Руханият

Еркіндік деген не десем?!

Ел егемендігін алғанда біз небары бірінші мүшелде екенбіз. Кәдімгі қаннен-қаперсіз, бейқам ойын баласы. Бірақ, бір өзгерістің болғанын күнделікті өмірімізден сездік. Мынадай бір оқиға санада өшпестей жатталып қалыпты…

Алақандай ауылымызда шағын кітап дүкені бар еді. Үнемі барып, кітап сатып алатынбыз. Бірде – барсақ, сөреде сақал-мұртты, түсі суық адам бейнеленген үлкен плакат жатыр. Таңғалдық. Кім екеніне үңілсек, «Абылай хан» деген жазуы бар. Абылай хан? Кім ол? Тарихтан оқып, білмеген, көрмеген адамымыз. Сөйтсек, қазақтың үш жүзінің басын жиған ұлы адам! Оны кейін білдік. Осылайша, бала күннен-ақ тұма тарихтан мешеу қалыппыз. Ұят та болса, Абылай бабамызбен «таныстығымыз» осылай өрбіген-ді. Бұған кімді кінәлайсыз? Тіпті, бүтін ауылдың жалғыз қазақтілді (оның өзі ұйғырша, орысшасы аралас болатын) «Алматы» арнасын көру үшін сымнан антенна жасап, шатырына іліп, қарекет қылғанын, қазақша хабар, кино көру «таңсық» болғанын айтсаңыз, кім сенер? Өткенді қазбалап отырғанымыз жоқ. Бірақ, кешегімізді бағамдап, бүгінімізді бағдарлау үшін осындай шегіністер қажет секілді. Барды бағалау үшін. Еркіндіктің қадірін, тәуелсіздіктің қасиетін болмыс-бітіммен түйсіну үшін.

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Бұқара жиналған жерінде қоғамдағы құбылыстарды, онда бой көрсетіп жатқан жайттарды ашық айтады. Өзара талқыға салады. Біреу даттайды, біреу жақтайды. Кейде келісе алмай, керілдесіп те алады. Кейде ымырашыл. Сондайда әркім өз ойын ортаға салады. Біз де. Тарихымыз бен тілімізден айдың-күннің аманында айырылып қала жаздағанымызды айтамыз. Осы күнмен салыстырамыз. Ондайда әуелде өрекпіп, басқа шауып, төске өрлегендер сабаға түседі. Ойланып қалады. «Бәсе» дейміз. Солай болса керек-ті. Аяз би де «тәубесін» ұмытпаған. Сосын жұрт тұрмысты сөз етеді. Біреу даттайды. Біреу жақтайды. Біз жақтаушылар жағындамыз. «Тұрмыс ауыр» деуге болмайды. Бүгінде тұрмыс тәуір. Бұдан жаман күн болғанын қазақ біледі.

Ал, тұралап қалған тоқсаныншы жылдардың дәл ортасында біз студент едік. Ауылда да, қалада да жұмыс та, қаражат та жоқ. Жұрт алдындағы азды-көпті малын сатып тірлік кешкен-тін. Сондағы орта құрсақ, аш қарын студенттердің соңғы легі біздер, біздің тұстастарымыз шығар. Одан кейінгі, берідегі студенттердің тірлігі – мамыражай өмір. Ішкені алдында, ішпегені артында. Қарны – тоқ, көйлегі – көк. Жұмыс та істейді, оқу да оқиды. Тұрмыстың түзелгендігі. Осы күні студент қауымыңыз жатақхана емес, пәтер жалдап тұрады. Әрине, мұның бәрі өмірдің ұсақ-түйектері ғана. Соның өзінен қауашағында түйсігі бар жан біраз жайтты аңғарса керек. Бір күнде, бір түнде ғана пайда болмаған, қол жеткен жетістік емес екенін пайымдаса, абзал. «Жөн жол салған саясаттың жемісі» десек, жауыр сөзге жүгінгендей болармыз. Бірақ, ақиқаты сол болса, оны қалай айтпасқа?

Бұл – тұрмыстық тар шеңберде ғана жасалған түйін. Мұның сыртында ғаламдық саясат пен әлемдік экономикадағы еліміздің елеулі орны – қызулы жыр-дастан жатыр. Кеңес кезінде қазақ деген елдің бар-жоғын білмейтін жаһан жұртшылығы қысқа уақыт ішінде ұлтымызды түстеп танып алды. Кеңес өкіметінің құрамында болған он бес уықты елдің ішіндегі экономикасы еңселі болып, абыройы асқаны да – біздің ел. Шыбығы қисаймай өсіп, түтіні түзу ұшқаны да. Бұл туралы шетелдік БАҚ былай дейді:

«Қазақстан бұрынғы кеңестік республикалар ішінде бірінші болып қажетті экономикалық реформаларды жүзеге асырудың тыңғылықты жағынан алдыңғы қатарда тұр. Бұл көбіне-көп қазақ Президентінің шешімділігі мен көрегендігінің арқасында жасалған батыл қадам болды» («TravelMAG», Ұлыбритания).

