Облыс әкімі

Есімдері, ерліктері – жадымызда

Ұлы Жеңіс және Отан қорғаушылар күні қарсаңында облыс әкімі Ерлан Қошанов «Ариста» мейрамханасында аймақ ардагерлерін қабылдап, ерекше құрмет көрсетті.

Құрметті ардагерлер! Сіздер – бүгінгі күннің батырлары, халық қаһармандарысыздар. Сіздер біздің тарихымызды жасаушыларсыздар. Сіздер әкелген жеңістің арқасында мемлекетіміз, жеріміз, шекарамыз аман қалды. Егемендігіміз, бүгінгі бақытты өміріміз, еліміздегі бейбітшілік, Сіздердің ерліктеріңіздің арқасында. Сіздерден кейінгі ұрпақтар атынан, қарағандылықтар атынан сіздерге зор денсаулық тілеймін. Нағыз құрметке лайық – сіздерсіздер. Әр жыл сайын өздеріңізбен кездесу бақыты бұйыра берсін деп тілеймін, – деді құттықтау сөзінде аймақ басшысы.

Қабылдауға келген cоғыс ардагері Қамали Дүйсембеков салтанатты кешке қатысып отырған майдандастарын құттықтап, соғыс жылдарындағы естеліктерін айтты, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір тіледі.

Биыл құрылғанына 25 жыл толған Қарағанды облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Ардақ Қуқатов жеңімпаз ұрпақ өкілдерін мерекемен құттықтап, лебізін білдірді:

«Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері! Сіздерді шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл – ең қасиетті, ең даңқты мереке болмақ. Бауыры бүтін адам жоқ. Соғыс жылдарында туғанын, туысқанын жоғалтпаған отбасы болмады. Елге келгеннен кейін де Сіздер еліміздің саяси-экономикалық жағдайын көтеруге ат салысып, тынымсыз еңбек еттіңіздер. Бүгін сол бейнеттің зейнетін көрудесіздер.

Құрметті ардагерлер! Бізге ақылшы болып, арамызда жүре беріңіздер! Сіздерге зор денсаулық тілеймін, еліміздің аспаны әрдайым ашық болсын!» – деді ол.

Жеңіс лентасы және қолында гүл шоқтары бар ардагерлер, мерекеге қатысушылар бір минут үнсіздікпен қайтып келмес, бірақ тарих беттерінде мәңгі қалған, қаза тапқан батырларды еске алды.

Жалпы, Қарағанды облысында 184 соғыс ардагері болса, мерекелік шараға қатысқан қырыққа жуық ардагер қиын жылдарды еске алып, соғыс уақытындағы естеліктерімен бөлісті.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button