Еркерткіш пен топономикалық атаудағы ел тарихы
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Тарихи-әдеби өлкетану» жобасы қолға алынған болатын. Кейінгі жылдары серпінді түрде жүргізіле бастаған «Рухани жаңғыру», «Туған елге тағзым», «Қасиетті Қазақстан» атты мемлекеттік бағдарламаларды негізге алған зерттеуші-өлкетанушылар ел-елге шығып, жер-жерлерді кешенді түрде зерттей бастады. Бұлардың біразы мемлекет қолдауына да ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында халықтың көкейінде жүрген мәселелерді қозғай келе, әлі де болса қазақ тарихының тереңіне бойлай алмай жүргенімізді баса айтқан еді.
Тарихи-мәдени орындар бұрыннан зерттеліп келе жатса да, бір ізділікке түспеген, басты бағыт-бағдары айқын емес. «Туған жер» бағдарламасының пәрменін пайдалана отырып, еліміздегі киелі орындардың географиясын анықтап, картасын жасауды кейінгіге қалдырып, игі істерді баяулатпау – нағыз маңызды да жауапты іс. Бұл жерде баса назар аударатын мәселелер – өлке тарихын білу, рухани жаңғырудың, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың да бір жолы екендігіне мән бере білу маңызды болмақ.
Қазақ даласында топонимдік елдімекен атаулары – ойконимдер; ауылдық жер атаулары – комонимдер; өзен, су, көл, батпақты жер атаулары – гидронимдер; тау, төбе яғни, табиғи жер бедері нысандары атаулары – оронимдер; жол атаулары – дромонимдер; кесене, күмбез, сағана атаулары – экклезионимдер; бейіт, мола атаулары – некронимдер сияқты әлі де болса қолға алынып зерттелмей жатқан жатаған таулар, бұлақ атаулары қаншама. Ауылдық жерлердегі жер-cу атауларына әлі күнге дейін лайықты көңіл бөлінбей келеді. Қазақ халқының жер атауларында кездесетін топонимдік атаулар жүйесі аса бай. Әр атаудың астарында ғасырларға жалғасатын терең тарихи деректер жатыр. Заңғар жазушымыз М.Әуезовтің: «Қазақтың жер-су атаулары тұнып тұрған тарих. Біз оның сыртқы жағын ғана білгенімізбен, тереңіне бойлай бермейтініміз рас. «Қай атау қайдан шықты, неден бастау алды, неліктен ұмытылды?» деген мәселелердің тарихи себептерін зерделей отырып ой тарқату оңай дүние емес», – деп ой тастауы тегін емес. Ол үшін ғылыми тұрғыда жүйелі зерттеулер керек.
Қазақстанның географиялық картасына зер салсаңыз, жуан ортасында ат жалданып жатқан ұсақ шоқылар, адырлы аймақтар көзге түседі. Қыран құстардың қанатын талдырардай осынау сары жон мыңдаған шақырым жерге созылып жатыр. Солтүстігі Батыс Сібір ойпатынан басталып, Орталық Қазақстанды толық қамти созылған алып жонды ертеден-ақ халқымыз «Сарыарқа» деп ерекшелеп атаған екен. Заңғар жазушымыз М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі оқиға желісі Сарыарқаның шығыстағы ең соңғы нүктесі – Арқалық тауы бауырында болғандығы туралы зерттеу әдебиеттерде біраз мәліметтер бар. Әуезов бұл тауды: «С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп, дәмелендіріп тұрады. Жолдың аузында көлденең созылып жатқан тұрқы он шақырымдай болғанмен, енсіз кереге сықылды жалғыз тау. Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай, жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да, паналығы жоқ, азынап тұрады. Қыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды. Сондықтан, өзге жер ашық болып тұрғанда, Арқалықтың бауыры көбінесе бораннан босамайтын. Алыстан қарағанда да арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңілсіз», – деп Сарыарқадағы таулар көрінісін біршама суреттейді.
Әңгімеміздің негізгі өзегі, желісіне айналып отырған осы бір алып Сарыарқаның бір бөлшегіндей ғана «Ескене» ауылы да шағын болса да тарихы терең, айналысын ұсақ шоқылы адырлар, аласа таулармен қоршалған, қыста бауыры бораннан босамаса да елге құтты қоныс болған бекзат өлке. Әр төбенің етегінен буырқанып шығып жатқан бұлақтардың өзінің мыңдаған жылдық тарихы бар. Десек те, Ескене тауы немесе тау етегіндегі Талдыбұлақ ауылы (іргесінен жылап ағып жатқан бұлақ атауына байланысты қойылған) туралы тәуелсіздік жылдары дүниеге келген бірде-бір ғылыми-зерттеулерде немесе энциклопедиялық еңбектерде көрсетілмеген. Бүкіл Қарағанды облысын толықтай қамтыған өлке тарихына арналған фотоальбомдық сипаттағы бірнеше энциклопедия мен фундаменталды ғылыми-зерттеу еңбектерді қанша қарастыра отырып байқағанымыз «мұнда осы өңірдің көне заманнан бүгінге дейінгі тарихы толық қамтылған» деп атап көрсетілсе де, сол еңбектердің алфавиттік тізіміне де еңбеген екен. Ал, «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі» деген аты дардай ғылыми-зерттеу еңбекте «Ескене тауы, Шет ауданына қарасты кісі есімімен қойылған тау аты, биіктігі 475 метр» деген өрескел қателікпен, ешбір дәлелсіз деректер келтіреді. Дегенмен, жұтан болса да «Сарысу» өзені және «Ескене» таулары туралы деректер бұдан екі ғасыр бұрынғы саяхатшылар мен зерттеушілердің назарын аударып, олардың жолжазбаларында кездесетіндігін алға тарта отырып, бұл өңір тарихының тым тереңде екендігін болжай аламыз. Сондай-ақ, Қазақстанның бүкіл географиялық бедері мен табиғатын суреттеген «Атамекен» жинағына, Жаңаарқа ауданының құрылғанына 80-90 жыл толуына орай шығарылған мерейтойлық жинақтарға да яғни, осы өңірдің табиғаты мен табиғи қорлары, тарихы түгелдей қамтылған энциклопедиялық басылымдарға да енбеген. Географиялық сөздікте «Ескене – ауыл, Жаңаарқа ауданы Байдалы би селолық округіне қарасты елдімекен. Атауы ХVIII ғасырдың екінші жартысында осы өңірге көшіп келіп, қоныстанған Алтай Сайдалы руының Қабай бұтағының Ескене атасының есімімен байланысты» деген қысқаша ғана шолақ қайрылған шолу хабарлама берілген.
Ескене тауы баурайын атқа мініп бөктерлей бір айналып шықсаңыз қойнауы тарихқа толы. Бірнеше ғасырларға созылатын, бірнеше томдық ғылыми-танымдық зерттеу кітаптарға жүк болатын өлке тарихына кез болар едіңіз. Ауылды айнала қоршай орналасқан, бұйрат-төбелер мен бауырынан тарам-тарам болып жылап аққан жылға-бұлақтарға толы құтты мекен. «Жер – төбесіз, ел – төресіз болмас» деген ел арасындағы әңгіменің де терең тарихы, астары бар. Көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаев күнделікті байқаған ой түйіндерін: «Мыңшұқыр. Демек, бұл жерлерде байырғы кен қазба орындары болған. Анықтау керек». «Қара тас. Халық ұғымында бұлай деп темірді емеурін етеді». «Көк тас. Бұлай аталған жерде мыс бар деп топшылауға болады». «Алтын тапқан атауы – алтынның бар екенін аңғартады. Әрине, тегін емес». «Жыланды. Түсті металл рудасы бар болуы керек», – деп қойын дәптеріне түртіп алған пікірлерін М.Әуезов: «Біздің қазақ жері аты, тау атын әмәнда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жаһан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», – деген ойларымен ғалымның бұл тұжырымдарын одан әрі тереңдете түсіп, ауылдық жер-су топонимикалық атауларын ғылыми көзқарас тұрғысынан зерттеулер қажеттігін еске салады. Расында да, Қойтас деген алапқа барсаң, жайылып жүрген Шопан ата түлігінің отары көзге елестейді. Бұлтсыз күндері кешке қарай Айғыржалға қараған адым, расында да жалын төгілтіп, құйғытып бара жатқан жылқыны көзге елестетері анық. Көжегі көп жер – Қоянды, жыртқыш құстар ұя салған жақпартас – Бүркітті, аң-құсы көп жатаған таулар Түлкілі немесе Киікті деп кете береді.
