Жаңалықтар

Есімде қалған өшпес із

Марал ағамыз Сайдалы-Олжа руының ішінде ауыз толтырып мақтаныш тұтатын азаматтарымыздың бірі болды. Жас кезімде үйге ағайындардың үлкендері жиналған кезде ол кісі туралы түрлі мақтау айтып, тілге тиек етіп отырғандарын талай естідім. Әрбір рудың адамдары өздерінен шыққан жақсыларын алға тартып отыратын әдеті емес пе? Неге олай болғанын білмедім, сол Олжа бабамыздан тараған ағайындар Жаңаарқаның РТС (ремонтно-тракторная станция) деген жерінде шоғырланып бір аумақта тұрды. Атасу кентінің батыс жағы. Бір-бірімен көрші-қолаң, қоралас болды. Содан болар, бір-бірлерін жиі қонаққа шақырып, ұйымшылдық танытатын. Әдемі кештерді бірге өткізетін. Кейін елдімекеннің тұсымен Ертіс каналы салынып, басшылары осы жерде болғандықтан «Ертіс-Каналстрой» деп атап кетті. Менің балалық шағым осы «РТС» деген жерде өтті.

Сурет автордан

Маркен ағамыз «Жаңаарқа», «Новая степь» газеттері редакциясында қызмет етті. Ол уақытта мен Н.Крупская атындағы мектептің оқушысымын. Ағамыздың жұбайы Рымбала Кенжебайқызы маған физика, химия пәндерінен сабақ берді. Жеңгеміздің шәкірті болдым.
Ағамыз 1973 жылдан бастап жаңадан құрылған ауданның «Ақадыр таңы», «Агадырская новь» газеттерінің бас редакторы болып тағайындалды. Сонымен бір ауданның тұрғындары болып кеттік. Мен «Көктіңкөлі» кеңшарында (совхозында) комсомол секретары болып қызмет еттім. Жұмыс бабымен ауыл жастары туралы жиі мақала жазып тұрамын. Орыс тілінде. Мақалаларым ешбір кедергісіз газет бетінде жарияланып жүрді. Сол кезде ағамыз «сенің қаламыңның қарымы бар, тоқтамай жаза бер» деп кеңес беретін. Осы сөздері маған ерекше шабыт беріп жүрді.
Редакция басшылары жыл сайын аудан орталығы Ақадыр кентінде 5 мамыр – Баспасөз қызметкерлері күніне орай салтанатты жиналыс ұйымдастыратын. Соңы дәстүр бойынша спорт түрі жеңіл атлетикадан кросс жарысы жалғасын тауып жататын. Мерекеге орай штаттан тыс тілшілерге марапаттау рәсімі болғанда, мен де түрлі грамота мен бағалы сыйлықтарын алып жүрдім. Бір жағынан ағамыздың бір бүйрегі бұрып жүрді ме, әйтеуір ол кісінің уақытында газеттің жылда үлкен жанашыры атанып, марапаттан тыс қалып көрмеппін.
Сол кездері аудандық газетте Айтақын Жексенбаев, Төрехан Майбас, Елена Теткина, Шыныбек Смағұлов, Ізбасар Қабдырахманов, ақиық ақын Свет Оразаев, Амандық Рахұлы, тағы басқалар қызмет атқарады.
1981 жылы мен Ақадыр аудандық комсомол комитетінің аппаратына ауысып келдім. Бас кезінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып, кейін екінші хатшы болып сайландым. Сол уақытта қызмет бабымен редакциямен көп араластым. Аға-жеңгеміздің үйінде де жиі болып жүрдім. Ол үйдегі анамыз Әлкен апа үйлеріне шақырып алатын. Қашан барсаң да, үй-іші толы қонақ. Ол кісінің айналасында мәз-мейрам болып кешті көңілді өткізетінбіз.
