Жаңалықтар

Ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі көшеге берілді

Республикалық ономастика комиссиясы Астана қаласының жаңа құрылған ауданы мен көшелеріне және Жамбыл облысының Сарысу аудандық мәдениет үйіне атау беру мәселесін қарады, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Комиссияның қарауына мемлекеттік органдардан барлығы 15 ұсыныс келіп түскен. Оның ішінде Жамбыл облысы әкімдігінің Сарысу аудандық мәдениет үйіне ақын Майкөт Сандыбайұлының есімін беру туралы ұсынысы қолдау тапты.

Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің ұсынысына сәйкес елордада жаңадан құрылған ауданға «Нұра» атауы берілді. Астананың Есіл ауданындағы Е-583 көшесін ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикуллиннің есімімен атау бастамасы да қолдау тапты.

Елордада пайда болатын жаңа көшелер мен алаңдар:

1. Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңы;
2. Әл-Фараби даңғылы;
3. Гейдар Алиев көшесі;
4. Асқар Забикулин көшесі;
5. Әскен Нәбиев көшесі;
6. Сырбай Мәуленов көшесі;
7. Мәншүк Мәметова көшесі;
8. Шапық Шөкин көшесі;
9. Санжар Асфендияров көшесі;
10. Бердібек Соқпақбаев көшесі;
11. Бейбарыс Сұлтан көшесі;
12. Мағжан Жұмабаев даңғылы;
13. Қарамерген көшесі.
– Есімі ел тарихында сақталған тұлғалардың осылай насихатталуы – міндетті құбылыс. Ономастика саласында атқаратын жұмыс көп, барлығы уақыт шеңберінде жүзеге асады деген сенімдеміз, – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес жұмыстарды жүргізу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Еске салайық, қаза тапқан елордалық құтқарушы Асқар Забикулиннің есімін «Үркер» тұрғын алабындағы583 көшеге беру ұсынысын мәслихат депутаттары бірауыздан қолдаған болатын. Былтырғы 16 қарашада көпқабатты үйлердің бірінде өрт болып, 3 адам, оның ішінде бір бала ауруханаға түскен еді. Адамдарды құтқару барысында денесінің 80 пайызын күйік шалған өрт сөндіруші Асқар Забикулин жансақтау бөліміне түсті. Ол 20 қарашада көз жұмды. Марқұмның отбасына көңіл айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана көшесіне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылатынын мәлімдеді.

Мәслихат депутаттары Астанада құрылған жаңа ауданға «Нұра» атауын беру мәселесін 28 желтоқсанда өткен сессияда қарап, қалалық ономастика комиссиясының шешімімен келісті. Екінші – Қараөткел нұсқасы қолдау таппады.

Басқа материалдар

Back to top button