Іргелі ғалымдардың зерттеулері бойынша Орта жүз ру-тайпаларының ата жұрты, алтын тамыры саналатын Сарыарқа өлкесінің тарихының тамыры тереңде екендігіне ешкім дау тудыра қоймас. Ғылыми-зерттеу деректер мен ел аузындағы көне мағлұмат-мәліметтерге иек артып қаузай берсек, түптің-түбінде сонау қола дәуірінен бастау алған үлкен тарихқа барып тірелер едік. Мәселен, Қабантау бітіміне қарай қабанға ұқсайды, әрі жабайы Қабаны көп болғандықтан да осылай аталған. Үлкен Айдаһарлы, Кіші Айдаһарлы деген қатар жатқан екі тау бар. Арасынан Атасу өзені өтеді. Қызылтау, Қалмаққырған, Айғырұшқан деген таулардың тылсым сыры тереңде екендігін өз атауларынан да байқауға болады. Жаңаарқа жерінде ғұн дәуірінде тасқа қашалған бірнеше тас жазулар бар. Бәрінің де жазу әдісі, үлгісі Орхон жазуымен бірдей. Олардың бір тобы Қызылтау тауына іргелес «Қалмақ қырған» тауының оңтүстік бүйірінде жалпақ қара тастың бетін бүтіндей алып жатыр. Сонымен қатар, тасқа ойып түсірілген тағы аңдар, үй жануарларымен қоса керуеннің суреттері де бар. Қазақстанның бел ортасын басып жатқан киелі өңірлердің бірі, Сарыарқаның кіндік тұсы «Жаңаарқа» өңірі Ұлы Дала көшпелілері өркениетінің бастау алған қайнар көздерін айғақтар археологиялық жәдігерлерге өте бай өлке. Өткен ғасырдың 50-70 жылдарында Орталық Қазақстан, Атасу мен Нұра бойындағы қола дәуірі қоныстары мен қорымдары мәдениетін талмай зерттеген академик Әлкей Марғұланның ғылыми еңбектерін қарап шықсаңыз, бұған көз жеткізіп туып өскен өлкеңіздің тарихына сусындап қана қоймай оған деген құрметіңіз де арта түсері сөзсіз. Әлекең өзінің Сарыарқа мен Атасу өңірінің көне мәдениетін зерттеген мақалаларының бірі «Древние караванные пути через пустыню Бетпак-Дала» деген еңбегінде «Пройдя через р. Сары-су в районе Жана-арка, Уванасский караванный путь сразу раздваивался: одна веть шла прямо на север и северо-восток и, пересекая волнистые холмы и равнины гор. Эскене и богатую долину р. Нура, подходила к броду Ишима Кара-откель, расположенному в 5 км. выше нынешней Акмолы» деп, – жаза келе «другая ветвь Уванасской караванной дороги вела от реки Сары-су на север, к устью р. Нура, проходила через рощей Кара-агач, затем берегом реки Кулан-отпес» (мақаланың деректілік мәнін жоғалтпас үшін аудармасыз беріп отырмыз), – деген мәліметтер келтіре отырып, оңтүстіктен Бетпақ-Дала шөлі арқылы солтүстікке бет алған сауда керуендерінің негізгі бөлігі Мойынты, Ақтау таулары арқылы Сарысу, Атасу, Маңақа өзендеріне тоқтап, бел босатып аялдап, одан әрі Ескене, Қасқабұлақ, Үлкенбұлақ, Қарағаш орманды алқабы арқылы сапарларын жалғастырғаны туралы дәйекті деректермен дәлелдейді.
