Жаңалықтар

Ерлігі – ел аузында

Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қоғамның сақшысы. Мемлекет алдындағы жауапкершілігі артқан сайын олар қызметтік борышты адал әрі жоғары кәсібилікпен атқаруға тырысады. Осыны біріміз ескерсек, көбіміздің назардан тыс қалдыратынымыз тағы бар. Соның айғағы – жақында қарағандылықтарды елең еткізген оқиға. Облыстың полиция департаментінің қызметкері, кіші лейтенант Ерлан АМАЛБАЕВ ұстамамен ауырған 45 жастағы қарағандылықтың өмірін ажалдан арашалап қалды. Полиция қызметкерінің көзге көріне бермейтін қарапайым адами әрекетіне таң қалған қала тұрғындары батыр ерлігін марапатқа лайық көріп, әлеуметтік желіде жарыса жазуда.

Сол күні Ерлан 0418 патрульдік топтың кезекші бөлімімен көше қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жедел топтың құрамында болған. ол 45-ші орам аялдамасында ер адамның құлап жатқанын көреді. Полиция қызметкері өлім аузында жатқан адамда ұстама дерті қозғанын көріп, оның таңдайын басады. Кезекшіліктегі патрулдік топ қызметкерлері дереу жедел жәрдем шақырыпты.

  • Бақытымызға орай, жедел жәрдем де уақытында келді. Дәрігерлер науқаста ұстама дерті бар екенін растап, екпе салды. Оның үстіне, ер адам мас күйде, үйкүйсіз жүрген адам болып шықты, – дейді Ерлан Амалбаев.

Ал, дәрігерлердің айтуынша, адамдар ашуланғанда немесе ренжігенде ұстама басталуы мүмкін. Оның қайталап ұстауы көбіне ешбір себепсіз болады. Кейде қорыққанда, бір нәрсеге ашуланғанда, шаршағанда жиілеуі мүмкін. Көптеген ұстамаларда көмек уақытында көрсетілмесе науқас тұншығып қалады екен. Қан айналымы жүрмей, жүрегі тоқтайтын жағдайлар жиі кездеседі.

Кіші лейтенант қызмет барысында осыған ұқсас оқиғалармен талай ұшырасқан. Алайда, ұстамамен ауырған адамды алғаш рет кездестіріп тұрған көрінеді.

  • Бұған дейін қыстың аязына қалғандарды үсікке шалдырмай жылы жерге жеткізіп, үй-күйсіз жүргендерге де қол ұшын созған кездеріміз болған. Шынымды айтсам бұл – қарапайым адами әрекет. Оны менің орнымдағы кез келген адам жасауы тиіс. Оған қоса, бұл менің адамдардың әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қызметтік борышым саналады, – дейді кіші сержант. Соған қарамастан, науқастың өмірін құтқарған Ерлан марапат күтпейтінін де айтады.
  • Адамның өмірін құтқару – жалпы адамзаттың алдындағы борышы. Марапаттан бұрын, газет оқырмандарының тәртіп сақшылары халықтың жанашыры әрі жоқтаушысы екенін естен шығармағанын қалар едім, – дейді ол.

Айта кеткен жөн, полиция қызметкері, кіші лейтенант Ерлан Амалбаев Қарағанды облысының полиция департаментінде 13 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Елдің тыныштығын күзеткен тәртіп сақшысы қызметіне адал екенін айтады.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button