Ресми

«Ешбір ана назардан тыс қалмайды»

Облысқа жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Қарақат Абден келді. Маңызды жүздесуге «Ауыл» партиясы Қарағанды облыстық филиалының, Қарағанды облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның және қалалық отбасын қолдау орталығының өкілдері ұйытқы болған.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Іс-сапары барысында Қарақат Жақсылыққызы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қабылдауында болып, әрмен қарай биыл ақпан айында есігін айқара ашқан қалалық отбасын қолдау орталығына бас сұқты. Бұл мемлекеттік орталықтың штат саны 29 адам болғанымен, мұнда әлеуметтік жұмыс жөніндегі облысқа белгілі кәнігі мамандар, заңгерлер, психологтар, теолог, наркологтар қызмет атқарады.

– Халық қалаулысы ретінде аймақ-аймақты ұдайы аралап жүремін. Осы тәріздес орталық қазірде әр өңірде бар. Бюджет бүйірінен ұқсас көлемдегі қаражат бөлінгенімен, іс жүзінде ахуал – әрқилы. Бұл орайда облыс басшылығының еселі еңбегін атап өткен абзал. Әлеуметтік мәселелер ең маңызды дүние. Мұны естен шығармаған дұрыс. Несін жасырамыз, өзім де – көпбалалы анамын. Аналар әредік баласын дамытатын заманауи орталыққа апарғысы келеді. Ақыл-кеңес алғысы келеді. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық қайдан келеді?! Өйткені, біз тәрбиенің талбесіктен екендігін «ұмытып» барамыз. Рухани өзегі мықты отбасы ажыраспайды. Сосын, қордаланған мәселенің дені ауылдық жерде жасырынып жатыр. Сондықтан, қай іс болсын, сапалы атқарылса, ол шаруаның ғұмыры ұзақ, негізі берік болмақ. Мақсатым да алдымен қарапайым халықтың көкейін күпті қылған сауалдарын тыңдап білу еді, – деп қайырды Қарақат Жақсылыққызы.

Орталық ювеналды сотпен бірлескен жұмысты жүзеге асыра отырып, әлеуметтік қолдау шараларын анықтау, әрмен қарай ауыр жағдайдағы отбасыны тәуекел аймағынан шығару, психология, құқық, медицина және жұмыспен қамту саласындағы мамандарды тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. Мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу ісін жүзеге асырады.

– Аналар қауымы әлдеқандай көмек пен кеңеске зәру кезінде бұрынғыдай әр мекемені бір жағалап жүрмей, көп істі бір нүктеде тәмамдарлық қауқары бар осы орталыққа жүгіне алады. Шыны керек, қызметін енді бастағанымен, аталған мемлекеттік мекемеге әйелдер қауымының артар сенімі мол. Заңдық, психологиялық әрі мемлекеттік қолдаудың көбісі осы жерде орталықтандырылған негізде іске асады. Мемлекеттік бағдарламалар да осында жүзеге асып жатады. Яғни, бір терезе қағидаты бойынша жабдықталған заманауи орталық ел үмітін ақтайды деген сенім кәміл, – деді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі комиссия­сы төрағасының орынбасары Айжан Қиясова.

Орталықтың қызметімен танысқаннан кейін Мәжіліс депутаты жаңадан ашылған «Кәусар» оқушылар сарайының тыныс-тіршілігімен танысты. Мұндағы кездесуге «Ауыл» партиясының өкілдері, Қарағанды облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшелері, облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, көпбалалы аналар, әйелдер қанатының көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Кездесуге қатысушылар пікір алмасуға және оларды толғандыратын мәселелер бойынша түсініктеме алуға мүмкіндік алды.

Мәжіліс депутатының пікір­інше, ауыл әйелдерінің білім деңгейін көтеру қажет. Шалғайдағы әйел атаулы көбіне өз құқығын білмегендіктен, һақын қай жерде қорғай алатынын түсінбей жатады. Сондықтан, ең алдымен, ақпараттық жұмысты күшейту керек. Нақты алгоритм беру, қайда бару керек және қандай да бір жағдайда не істеу керектігін түсіндіру амалдары кемшін болмауының мәні терең деп санайды Қарақат Жақсылыққызы.

– Халық әр баланың дамуы үшін қолайлы жағдай болғанын қалайды. Ендігіде кез келген мәселені шешу деңгейінен оның алдын алу деңгейіне өту қажеттігі сұранып тұр. Яғни, профилактикалық және идеологиялық жұмыс лайықты деңгейде жүргізілуі маңызды. Ешбір әйел назардан тыс қалмауы керек. Білесіздер, қоғамда сан алуан пікірлер легін туындатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заң қабылдадық. Ауыл-аймақта қиындыққа тап болған отбасы өз депутатын білуі және оған жүгіне алуы керек. Ең болмағанда кеңес алу үшін қоңырау шалуға болатын байланыс орталықтарын ұйымдастыру қажет, – деп қосты депутат.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button