Иә, жер-су атауларының өзі тұнған тарих. Қазақтың қай өңіріне барсаңыз да «тартып қалсаң түгі шығатын, теуіп қалсаң суы шығатын» өз Жиделі-Байсындары жетерлік. Қай заманда да жер иесіз болмаған. Ел аузындағы әңгімелер де, тарихи деректер де (А.Жұмаділдин) бұл өлкені осыдан екі-үш ғасыр бұрын ғана Сарыарқа өңіріне белгілі Тоқа руының әйгілі белді байлары 17-18 мыңнан жылқы айдаған атақты «Бес береннің» кенжесі Сапақ бай (би, болыс болған, кейбір деректерде 22 мың жылқы біткен деседі) мен Омар байлар; Алтай руынан тараған Алдан-Жұман атанған атақты Жұман байға 18 мың жылқы біткен, Сапақпен құрбы-құрдас, қатар жүрген бір заман адамдары болған. Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы Жұман бай образы да осы кісі дейді зерттеушілер. Мінеки, осы бір қысқаша тарихи деректің өзі де көп мағлұматтарды аңғартса керек. Себебі, тарихқа куә өңірдегі жер атауларының өзі де осыған меңзейді.
Қазақ топырағында көнеден келе жатқан тарихи, табиғи, мәдени атаулар әлі де болса баршылық. Қазақ даласында «Қарасу» деген жер атаулары көп кездеседі. Қазақтар ақпайтын, тұйықталып қалған суды «Қарасу» деп, ал ағынды суларды «Ақсу» деп атаған. Тек бір ғана «Ескене» ауылын айнала қоршаған 15-20 шақырымдық радиуста орналасқан топонимикалық атауларды ғана атап өтсек болады. Мәселен, «Құдайменде» мазары, «Қоржынбай» тамы, «Шәлекең тамы», «Шапаң» тамы (некронимдер немесе экклезионимдер), «Мыңшұқыр», «Берлібай қожа жазығы», «Қызылоба», «Қожа аңызы», «Аюбек», «Жайылма», «Қызыл ауыз», «Барсакелмес», «Оспан көңі», «Беласар көңі», «Майқұдық», «Шилі аша», «Сорбұлақ» деген сияқты жер бедерінің сын-сипатын білдіретін (комонимдер) халықтық жер атаулары табиғатпен үйлесім тауып лайықты қойылған. «Ақтасты», «Айқынбай», «Баянбай», «Заңғар», «Құралы», «Қызылшоқы», «Қарашоқы», «Бала Қарашоқы», «Бүркітті», «Түлкілі», «Айғыржал» тауы, «Құдайменде» шоқысы және өзені, «Қайрақбай», «Қошқарбай», «Баянбай», «Қияш қашқан», «Байтуған адыры», «Байтуған асуы», «Тастықара тауы», «Оқкөмген» тағы басқа да таулардың атауы (оронимдер) ерекше, ішіне не бір құпияны бүгіп жатқандай. Сарыарқа жерінде қаншалықты жатаған таулар мен адыр, төбелер болса, соншалықты табиғи қарасулар мен бұлақтарға (гидронимдер) бай өлке. Мәселен, «Ақсу» өзені, «Аққыз» өзені, «Бесқауға бұлағы», «Қарасу» немесе «Шилі Қарасу» өзені, «Бұзау» бұлағы, «Былқылдақ» бұлағы, «Белқараған» бұлағы, «Бекет» бұлағы, «Қабай» бұлағы, «Бақа басы» шабындығы, «Байғон» бұлағы, «Аққұнан» бұлағы, «Қошқарбай» бұлағы, «Қайрақбай» бұлағы», «Ноғай» бұлағы, «Сәду» бұлағы, «Жұман бұлағы», «Талдыбұлақ» бұлағы, «Тоғамбай» бұлағы», «Әлі» бұлағы, «Жуғы» бұлағы, «Омар» бұлағы, «Төсбұлақ», «Қосбұлақ», «Күйгенбұлақ», «Көк өгіз», «Таңқы», «Саңқай», «Талшат» бұлақтары (қазақ жерінің әр өңірлерінде осы тәріздес терең сай, аңғарлар мен шатқалдарды «Аю шат», «Түлкілі шат», «Үкілі шат», «Бөрілі сай» деп атау үрдісі жиі кездеседі) сияқты топонимдер бір кездері қысы-жазы үзілмей ағып жататын, арналары малға жайлы құтты мекен болғандығы күмәнсіз.
