Ерте анықталған дерт асқынбайды
Қараша – өкпе қатерлі ісігі жайлы хабардар болу айы. Өкпе қатерлі ісігі еш белгісіз өтеді. Науқас білмей де қалуы мүмкін. Көптеген науқастар аурудың алғашқы белгілеріне мән бермей, әбден асқынған үшінші, төртінші сатысында келетіндері рас. Сондықтан да, мамандар еш жерің ауырмаса да, тексеріліп тұруға кеңес береді.
Қарағанды қаласының №3 көпбейінді ауруханасының амбулатория-емханалық қызметінің басшысы Анатолий Красноженнің айтуынша, өкпе қатерлі ісігінің бастапқы кезеңдерінде еш шағым болмайды.
– Ұзақ уақыт темекі тартатын адамдарда жөтел болуы мүмкін, болды. Адам өз ағзасында қатерлі ісік жасуларының пайда болып жатқанын, көбейіп жатқанын сезбейді де. Сондықтан да, денсаулығы жақсы болса да, медициналық тексерулерден өтуге уақыт табуы керек. Флюорография немесе рентгеногрфия өкпеде қарайғандарды көрсетеді. Егер ондай дақ анықталса, бұл науқастар динамикалық бақылауға алынады, 3-6 ай сайын КТ өтіп тұруы керек. Бүгінде компьютерлік томографияның аз дозалы түрлеріне мән беріліп жатыр. Ал, флюорографиямен тұрғындар 100 пайыз қамтылуы керек. Бұл әсіресе, 50-ден асқан адамдар үшін маңызды, – деді дәрігер.
Айта кету керек, диагноз дер кезінде қойылған жағдайда хирургия, сәулелік терапия, дәстүрлі химиотерапия, мақсатты және иммунотерапия сияқты заманауи емдеу әдістері науқастың өмірін ұзартып қана қоймай, сонымен қатар, оның сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Дегенмен, өкпенің қатерлі ісігінің алдын алудың басты әдісі – темекі шегуден, оның ішінде, пассивті темекі шегуден бас тарту. Құрамында никотині бар өнімдердің кез келген түрі қауіпті. Кәдімгі темекілер де, вейптер да, электронды темекілер, кальяндар, әртүрлі темекі жылытқыштары және басқалары қауіпті. Өкпенің қатерлі ісігінің пайда болуы себебіне мамандар тұқым қуалаушылықты, ауаның ластануын, зиянды өндірістегі жұмыс, өкпенің созылмалы ауруларын жатқызады. 50 жастан асқан адамдарда өкпе қатерлі ісігінің пайда болу қаупі артады.
Ауру жайлы хабардар болу – өз денсаулығына көңіл бөлу деген сөз. Өкпе қатерлі ісігі жайлы хабардар болу айында түрлі акциялар, шаралар, тексерулер ұйымдастырылады. Мәселен, қазан айында сүт бездерінің қатерлі ісігі жайлы хабардар етуге бағытталған бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, «Өмір сыйла» қайырымдылық қоры сүт бездерінің қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдерге кеңес беру үшін құрылған. Үш жыл ішінде қор көмегіне осы дертке шалдыққан 50-ден астам әйел жүгінді.
– Қор барлық емін алып, ремиссия жағдайындағы әйелдерге көмек береді. Алдағы уақытта қыз-келіншектерден бөлек, олардың отбасыларына да психологиялық көмек беретін жобаларды жүзеге асырмақ ниетіміз бар. Себебі, бұл отбасындағы бір адамның ғана дерті емес. Сондықтан, бүкіл отбасы «ауырады». Мұндай кезде психологиялық көмек пен жақындарының қолдауы өте маңызды, – дейді қайырымдылық қорының құрылтайшысы Марина Бошель.
Қордың ұйымдастыруымен онколог, мамолог, медициналық қызметкерлер қатысқан семинар, сондай-ақ, қайырымдылық марафоны өткенін де айту керек. Шара сүт безінің қатерлі ісігімен ауырған немесе қазір емделіп жүргендерге арналды. Бұл қатерлі ісік мәселесіне қоғам назарын аудартуды көздеді. Себебі, сүт бездерінің қатерлі ісігі – Қазақстандағы әйел адамдар арасындағы ең көп таралған түрі. Бір қауіптісі – ауру жасарып келеді.
Жалпы, аурудың пайда болу себептерін тап басып ешбір маман айта алмайды. Алайда, барлық мамандар ерте анықталған қатерлі ісіктің кез келген түрі жазылатынына сенімді. Қарағанды облысында өткен жылы 459 әйел адамда сүт безінің қатерлі ісігі анықталған. Олардың көпшілігі бастапқы кезеңде анықталғаны қуантады. Дегенмен, асқынған кезінде медициналық көмекке жүгінген 63 адам қайтыс болған. Сондықтан, әр адам өз жай-күйін, денсаулығын бақылап, қандай да болса өзгерісті байқаса бірден дәрігерге көрінгені дұрыс. Бұл ең әуелі өзіне керек.
Өткен жылғы дерек бойынша Қазақстанда 218 213 адам динамикалық бақылауда. Былтыр жаңадан 41 мыңнан астам науқас тіркелген. Қайтыс болғандар саны – 12 920 адам. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының деректеріне сүйенсек, қатерлі ісіктен қайтыс болғандар саны жыл санап азайып келеді, ал, жаңадан анықталатын науқастар көбеюде. Десе де, онкологияда дерт анықталғаннан кейінгі 5 жыл өмір сүру көрсеткіші маңызды саналады. Бұл дерек бойынша артып келеді. Мәселен, жатыр мойны қатерлі ісігінен кейінгі өмір сүру деңгейі 88,9%-ға, сүт бездерінің қатерлі ісігінен кейін өмір ұзақтығы 92,4%-ға, колоректальды обырмен өмір сүру 60,4%-ға өскен. Мұндай көрсеткішке жету үшін диагноз ерте қойылып, емді кешіктірмеу керек. Ауырмаған одан да жақсы.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz