Есірткімен күреске екпін береді
Елімізде есірткіге тәуелділер саны ресми мәліметтерден бес есе көп екенін айтады сарапшылар. Бұған елімізде жыл басынан бері заңсыз айналымнан тәркіленген сегіз тонна есірткі дәлел болса керек. Одан бөлек, 24 есірткі зертханасы таратылып, 765 өткізу фактісі тоқтатылған. Ал, өңірдегі деректерге жүгінер болсақ, биыл облыстың полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі өткізетін арнаның жолын кесіп, тұтас бір плантацияны жойған. Нәтижесінде 600 грамм синтетика мен 7291 түп қарасора, алты қап кептірілген марихуана жойылған.
Есірткіге қарсы күресті жандандыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс» деген болатын. Үкіметке нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуге тапсырма берген.
Жуырда Үкімет нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжат 2023-2025 жылдарға арналған. Кешенді жоспар елдегі есірткінің қазіргі жағдайына талдау жүргізіле жасалғанын хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі. Бұл ретте нашақорлықпен және есірткі бизнесімен тиімді күресу үшін қажетті бірінші кезектегі шаралар мен қазіргі әлемдік есірткі саясатының ерекшеліктері ескерілген. Жоспарды әзірлеушілер психоактивті заттардың жаңа түрлерінің пайда болуын, есірткіні өндіру, тасымалдау және тарату тәсілдерінің өзгеруін, есірткі сатушылар қолданатын жаңа тарату әдістерін де қарастырған.
– Құжат сараптамалық ортада және түрлі пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланды. Оның басты мақсаттарының бірі – нашақорлықтың алдын алу сапасын арттыру және жалпы нашақорлар санын азайту үшін қоғамның, азаматтық институттардың, барлық мемлекеттік органдардың күш-жігерін шоғырландыру, – деп айтылады хабарламада.
Жоспар табысты жүзеге асса, 2050 жылға дейін Қазақстанда есірткі тұтынушылар мен есірткіге тәуелді кәмелетке толмағандар саны азаяды. Бұл үшін бюджеттен 53,1 млрд. теңге бөлінеді.
Кешенді жоспар қабылданғаннан кейін облыстың полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері де жыл сайын есірткі дайындау мен оны өткізудің түрлі құйтырқы жолдарын табатын қылмыскерлер, есірткі қолданушылар да, оны айналымға шығарушылар саны да азаяды деп отыр.
Мәселен, еліміз бойынша жыл сайын өткізілетін «Қарасора» арнайы операциясы барысында полиция қызметкерлері үйінде қарасора өсіріп отырғанын мойындаған ер адамды ұстады. Оның тұрғылықты жеріне келгенде құрамында есірткі бар өсімдік өсіретін фитозертхана анықталған. Нәтижесінде, каннабис тұқымын, 28 ыдыстағы өсімдік бұталарын, таразы, каннабисті өсіруге арналған нұсқаулықтары бар үш кітап, өсімдікті ұрықтандыратын заты бар 40 ампула, ультракүлгін шам тәркілеген. Сараптама нәтижесі 28 ыдыстағы өсімдіктің қарасора екенін анықтады. Үйінен фитозертхана жасаған ер адамға Қылмыстық кодекстің 300-бабы, яғни, «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша айып тағылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Ал, жоғарыда айтқан 7291 түп қарасора мен алты қап кептірілген марихуана Шет ауданындағы ауылдың бірінен табылды. 62 жастағы Шет ауданы тұрғыны үйінің ауласында қарасора өсіріп, кептіріп, оны қорасында сақтаған.
Облыстың полиция департаментінің баспасөз қызметі есірткіге қарсы күрестің қалай да нәтижелі болатынын айтады. Мәселен, 2022 жылы есірткі мен улы заттардың заңсыз айналымына байланысты 261 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 24,6%-ға төмен.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz