Ерсін МҰСАБЕК: “Біз тәуелсіз қоғамдағы тәуелді баспасөздің жауынгеріміз”
Өздеріңізге мәлім, биыл өңіріміздің басты басылымы «Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл. Осыған орай, газеттің Бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Ерсін Кәрібайұлы МҰСАБЕКПЕН сұқбат құруды жөн көрдік. Мархабат!
– Ерсін Кәрібайұлы, Сіз басқаратын аймағымыздың басты басылымы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің жарық көргеніне – 90 жыл. Тарихы терең газеттің форматы да өзгергенін білеміз. Тың жобалар да көңіл қуантады. Басқа да қандай жоспарларыңыз бар?
– «Ortalyq Qazaqstan», бұл – тарих, бұл – дәстүр, бұл – мектеп. Ең әуелі, бұл басылым – Арқадағы қазақ баспасөзінің қарашаңырағы. Іргесі ХХ ғасырдың ойранды отызыншы жылдарында қаланған ата басылымның өзіңіз айтқандай терең тарихы, бай дәстүрі бар. Кешегі Ғабиден Мұстафин, Сәттар Ерубаев, Әлжаппар Әбішов сынды ұлылардың қол таңбасы қалған газеттің әр жылдардағы тігіндісінде батпандай аманат жүгі жатыр. Одан берідегі уақытта басылымның батпандай жүгін арқалап, жеке мектеп болып қалыптасуына орасан еңбек сіңірген аға буынның рухы алдындағы парыз салмағын парасатпен бағамдау міндеті тұр біздің мойнымызда. Газетті маған дейін 22 редактор басқарған екен. Мен – 23-ші редактормын. Олардың әрқайсысының өзіне тән ұстанымы, қолтаңбасы, талабы болды. Сол 22 түрлі ұстаным мен талапты 90 жыл бойы үзілмеген дәстүр жалғап тұр. Биылғы мерейлі жылдың алғашқы санында жазған оқырманға арнау сөзімнің тақырыбын «Өзгеріс ескіні жоққа шығару емес» деп айдарлаған едім. Бұл мақсаттың астарында әлгінде айтқан аманатқа адалдық таныту пейілі жатқаны белгілі болса керек.
Иә, біз өзгердік. Біз емес, қоғам, заман талабы өзгерді. Сіз айтып отырған форматтық өзгеріс – уақыт талабы. Тың жобаларымыз да – оқырман талғамына бейімделу. Өйткені, біз «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ғана емес, нарықтың өніміне айналып барамыз. Ал, сұраныс талғаммен жасалады. Бұл жерде уақыттың да, оқырманның да талабы ескерілуі шарт. Сондықтан, өзгерісті жатырқамай қабылдауымыз керек. Әрине, баспа өнімдері жаңалық тарату шапшаңдығы бойынша, цифрлық медианың шаңына ілесе алмай қалды. Оны мойындауға тиіспіз. Ендігі талап, оқырман сұранысына орай, талдамалық-сараптамалық материалдарды, тарихи-танымдық дүниелерді жиі жариялау қажеттілігі туып отыр. Алдағы уақытта газеттің мазмұндық сипатын осы бағытқа ойыстыру мақсатымен бетпе-бет келіп отырмыз.
– Тағы бір қуанышты жаңалық – Мағауия Сембай атындағы қор. Қордың жас журналистерге берер көмегі мен қолдауы қандай? Мақсаты не? Қаржы мемлекет тарапынан бөлінген бе, әлде, демеушілер дем берді ме?