Әлкен анамыз – жас шағында Жаңаарқа өңірінің ауыл әйелдері қозғалысының белсенді мүшесі болған, «ауылнай» болып ел басқарған адам. Қарағанды облысының атынан қазақ әйелдерінің республикалық съезіне делегат болып қатысқан. Жүріс-тұрысы ширақ, қимылы шапшаң, сөзге шешен кісі болды. Ұлын – Марал ағамызды ерекше жақсы көретін. Стол басында отырғанның өзінде баласын аналық мейірімімен баурап, оны мақтаудан жалықпаушы еді. Анасы мен баласына қызыға қарап отыратынбыз. Осындай анадан тәрбие алған бала қайдан жаман болады?! Әлкен Оспанова анамыздың құрметіне Жаңаарқа ауданы орталығының бір көшесіне есімі берілген.
Аудандық партия комитетінде қызмет істеп жүргенімде, Марал ағамыз бюро мүшесі болды. Бюро отырысы жиі болып тұрады. Ауданның жоғарғы органы болып саналатын отырыстарда ол кісі өзінің тың ұсыныс-пікірлерін, ойларын білдіріп отыратын. Жалпы ол кісі басқарған аудандық газет елдімекендерде болып жатқан жаңа өзгерістерін, еңбек табыстарын, жетістіктерін көрсетіп, елдің мұң-мұқтажын, тұрмыс-тіршілігін баспасөз беттерінде батыл жариялап отыратын. Аудан көлемінде орын алған кемшіліктер де газет бетінде жарияланып, сыни мақалалар да журналистердің көзімен сипатталып, фельетондар, сықақ очерктер мен әңгімелер жиі шығып тұрады. Ағамыздың өзі де шығармаларын оқырмандарына көптеп ұсынып отырды.
Марал ағамыз кейін Ақадыр аудандық газетінен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторының орынбасары болып ауысып кетті. Зейнеткерлікке шықса да, өмірінің соңына дейін аудармашылықпен айналысып келді. Сол еңбектерінің арқасында қарымды қаламгер, танымал публицист, елімізге белгілі аудармашы атанды. Әлемнің атақты жазушылары Пауло Коэльоның «Алхимик», Альберт Камюдің «Молчание», Теодор Драйзердің «Во тьме» секілді тағы басқа әлем классиктерінің еңбектерін ана тілімізде сөйлетті. Көзі кетсе де, ағамызды жоқтатпай жеңгеміз, менің мектептегі ұстазым Рымбала Кенжебайқызы ол кісінің ісін жалғастырып, оқырмандарға ағамыз аяқтай алмай кеткен жаңа аудармаларын ұсынуда. Мұны білетінім, әредік ағамыздың аударма еңбектері авторлық сыйлығы ретінде менің қолыма да тиіп отырды.
Марал – Маркен ағамыз көзі тірісінде Ақадырдан кетсе де, жеңгемізбен бірге жиі ауылға келіп жүрді. Өйткені, бұл жақта ол кісілердің тұла бойы тұңғышы, қыздары Тоғжан Маралқызы тұрады. Бір кездері Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің директоры қызметін абыроймен атқарды.
Кентімізге бір келгенінде, тура Жаңа жылда, яғни 1 қаңтар күні біздің үйге келді. Қастарында күйеу балалары Қайырберлі бар. Аға-жеңгемді қуана қарсы алдым. Көптен көрмегем, інілік сағынышым да бар. Үйден дәм татып, әңгіме айтып көңілді, жақсы отырдық. Әсіресе, ағамыз шат-шадыман көңілде болды. Асқа бата бергенінде көзінен жас ыршып түскенін байқап қалдым. Шын көңілімен, ағалық ниетімен батасын берді. Бұл кездесуде ол кісіні соңғы рет көруім екен…
Міне, рулас ағайыным, рухани замандасым болған Марал Хасеновтің тұлғасы менің есімде осы күйінде қалыпты. Өзінің жарқын өмірімен менің санамда өшпес із қалдырды.

Қалижан БЕКҚОЖА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button