Жаңалықтар

Ерлік елдікке жеткізер

«Біз соғысты көрген жоқпыз, құрысын!..». Бірақ, ер етігімен саз кешіп, ат ауыздығымен су ішкен сол сұрапыл кезеңді әкелеріміз көріп, жалындаған жас­тық шағын қанды майдан даласында өткізгені мәлім. Бүгінгі бейбіт өмірде қанша жыл жылжып өтсе де, ол ардагерлерді, арда аталарымызды есте сақтап, тағзым ету – біздің перзенттік парызымыз. Жеңіс күні қарсаңында ұрыс даласында қару асынып, жауға оқтай атылған әр ардагерді және бір еске алып, бас ию – міндет.

Сол бір қанқұйлы жылдары Қарағанды аймағынан мыңдаған азамат Отан қорғауға аттанды. Оның ішінде менің әкем де бар еді. Бұған дейін әкемнің батырлығы туралы да біршама жазылды. Оның көзсіз ерлігі жөнінде де көп айтылды.
Менің әкем – Ұлы Отан соғысының ардагері, білім беру ісінің үздігі Ыбрахым Халықбергенов еді. Оның есімі елге етене таныс болуы тиіс. 1923 жылы Қарқаралы ауданының Қаршығалы ауыл советінде туған. Ауылдық мектептен оқып, бастауыш білім алды. Содан Қарқаралы қаласындағы №1 қазақ орта мектебінде оқып, 1941-1942 оқу жылында бітірген.
Ал, 1942 жылы Совет Армиясы қатарына алынып, Ұлы Отан соғысында, 235 атқыштар дивизиясының жауынгері болды. Зеңбірекші жауынгердің ерлік істері жайлы кезінде баспасөз беттерінде аз жазылған жоқ. Алайда, зеңбірек көздеушісінің асқан ерлігі кезінде лайықты бағаланбайды. Оның оқтаушысы Кеңес Одағының Батыры атағын алуы тәрізді әділетсіздік арада 80 жыл өтсе де, өктем ұлттың «бұратана» халыққа деген көзқарасының сол шақтағы өмір шындығы болып тарих зердесінде таңбаланып қалды.
Отан алдындағы азаматтық парызын адал орындаған жауынгер мыңдаған шақырымға созылған сұрапыл жорық жолында жаужүрек қимылдарына орай, жаумен шайқаста көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін үшінші дәрежелі «Даңқ», бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және «Батырлығы үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыста жүріп, ол 1944 жылы КПСС мүшелігіне өтті. 1945 жылы майданнан жаралы болып оралған орденді жауынгер соғыстан кейінгі жылдарда «Новый путь» колхозында колхоз басқармасының орынбасары болып істеген. 1951 жылы Қарағанды педучилищесін бітірді. Одан Қарағанды қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түсіп, жоғары білімді мамандық алып шыққаннан кейін, Қ.Аманжолов совхозының Аққора бөлімшесіндегі мектепте математика пәнінен мұғалім, мектеп директоры болып, ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге белсене араласты.
«…Көп сөйлеп, туысқандар, не қылайын.
Әзірше жаман емес менің жайым,
Бір Алла жазған болса мен барамын,
Саулықпен оң қолымды мен созайын», – деп өлеңмен хат жазған Ыбрахым әкеміз тәрізді жүз мыңдаған жаужүрек сарбаздардың бүгінгі тәуелсіздік таңында, мыңдаған шақырымға созылған жорық жолдарының айшықты іздерінде жеңістің табы бары анық.
1956 жылы Анамыз Рауза Ахметбекқызымен отау құрып, 11 жыл тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп, алты бала дүниеге әкеліп, 1967 соғыс зардабының тауқыметі салдарынан кенеттен дүниеден өтті.
Соңында қалған ұрпағы мен шәкірттері егеменді еліміздің гүлденуіне түрлі салада өзіндік үлесін қосып келеді. Баршасы әкемізге разылығын білдіріп, бақытты баянды ғұмыр кешуде.

Армияш ХАЛЫҚБЕРГЕНОВ,
отставкадағы подполковник

Басқа материалдар

Back to top button