– Мағаш ағамыз – кешегі Рамазан Сағымбеков, Тілеухан Жүсіпов, Рымқұл Сүлейменов, Нұрмахан Оразбеков сынды баспасөз баһадүрлерінің алдын көрген, солардың үміт-сенімін ақтаған қабырғалы қаламгер, қажырлы қайраткер. «Орталықты» 22 жыл басқарды. Тіршілігінде талай жас журналистерді қанаттандырып, қаламын қалыптастырды. Шарапатын тигізіп, қамқорлығын аямады. Бір өзі Арқа журналистикасының бір дәуіріне, дара мектебіне айналған тұлға екенін осы төңіректегі қалам ұстаған қауымның бәрі біледі. Мойындайды. Бұл қорды құрудағы негізгі мақсат – Мағаш ағамыздың сол шарапатты ісін жалғастыру. Көзінің тірісінде жасай алмаған жақсылығы мен тигізе алмаған шапағатын Сембаевтың шәкірті болу бақыты бұйырмаған кейінгі жастар сезінсе деген ниет. Ал, қорды қаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, біз өңірдегі руханиятқа жанашыр, Атымтай-Жомарт демеушілерге арқа сүйеп отырмыз. Қазірдің өзінде қомақты қаржы бөлуге ниет танытып отырған азаматтар баршылық. Түскен қаржыны қордың аты айтып тұрғанындай, журналистерді қолдау мақсатына жұмсайтын боламыз. Оның ішінде, шығармашылығын қолдаудан бастап, әлеуметтік тұрмысына дейін назарда ұстаймыз. Мәселен, ипотекалық несиесін төлей алмай отырған жас журналистердің қарызын түгел жауып бермесек те, жеңілдетіп беруге дайынбыз. Газетіміздің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында «Орталық Қазақстанның» кітапханасы» жобасын қолға алдық. Осы кітаптар сериясымен жылына бір ардагер журналистің, бір жас қаламгердің жинағын шығарып бермекшіміз. Оған қор арқылы демеу көрсетеміз. Жақын күндері бұл жобамыздың алғашқы жинақтары қолдарыңызға тиеді. Үш жыл бұрын өмірден озған қаламгер ағамыз Тілеуқабыл Байтұрсыновтың «Даланы сүйген дархан жүрек» және талантты сатирик Әдебиет Жұмановтың «Мырс-мырс» жинақтары қолдарыңызға тиетін болады. Демеушілеріміз қомақты қолдау жасап жатса, жер алып, қала орталығынан «Журналистер аллеясын» ашсақ деген ниетіміз де бар.
– Өзіңіз білесіз, аудандық газеттер жекенің қолына өтті. Бұл салада 20 жылдан астам уақыт қалам тербеген тәжірибелі мамансыз. Сіздің ойыңызша, бұл өзгеріс аудандық газетті өсіре ме, әлде өшіре ме?
– Салмақты сұрақ. Иә, бұл да – уақыт талабы. Бірақ, пойыз сәл ертерек қозғалып кеткен секілді. Әрине, бәсекелестік керек. Алайда, мемлекеттік тапсырыс қаржысымен әпіл-тәпіл күн көріп отырған аудандық газет жеке меншікке өткенде «шекесі шылқи» қалады деудің өзі қиындау. Иә, біз, әсіресе, аудандық газеттер бұған дайын емес еді. Сатып алған адам газеттің табиғатын танитын, руханиятқа жаны ашитын адам болса – дұрыс. Әлдебір бизнесменнің қолына өтіп кетіп, ғимараты, басқа да активтері үшін сатып алынған болса, онда руханияттың бір шаңырағы құлады дей беріңіз… Бұл жерде газет құрылтайшысы үшін бір ғана тиімділік бар. Ол газетке өткірлік, еркіндік әкелуі мүмкін. Соның өзінде, мемтапсырыстан үміті бар қожайын шындықты шырылдатып жазады деп айта алмаймын. Жалпы, асығыс жасалған тәуекел. Бұл – менің жеке пікірім. Басқа жолын қарастыруға болар ма еді…
Мәселен, барлық аудандық газеттерді біріктіріп, бір медиахолдинг құру деген секілді. Басында облыстық екі газетті бір холдингке біріктіргенде, жасыратыны жоқ, өзіміз де қынжылғанбыз. Қазір тиімділігін көріп отырмыз. Бұл құрылым кешегі Кеңес жүйесінде де болған. Барлық қалалық, аудандық газеттер, баспахана облыстық деңгейдегі «Полиграфия» өндірістік бірлестігінің құрамында болған. Бірден базардағы шұлықтай сатып жібермей, осындай жолдарын қарастырса, басқаша болар ма еді…
Дегенмен, түңілуге де ерте шығар. Бәрібір, аудандық газеттердің еңсесі биік болуы үшін бұл ортаға мүмкіндігі мен әлеуеті зор медиа-магнаттар керек!
– «Орталықтың» құрамы жасарды. Буын алмасты. Жалпы, жастардың аға буынмен сабақтастығы қалай?
– Иә, «Орталық» күрт жасарды. Кезіндегі қаламы қарымды ағаларымыздың бәрі жастары шамалас, бір дәуірдің төлдері болды да, зейнет демалысына да араларына бір-екі жыл салып, бір адуынды толқын тұтасымен кетті. Аман Жанғожин, Сүйіндік Жанысбай, Серік Сексенов, Төрехан Майбас, Оралбек Жүнісұлы, фототілші болған Жұмабек Иманәлі ағаларымызбен мен бірге қызмет атқардым. Оның алдында да тегеурінді толқын болған. Зейнет демалысы – өмір заңдылығы. Десек те, ол буын бізге керек. Олардың шығармашылық шеберханасы, тәжірибесі – бүгінгі жастарға ауадай қажет. Соны ескеріп, біз ардагерлерімізбен байланыс үзген жоқпыз. Жазған-сызғандарын жариялап, жиі кездесіп тұрамыз. Осы 90 жылдық мерейтойымызға арнайы әзірленіп жатқан жинақтың да басы-қасында сол ақсақалдарымыз жүр. «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің қолдауымен мерекелерде ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Сабақтастық үзілген емес, үзілмейді де. Тіпті, Мағаш ағамызды сағынып жүрміз.
– Бәрекелді! Енді әңгіме ауанын баспасөзге жазылу мәселесіне ойыстырсақ… Таралымды сақтап қалу үшін қандай шарала атқарылып жатыр?
– Баспасөзге жазылу мәселесі барлық басылымның «бас ауруына» айналып отыр. Оның үстіне «Қазпошта» қызметінің құлдырауы газеттің оқырманға мерзімінде жетуіне көп кедергі келтіруде. Қаншама хат жолданды. Тіпті, өздерін монополист санайтын «Қазпошта» кейбір хаттарымызға жауап та бермеді. Оның сыртында, әлемді әбігерге салып, алты құрлықты абдыратып тастаған індеттің салдарынан оқырманнан оқшауланып қалған жағдайымыз да бар. Бұрын оқырман ортасында жиі болып, ой бөлісетін едік. Індет кезінде мұның бәрі шектелді. Соған қарамастан, біз осы 2021 жылдың бірінші жартысында 11 мың, екінші жартыжылдықта 8700 шаңырақтың табалдырығын аттадық. «Орталықтың» таралымы сонау 90-шы жылдарда 2000-3000-ға дейін құлдыраған кездері болған. Кеңес дәуірі кезінде көршіміз «Индустриальная Караганда» газетінің таралымы бізден 10 есе көп болған екен. Ал, Мағауия Сембай ағамыздың басшылығы кезінде қайтадан еңсе көтеріп, таралым 20 мыңнан асқан жылдар болды. Сондықтан да, біз «Орталықтың» дәуірлеу кезеңін Мағаш ағамыздың басшылық еткен жылдарымен байланыстырамыз. Қазір, «Қазпошта» қызметінің салғырттығы салдарынан көп оқырманымыздан айырылып отырмыз. Газетке деген сенім жоғалды. Мұғалімдер заңға сүйеніп, жазылудан бас тартады. Сонда, газет оқымайтын мұғалім ұлт ұрпағын қалай тәрбиелеп отыр деген жауабы жоқ сауал ойландырады. Сонда да, «Шамшырақ» қосымшасын ұйымдастырып, «газет ішінен газет» жасап отырмыз. Осы «Шамшырақ» жарық көргелі, ерікті һәм саналы түрде жазылатын мұғалімдер саны артты. Былтырдан бері демеушілік жасауға ықтияр кәсіпкерлерді тартып жатырмыз. Әр ауылда бір жомарт азамат болса, сол туған ауылындағы 20-30 отбасыға «Орталық» жаздырып береді. Биыл Нұргүл Шамаева есімді жаңаарқалық мұғалім қарындасымыз «90 жылдыққа – 90 «Орталық» атты бастама көтеріп, өз қаржысына тұрмысы төмен 90 отбасыға газет жаздырып берді. Бұл бастама қолдаусыз қалған жоқ. Бекзат Алтынбеков, Сүйіндік Асан, Серік Қасымбеков, Ержан Нұртазин секілді Арқаның Атымтайлары іліп әкетіп, таралымды бір көтеріп тастады. Өз кезегімізде біз олардың игілікті ісін, азаматтығын насихаттап жатырмыз. Осындай ынталандыру жұмыстарын жалғастыра беретін боламыз.