Жаңаарқа жері территориялық жағынан 1824 жылы ашылған Қарқаралы округіне жататын және 1839 жылғы архив құжаттары бойынша әуел баста этнотопонимдік сипаттағы жер атауларына бөлініп, кейіннен бұрынғы макроэтнонимдік атаулар енді микроэтнонимдік атауларға айналып шыға келді. Мәселен, Қарпық рулар бірлестігі «Тінәлі-Қарпық» (болыс билеушісі – сұлтан майор Арыслан Құдаймендин), «Тоқа-Қарпық» (сұлтан Бек Құдаймендин), «Айтқожа-Қарпық» (би Сапақ Тәңірбергенов) басқа да сол секілді болыстықтардан тұратын. Бұл құжаттан алатын ең құнды мәліметті елдімекендердегі патшалық әкімшілік құрылымның төменгі буыны – болыстар атауындағы өзгерістерден көруге болады. 1865-1868 жылдарға дейінгі болыстар ел-рулар атымен аталып келсе, 1875-1878 жылғы құжатта елдердің атауы жер-су атауларымен алмастырыла бастаған. Мысалы: бұрын Айтқожа-Қарпық, Сайдалы-Алтай, Тінәлі-Қарпық, Қареке-Алтай деп аталса, енді Жаңаарқа, Қараағаш, Ақмола, Спасск деп жер атауларымен ауыстырылған. Ал, 1887-1889 жылдар аралығындағы мәліметтер бойынша Ақмола облысына қарасты қазақ болыстары бұрынғы рулары бойынша аталынып келсе, кейіннен олар жер атауларына ауысып, мәселен, Қарпық руының «Айтқожа-Қарпық» болысы – «Қараағаш» болысы, Алтай руының «Мойын-Алтай» болысы – «Ортау» болысы, Алтай руының «Сайдалы-Алтай» болысы – Ақтау болысы, Алтай руының «Алсай-Алтай» болысы – Атасу болысы, Тұңғатар руының «Енең-Тұңғатар» болысы Нілді болысы болып өзгертілген.
1933 жылдың көктемінде Жаңаарқа жерінде аштықтан аман қалған ауылдар бас құрап, мойынсерік ТОЗ-дарға ұйымдастырылып, олар бірден тоғызға дейін нөмірленген ауылдық кеңестерге бөлінген екен. Бұл жылдары Кеңес үкіметінің қайраткерлері мен әскери қолбасшыларының құрметіне қойылған мәселен, «Маркс», «Ленин», «Крупская», «Киров», «Калинин», «Голощекин», «Елтай», «Мирзоян» т.б. сияқты «көсемдер» аттарымен аталынған елдімекендер тізімі 1960- 1970 жылдары одан әрі жаңаша «түрленіп», Кеңестік үгіт-насихат көріністерін білдіретін, «Целинный», «Дружба», «Рассвет», «XXV партсъезд» атындағы басқа да сол сияқты коммунистік идеология әсері нәтижесінде қалыптасқан атаулар көп болмаса да біршама кездеседі. Жергілікті атауларды өздерінің тілдеріне ыңғайлап калькалануы нәтижесінде қалыптасқан кейіннен пайда болған атаулар да бар. Мәселен, көне тарихы бар жергілікті «Орынбай» атауы кеңестік дәуірде өзгертіліп, тың игеруге байланысты «Целинный» совхозы аталынса, кейіннен тәуелсіздік жылдары қайта қалпына келтірілді. Ал, XIX ғасырда «Құдайменде» көңі (дәл осы көңде қола дәуіріне тән «мұртты қорғандардың» көп кездесетіндігін археолог-ғалымдардың есіне саламыз) аталынған жер атауы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жаңа совхоз құрылғанда «Өркендеу» аталынып, кейіннен «заманға сай» орысша атаумен «Рассвет» совхозы болып өзгертілді.
