәжіт есімді ұл сыйлады. Бірнеше ай өткен соң бірінші әйелі де оған менің әкемді – Фатиха есімді ұлды сыйлапты.
Ғұбайдулла қажы 1918 жылы дүние салды. Ол кісінің жолын тікелей ұрпағы Руслан Фатиков жалғады. Ол да өзінің атақты бабасы секілді адам емдеді. Қазір ол білікті дәрігер. Израиль елінде тұрады.

Болыс
Бір қызығы, Әуесбай Қияқовтың бейітін оның ұрпағы Қарқаралыға келгеннен кейін таптым. Әуесбай Қияқовтың немересі Қуаныш Ысқақов атасының туған жерін көру үшін Приозерсктен арнайы Қарқаралыға келіпті.
Мұрағат деректеріне сүйенсек, Әуесбай Қияқов Абыралы болыстығының болысы болған екен. Сонымен қатар, Қарағанды облысының Мемлекеттік мұрағатында мынадай деректер таптым. «Қарқаралы уезіне айдалғандар» құжатында «Қарқаралылық жазушы Әуесбай Қияқовқа қандай себептер бойынша бақылау жүргізілгені белгісіз. Семей облысы әскери губернаторының бұйрығына 1901 жылы 3 шілдеде қол қойылған. 25 тамызда Ә.Қияқов Қарқаралыға келді. Мұнда оның екі үйі бар еді. Әуесбай Қияқовтың тегі екі үйі бар тұрғын ретінде сайлау жиындарында дауыс беруге құқылы «Семей облысының ведомостволары» беттеріндегі тізімде жиі кездеседі» делінген.
Осы мұрағат құжатынан Әуесбай Қияқовтың жазушы болғанын түсінеміз. Болашақта ол кісінің еңбектері табылады деп үміттенемін.
Әуесбай Қияқов Қарқаралы қаласының қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан. Мысалы, 1912 жылы Әуесбай Қияқов алқаби ретінде тіркеледі.
Ескерткішінде (көктас) Әуесбай Қияқов 1913 жылы 14 желтоқсанда 65 жасында өмірден озған деп араб өрімімен жазылған.
…Таңғаларлығы, осы мәліметтердің барлығын ескі бейіттердегі ескерткіштердің жазуын қалпына келтіріп жинақтадым. Араб өрімімен жазылған осынау жазбалардың астарында қаншама адамның, ұрпақтардың тағдыр-таланы, тарихы, қайғысы мен жетістіктері жасырынған. Тағы да қаншама сыр бүгіп жатыр десеңші…

Ерлан МҰСТАФИН,
Халықаралық Жазушылар
одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button