– Өңіріміздегі қазақтілді жалғыз басылым едіңіздер. Бұл құрамға «Arqa Aqshamy» енді. Биыл «Qaragandy habary» газеті де қосылды. Бұл басылымдардың аяқ алысына қандай баға бересіз? Әрі қарай дамыту үшін не қажет?
– Қатарымыздың көбейгеніне қуанбасақ, ренжімейміз. Өйткені, ұлттық рух, мемлекеттік тіл мәселесі өткір тұрған кезеңде қазақтілді басылымдардың көп болуы, олардың ұлтқа қатарласа қызмет етуі – ұлт ұпайын түгендеу деген сөз. Иә, Қарағандының ақпарат кеңістігі қазақтілді басылымға зәру еді. Өзіңіз айтып отырған екі басылым олқылықтың орнын толтырды. Екеуі де аз уақыт ішінде өздерінің берік бағыты, бай мазмұны бар басылым екенін көрсетті. Әсіресе, жарық көргеніне жыл толмаған «Qaragandy habary» газетінің аяқ алысы қуантады. Әрі қарай дамыту үшін не істеу керек деген сауалыңызға әрі қарай бір-бірімізді қолдап, ынтымақтаса жұмыс істеуіміз керек дегім келеді. Өйткені, үшеуміз де – жоқшымыз. Ұлттың жоғын іздеп келеміз. «Илегеніміз – бір терінің пұшпағы». Екі басылымға да шығармашылық табыс тілеймін. «Орталықтың» жолын, жасын берсін!
– Соңғы сауал: қазақ журналистикасының «әттеген–айы» не? Сізді не қылжылтады? Бізге әлем БАҚ-ымен тереземіз тең болуы үшін не істеуі керек?
– Қазақ журналистикасының «әттеген-айы» дейтіндей, отандық БАҚ өркениеттің босағасында қалған жоқ. Төріне озбаса да, көштің жуан ортасында келеді. Дәстүрлі медиа мен жаңа медианың сабақтастығы бар. Әлеуетті мамандарымыз жеткілікті. Бізге тек өткірлік жетіспейді. Қоғамдық мәселені өткір көтеруде әлеуметтік желіден қалыс қалып отырғанымызды жасыруға болмайды. Өйткені, біз – тәуелсіз қоғамдағы тәуелді БАҚ-тың жауынгеріміз. Қазақ журналистерінің әлеуметтік мәселесінен бастап, шығармашылығын дамытуға дейінгі проблемалар тәуелділікке алып келеді. Оған мемлекеттік тапсырыс қаржысын қосыңыз. Бизнес-қауымдастықтың қазақтілді БАҚ-тарға жарнама беруге құлықсыздығы бар. Ағылшын әдебиетшісі Сирил Конноллидің «Әдебиетті екі оқығанда түсінесің, ал, журналистиканы бір оқығанда түсінуге болады» деген сөзі бар. Тұтыну тұрғысынан осынша жеңіл жанрдың жолы жеңіл болмай тұр ғой. Сөз бостандығы дейтін мәселеге келсек, Конституциямыздың өзінде цензураға тыйым салынған. Бірақ, ол жарықтық – әлі тірі. Мені осы қынжылтады. Сосын менің жиі айтатын пікірім бар: Тәуелсіз басылым деген болмайды. Ресми атауына «тәуелсіз газет» дегенді тіркегенімізбен, ол басылымның әр номері құрылтайшының қаржысы мен мүддесіне, тіпті, редактордың идеясына тәуелді. Сондықтан, әлемдік БАҚ-тармен тереземіз тең болуы үшін тәуелділіктен арылуымыз керек.
Сұхбаттасқан Ерболат ҚУАТБЕК.
(«Qaragandy habary» газетінен).