Жеңістің 79 жылдығына арналған салтанатты жиын Шет ауданы орталығының «Мәңгілік алау» ескерткіші алаңында өтті. Аудан әкімі Мұхит Мұхтаров бастаған ел ағалары, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысып, соғыста қаза болғандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Жиналғандар майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, аруақтардың рухына құран бағыштады. Мерекелік жиында аудан басшысы Мұхит Мұхтаров жұртшылықты өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың мерекесімен, бейбіт өмірді сыйлаған ардагерлерді құттықтады. Бұдан кейін жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.
Сонымен қатар, осы күні аудан әкімдігінің өкілдері бірнеше тыл және еңбек ардагерінің үйлеріне барып, сыйлықтар табыстап, құрмет көрсетті. Солардың бірі – бүгінде тоқсан жастағы Ермек Байжанов ақсақал. Соғыс кезеңінде тылда еңбек етіп, бейбіт заманда да еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосқан Ермек ақсақалдың өмірі – өнеге мен тағылымға толы. Бүгінде өмірлік жары, алтын алқа иегері Дариға әжемен бірге ұл мен қыз өсіріп, немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
– Ауыр күндердегі адал еңбектері үшін басымызды иіп, алғыс айтамыз. Қарияларымыздың қатары сиремей, үлкендеріміз аман-есен ортамызда жүре берсін! Ауыр күндердегі адал еңбектеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс білдіреміз! Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек. Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір мен бақ-береке тілейміз! – деді аудан әкімі Мұхит Мұхтаров.
Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы