Ерлік даңқы өшпейді
Биыл халқымыз айтулы мереке – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтпек. Адамзат тарихындағы аса қасіретті Екінші Дүниежүзілік соғыста 50 миллион адам қаза болып, мыңдаған қалалар мен селолар қирағаны мәлім. Атом бомбасы сияқты аса жойқын қару ойлап табылып, оны американ империалистері Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларының үстіне жарып, бейбіт халқын айуандықпен қырып салды. Міне, сондықтан да, ізгі ниетті адамзат баласы сұрапыл соғыстың аяқталуын қуанышпен қабылдап, Жеңіс күнін қашан да зор салтанатпен атап өтеді. Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің көзсіз ерліктерін, соғыстың зардаптарын еске алып, мұндай қасіреттің қайталанбауын тілейді.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қазақстандықтар, соның ішінде, қарағандылықтар да лайықты үлес қосты. Тек Орталық Қазақстан өңірінен (Ұлытау облысын қоса есептегенде) майданға 60 мың жауынгер аттанып, соның 25 мыңы қаза болған, 9 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кеткен. 6600 майдангер ұрыс даласындағы ержүректігі мен батылдығы үшін ордендермен және медальдармен марапатталды. 34 қаһарманымыз Кеңес Одағының Батыры атағын алса, 13-і жауынгерлік «Даңқ» орденінің үш мәрте иегері атанды. Тыл еңбеккерлері «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!» деген ұранмен жанқиярлықпен еңбек етті. Қарағанды шахталарында өндірілген көмір, Балқашта балқытылған мыс пен молибден, Жездіден табылған марганец жаудың басына бомба болып жарылып, снаряд болып атылды.
Ұлы Отан соғысы Голощекиннің «кіші қазан» саясатынан кейін ғаламат аштыққа ұшырап, сталиндік саяси қуғын-сүргін зардабынан кейін енді ғана есін жиып келе жатқан қазақ халқына ауыр тиді. Соған қарамастан өршіл халық кеніштерді игеріп, зауыттар салысты, қырда колхоздар мен совхоздар көтерісті. Жас ұрпақты еңбекке және Отан қорғау ісіне тәрбиеледі. Осындай тәрбиенің жемісіндей көк аспанда жасын болып атылған ұшқыш Нұркен мен батыл барлаушы Қазыбектер өшпес ерліктер жасап, өздері Батыр атанды да қазақ халқының даңқын асырды. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде Қарқаралы ауданының 18 малшысы еңбектегі үздік жетістіктері үшін Еңбек Ері атанды. Мұндай мысалдарды облыстың арғы-бергі тарихынан көптеп келтіруге болады.
Мұны айтып отырған себебіміз, өскелең ұрпаққа еңбек және отаншылдық тәрбие беру барлық деңгейдегі ардагерлер кеңестерінің төл ісі болып табылады. Біз жас ұрпақты соғыс және еңбек ардагерлерінің майдандағы және еңбектегі ерліктері мысалында тәрбиелей білуіміз қажет. Ұлы Жеңістің алдағы 80 жылдық мерейтойы осы жұмыстың ұрымтал сәті болып табылады. «Ардагерлер ұйымы» республикалық ҚБ Орталық кеңесінің маусым айында болып өткен ІІ пленумы 80 жылдыққа арналған іс-жоспар жасап, бекіткен болатын.
Орталық кеңес мәселенің өзектігін ескере отырып, Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлескен жоспар жасағанын да атап өту керек. Онда Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандықтардың мүрделерін іздеп, тауып жерлеу (қайта жерлеу), марқұмдардың ерлігін ұлықтау, «Отты жылдар жырлары» атты патриоттық әндер бойынша аймақтық байқау-конкурс өткізу, майдангерлердің атымен тығыз байланысты еліміздің тарихи сакральды орындарына ардагерлер мен жастардың экскурсияларын ұйымдастыру, БАҚ-тарда майдангерлердің ерліктері туралы мақалалар мен хабарлар жариялау, соғыс ардагерлері, мүгедектері мен тыл ардагерлеріне тұрмыста, үй-жайларының жөндеу жұмыстарына «Ардақты ардагер» атты акция бойынша көмек көрсету, ардагерлер хорларының дәстүрлі фестивалін өткізу, түрлі спорттық жарыстар, соның ішінде, тұңғыш рет бильярдтан ардагерлер арасында республикалық турнир ұйымдастыру көзделген. Әдеттегідей соғыс және еңбек ардагерлерімен, тыл еңбеккерлерімен кітапханаларда, музейлерде, оқу орындарында кездесулер өткізілетін болады. Бұл жұмысты барлық қалалық, аудандық кеңестер, ірі бастауыш ардагерлер ұйымдары үзбей жүргізетін болады. Демек, тәрбие жұмыс толастамайды.
Іс-жоспар барлық қалалық, аудандық кеңестерге таратылып, жергілікті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен келісе отырып, өз жоспарлары жасалды. Сөйтіп, дайындық жұмыстары ертеден-ақ басталып кетті.
Облыстық кеңестің ұсынысымен 80 жылдық тойдың бастамасы ретінде өткен жылдың желтоқсан айында соғыс ардагерлері, көрнекті қоғам қайраткерлері Қали Аманбаев пен «Даңқ» орденінің үш мәрте иегері Камали Дүйсембековтің туғанына 100 жыл толуы кеңінен аталып өтті. Дөңгелек үстел ұйымдастырылды, газеттерде мерейтой иелерінің өнегелі өмір жолы насихатталды, шахматтан және бильярдтан турнирлер өткізілді.
Өткен мерзімде жүзге келген соғыс ардагерлері Сұңғат Сәттіғұлов, Анна Котова және Өтелбай Орымбаевтар ұлықталды. Оларға жастар арасында жүргізген тәлім-тәрбие жұмыстары үшін облыстық кеңестің «Қарағанды облысының Құрметті ардагері» төсбелгісі тапсырылды. Мұндай құрметті биыл 100 жасқа толайын деп отырған соғыс және еңбек ардагерлері Григорий Степенко, Мария Шинкевич пен Виктор Шелудяковқа да көрсеткелі отырмыз. Тек оларға зор денсаулық, күш-қуат тілейміз. Алдағы мерекеде амандық-саулықпен жүздесуге жазсын.
Аман ЖАНҒОЖИН,
облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.