Спорт

Ерлікке тағзым еткен эстафета

Шахтерлар шаһары атанған Қа­рағанды тек еңбегімен, мәдениеті­мен ғана емес, спорттағы жетістігі­мен де дараланған. Қаланың қа­рия­ларынан бастап, әлемдік аре­на­да бақ сынап жүрген спортшылар да таңмен таласа жүгіруді дәстүрге айналдырғаны қашан?! Қала тұр­ғындарының спортқа деген сүйіс­пеншілігі қаланың рухымен біте қай­насып, өскелең ұрпаққа үлгі болып келеді. Осы бір ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі – об­лыстық «Индустриальная Кара­ганда» газетінің 78-ші мәрте ұйым­дастырған жеңіл атлетикалық эс­та­фетасы еді. Бұл жолғы эстафета Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналып отыр.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Ерек мән, бөлек мазмұн

Биылғы эстафета – былтыр­ғыдан өзгеше. Олай дейтініміз, эс­тафетаға қатысушылардың са­ны биыл 2050-ге жеткен. Ал, оның 100-ден астамы – ұзындығы 1300 метр қашықтықты құрайтын «Дос­тық» жарысына қатысушы әуесқой спортшылар. Бұл қатарда спорт ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі спортшылар мен әр жастағы балалар бар.

Эстафетаның ашылу салтана­тына облыстық ішкі саясат бас­қармасының басшысы Нұрлан Бикенов, облыстық мәслихаттың депутаты, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырыл­ған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат колледжінің ди­ректоры Ерден Халилин, «Sa­ryarqa Aqparat» медиа-холдингінің директоры Қайрат Әбілда, медиа-холдинг директорының орынбасары, облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Оксана Мягких пен жеңіл атлетика ардагері Валерий Иванишко қатысты. Айта кетейік, биыл Валерий Семенович 80 жасқа толды. Спорт ардагері әлі күнге дейін Қарағанды қаласындағы жеңіл атлетика бойынша олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етеді. Ширек ғасырдан астам спорттық мансабында талай турнирлерде топ жарды. Жұлдызы жарқырады. Енді шәкірт тәрбиелеп, бәсі биік бәсекелерге төрелік етіп жүр.

– Осындай эстафетаға белсенділік танытып, қатысып отырғандарыңызға облыс әкімінің атынан алғысымды білдіремін. Биыл жыл басынан бері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралар легі көп. Қарағанды спортының мәртебесін асқақтата беріңіздер. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Нұрлан Рахметуллаұлы.

Сонымен қатар, Қайрат Әбілда мен Валерий Иванишко да сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Әрі эстафетаның маңыздылығын да баса айтты.

Әдеттегідей эстафетаның қашықтығы – 3300 метр. Әрі 10 кезеңге бөлінген. Қатысушылар қаланың Оңтүстік-Шығысындағы Сарыарқа мен Тәттімбет көшесін айналып жүгіріп өтуі қажет. Биылғы бәсекеге тоғыз жылдық білім беретін мектептерден 19 ұлдар, 17 қыздар командасы қатысты. Яғни, қос топ бойынша жалпы саны 360 қатысушы тіркелген. Ал, 11 жылдық мектептерден келген қатысушылардың саны – 1170 спортшыға жетті. Мұн­да 59 ұлдар және 58 қыздар командасы жасақталған. Колледждерден 150-ге жуық қатысушы келген. Одан – 10 ерлер, 5 әйелдер командасы жасақталды. Қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарының, спорт клубтары мен күштік құрылымдардан келген 150-ден астам қатысушы 10 ерлер және 5 әйелдер тобына біріктірілді. Ал, жоғары оқу орындарынан 120 студент 6 ерлер және 6 әйелдер командасына бөлініп, сынға түсті. Айта кетейік, әр команда 10 қатысушыдан құралған. Әрі ерлер мен әйелдер өзара бөлек жарысты.

№45 гимназия оқушылары жарап тұр

Әуелі жарыс жолына мектеп оқушылары шықты. Бастапқы кезең, яғни, бірінші мен екінші кезеңнің арасы – 600 метр. Ал, қалғаны 300 метрден бөлінген. Барлық қатысушылар топтастырылған соң санатына қарай 10 кезеңге бөлді. Бірінші кезеңді 11 жылдық білім беретін мектептердің ұлдар тобы бастап берді. Ал, екінші болып, қыздар тобы жалғастырды. №37 мектептің қатысушысы Ксения Ильичева мектептің абыройын мойнына алып, мәре сызығын өзі бастап кесті. Әрине, қаршадай қыз үшін 600 метр оңай емес. Бірақ, қарсыластарынан оқ бойы оза шығып, екінші этаптағы командаласына бірінші болып, эстафета таяқшасын берді.

– Эстафетаға бір ай бұрын дайындалдым. Саябаққа шығып жүгіремін. Әрі мектепте 100 метр қашықтыққа үнемі жүгіріп, жылдамдыққа дағдыландым. Дайындығымның арқасында бірінші болып эстафета таяғын жеткіздім. Әрине, мұндай қашықтықты ба­ғындыру оңай емес. Бірақ, үнемі жүгіріп жүргеннен болар, қатты ауырсыну болмады. Былтыр дәл осы жерде, осы арақашықтықта жүгірген едім. Бірақ, екінші нүктеге төртінші болып жеткенмін. Биыл дайындықты қолға алып, қар­сыластарымды басып оздым. Әсе­рімді сөзбен жеткізе алмаймын, – деді қатысушы Ксения Ильи­чева.

Ксения Ильичева өз этапында бірінші болып келіп, командасын жеңіске бір саты жақындатқанымен, эстафетадан жүлделі орынға іліге алмады. Осы санатта өнер көрсеткен командалардың арасында №45 гимназияның ұлдары мен қыздары қара үзді. Аталған мектептің ұлдар командасы биыл төртінші, қыздар командасы 12-ші мәрте чемпион атанған. Бұл мектептің оқушылары – спортқа жақын. Әрі әлемдік ареналарда атой салып жүрген үздіктер.

13 жастағы Елизавета Занько спортшылар әулетінде дүниеге келген. Кішкентайынан спортпен айналысып келеді. Өзі биіктікке секіруден облыс чемпионы екен. Осы эстафетада ең соңғы болып жүгіріп, командасына жеңіс сыйлады.

Бабына бағы сай келді

Биылғы эстафетаға Қарағанды жоғарғы политехникалық колледжінің командасы ерекше дайындалып келіпті. Бұл колледждің студенттері де спортқа бейім. Әрі әуесқой спортшылары да түрлі эстафеталарға қатысып, колледж намысын арқалап жүр. Сондай әуесқой спортшылардың бірі – Артем Козаков. Талай эстафеталардан жүлде салып жүрген спортшыны команда жаттықтырушысы ең соңғы этапқа қойыпты.

– Осы эстафетаға алғашқы рет қатысуым. Бұған дейін орталық саябақта өткен командалық эстафетаға қатысып, үздік атанғанбыз. Әрі сол эстафетадан екі мәрте командамызбен жеңіске жеттік. Өзім құтқару қызметі мамандығында оқимын. Бізде жаттығу жұмыстары күнде болады. Қандай жарыс болса да біз үнемі дайын жүреміз. Жаттықтырушым мені ең соңына қойды. Жалпы, өз басым алыс қашықтықта жүгіргенді ұнатамын. Себебі, деміңді сақтап, бір қалыпта жүгіріп өтесің. Ал, мына эстафетаның қашықтығы қыс­қа. Маған «Соңына дейін бар күшіңмен жүгіріп өт» деген тапсырма берілді. Әрине, үлкен қа­шықтықта жүгіріп үйреніп қал­ған маған қиындау болды. Бірақ, мәрі сызығын бірінші болып кестім – деді ол.

«Bolashaq» жоғары коллед­жінің студенті Камила Нургалиеваны бірі білсе, бірі білмес. Жас спортшы жеңіл атлетикадан бірнеше мәрте ел чемпионы. Яғни, қысқа қашықтыққа кедергілермен жүгіруден алдына қара салмайды. Осы эстафетада қыздар арасындағы бәсекеде өнер көрсетіп, командасына жеңіс сыйлады.

Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 5451 әскери бөлімінің «Б» жасағынан келген Серік Саниязов та командасында ең соңғы болып өнер көрсеткеннің бірі. Әу баста бұл команда қатысушылары стартты бастағанда үшінші болып екінші нүктеге жеткен. Ал, екінші нүктеден үшіншісіне екінші болып барыпты. Ал, ең соңында тұрған Серік Қайратұлына эстафета таяғын үшінші болып алып келіпті. Әрі алдындағы екі команда қатысушыларынан көз мұғдармен 70 метр қашықтығы және бар. Бірақ, соған қарамастан қарсыластарын басып озып, мәре сызығын бірінші болып кесті.

Жігерге шектеу жоқ

Осымен алтыншы мәрте эстафетаға қатысқан Серікбол Сағындық биыл 65 жасқа келген. Ардагер үнемі осындай эстафеталарға қатысып, жастарға үлгі болып жүр. Тек жүгіріп қана қоймайды, қыста коньки теуіп, шаңғымен де сырғанайды. Үлкен теннисті де ойнайды екен. Сонымен қатар, аймақта бейімделген спортты дамытып жүрген «Батыл жүрек» қоғамдық қорының өкілі Гаухар Әкіжанова да осы эстафетаның «Достық» жарысына шәкірттерін алып келіпті. Биыл осы эстафетаға екінші мәрте қатысулары екен. Арнайы жаттығу жасап, үлкен дайындықпен келіпті.

– Қызым Аминаны арбада итеріп алып шықтым. Амина паралимпиадалық спорт түрі – бочча спортымен айналысады. Бүгін жарыс жолына 25 ерекше бала шықты. Бұл – біз үшін өзімізді өзгелермен тең дәрежеде көруге, күшімізді дәлелдеуге зор мүмкіндік. Жақында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған марафонда екі спортшымыз бірінші орынды жеңіп алды, – деді Гаухар Әкіжанова.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button