«Қазақстан дамудың аймақтағы басқа мемлекеттер үшін үлгі бола алатын жаңа моделін жасап, дұрыс жол таңдады. Қазақстан басшылығы егеменді мемлекет құру кезінде батыстық оң тәжірибемен қатар, азиялық мәдениет пен ділдің ерекшеліктері мен дәстүрлерін де ескерді. Әсіресе, мұның анархия мен қоғамдық және экономикалық үдерістермен сыйыспайтын демократия мәселелеріне қатысы бар. Қоғамдық өмір құрудың батыстық құндылықтарын күштеп таңуға болмаса керек» («Женьминь жибао», Қытай).

Әлбетте, кем-кетіктер жоқ емес, бар. Бірақ, «ештеңе жасамаған адам ғана қателеспейді» дейтін нақылды негізге алсақ, біз үнемі ілгерілеп келеміз емес пе?

Кейбіреулердің «Кеңес құлағанда, оның кенже баласындай жалтақтай отырып, амалсыз егемендігін жариялады» деп күлбілтелеп, келеке еткенін де оқыған едік. Солай-ақ болсын. Соңғысы біз болайық. Бірақ, ол ынжықтық емес. Әліптің артын бағу халқымызда ежелден бар. Сонда бет жыртысып, жүз шайысып, тарыдай бытыраған сол елдердің қазір жарылқанып, жетісіп отырғаны шамалы.

Ел еңсесін көтерген соңғы ширек ғасырдың ішінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік тұрғыда бағындырған белестерін жоққа шығару – білгірлік емес. Ішкі саясат пен сыртқы саясаттың таразы тасын тең ұстауда әлем елдері қазақты басқаларға үлгі етеді. Әріге бармай-ақ бүгінгімізді айтсақ, жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың халықаралық тәртібін нығайтудағы Қазақстанның іс-әрекеті, ондағы бастамашылдығы, ЕҚЫҰ-ға еліміздің төрағалық етуі, Азия ойындарының Қазақстанда өтуі және осы секілді дүниежүзілік ірі шараларға қазақтың мұрындық болуы төрткүл дүниеге елдігімізді әйгіледі.

Сол себептен де басқа елдің саясаткерлері Елбасын «күшті лидер» деп біледі. Ядролық қарусыздану ісіндегі Н.Назарбаевтың үлесі жоғары бағаланып, бұрынғы КСРО елдерінен бірінші болып ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуінің тарихи мәні бар екенін де АҚШ Президенті Б.Обама ашық мәлімдеген болатын.

Сырт ел – сергек. Қоғамдағы әр қадамды қалт жібермейді. Саралап, салмақтайды. Содан шығар, олар біздің Елбасына «Шығыс-Батыс» институты бекіткен Бейбітшілік және превентивтік дипломатия сыйлығын табыстады. «Шығыс-Батыс» институты 1980 жылы халықаралық қатынастарда «қырғиқабақ» соғыстың келеңсіз салдарын еңсеру, еуроатлантикалық аймақта шиеленісті бәсеңдету, азаматтық қоғам құндылықтарын алға жылжыту мақсатымен құрылған. «Шығыс-Батыс» институтының Бейбітшілік және превентивтік дипломатия сыйлығы АҚШ-тың ең беделді наградаларының бірі және ол мемлекеттік басқару, қауіпсіз әлем құру саласындағы ерекше жетістіктері үшін әртүрлі елдердің саяси және мемлекеттік қайраткерлеріне беріледі. Бұдан бұрын бұл наградамен АҚШ Президенті Дж.Буш-үлкені, Чехия Президенті В.Гавел, Германия Канцлері Г.Коль және басқалар марапатталған.

Иншалла, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Арыстар «аһ» ұрғанда қазақты осындай жобада озық елдердің қатарына қосқысы келді. «Әлемде жер аумағы жағынан тоғызыншы орынды иеленетін халқымыздың екі тізгін, бір шылбыры өзінде болса» деген тәтті арман-тілек еді. Сол арман-тілекке жеткелі жиырма бес жылдың жүзі. Бұл жылдарда жоғымызды түгендедік, барымызды байыттық. Сөйтіп, экономикалық өрлеудің жаңа жолына түстік. Дамудың жаңа мүмкіндіктері ашылды.

Ең бастысы, бүгінгі буынның бізге қарағанда бағы бар. Біз кезінде өз ата-бабаларымызды білмей, тарих алдында ұятты бола жаздадық. Абылайды, Кенені танымай қара басты. Бүгінгінің баласы тарихын түп-тұқиянынан жіліктеп, мүшелеп айтады. Ойы да, жаны да, ділі де, тілі де – азат! Бақытты…

Еркіндік деген осы емес пе?!

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button