1939 жылы Жаңаарқа аудандық атқару комитетінің №13 президиум қаулысымен аудандық, ауылдық, поселкелік советтердің қазіргі шекараларын қайта өзгерту, жаңадан ауылдық, поселкелік советтер ұйымдастыру жұмыстары туралы президиум қаулысын желеу етіп, «цифрланған» ауылдар қайтадан өзгерістерге ұшырап, енді кеңестік «үлгіге» сай қойыла бастады. Мәселен, Сталин атындағы ауылдық кеңеске қарасты: Еңбек, Қоғамшыл, Еркіндік; Жеткіншек ауылдық кеңесі: Жеткіншек, Ұйымшыл, Еңбекшіл колхоздары; Қызылшоқы ауылдық кеңесі: Өркендеу, Өндіріс; Қараағаш ауылдық кеңесі: Ынталы колхозы; Талдыбұлақ ауылдық кеңесі: Талапкер, Үлгілі колхоздары; Бірлік ауылдық кеңесі: Бірлік, Ынтымақ, Алғабас колхоздары. Сонымен қатар, осы жылдары «заманға сай» қойылып, дәстүрлі қазақ қоғамына үйлеспейтін, сіңісіп кете қоймаған аттар қатарына «Алғабас», «Ілгерібас», «Бас алға», «Жаңаалғабас», «Жаңажол», «Коммунар», «Жаңатілек», «Жеңіс», «Жеткіншек», «Жарық», «Өрнек», «Игілік», «Жаңақұрылыс», «Кәсіпшіл», «Жаңаталап», «Еркіндік» сол секілді басқа да ауыл атауларын қоссақ кеңестік «коммунизм жолындағы жаңаша» патшалық империялық отарлау саясатынан алшақ кете қоймағанын байқауға болады.
Бір кездері сталиндік зобалаң жылдары жазықсыз сотталғандар жазасын өтеген аты-шулы «Қарлаг» атанған тұтқындар тұрағы Орталық Қазақстанның ұлан-ғайыр жерін алып, Қарағанды қаласының іргесіндегі Долинка (ескі атауы Иінжар), Қарабас кентінен бастап, қазіргі Ақой, Батық, Бұрма, Көктіңкөлі, Бидайық, Манақа өзенін бойлай Ақтау, Қызылтау, Ортау тауларының қойнауларын қамти, Жезқазған қаласына дейін созылып жатты. Солардың бірі сол кездегі Ортау совхозы, Құрманақа ауылында менің балалық шағым өтіп, алпысыншы жылдардың бас кезінде сондағы төртжылдық бастауыш мектепте оқыған едім. Ауылымызда 17-18 үй, қатар-қатар белгілі бір тәртіппен салынған алты базда отар-отар қойлар болатын. Арада жылдар өте кейін білсек қыста қойлар паналаған, қабырғасы саз кірпіштен қаланған баздар әу баста тұтқындар тұрағы болған екен және қабырғасы бір құлаштай болатын тастан салынған, терезелері кішкентай ғана екі үйдің түрме болғанын біз кейін білдік. Елуінші жылдардың екінші жартысында Сталинизм дәуірі өтіп, Хрущевтің заманы туғанда «Қарлаг» таратылып, олардың орнына қой совхоздары ұйымдастырылған. Бір өкініштісі осыдан жеті-сегіз жылдай (2014 жылы) ғана сақталынып тұрған тарихи жәдігер жаңадан келіп орналасқан таным-түйсігі оянбаған рухсыз фермердің білместігінен бұзылып, тас қабырғалары құрылыс материалдарына айналған. Тарихтың бір беті осылайша көз алдымызда үйінді топыраққа айналды.
Қалай болса да, бұл орындар тарихи нысандар санатына жатады. Кезінде киелі жерлерді түгендеу мақсатында ұйымдастырылған «Қасиетті Қазақстан» комиссиясының басында отырған Берік Әбдіғалиұлы киелі нысандарға репрессия заманында жұртты қанаған түрмелер де, жаппай қырғынға ұшыраған жерлер де жататынын жазған болатын. Мұндай тарихи нысандар қандай жағдайда болса да сақталынуы керек еді.
Расында да, қазақ топырағында әр ауылдың өзіне тән қасиетті де киелі жерлері жетерлік. Бұл терең тамырлы тарихымыз үшін, келешек ұрпақ үшін де аса қажет. Тек соның бағасын білмей, асыл қазынамызды бағалай білмей жүрген самарқау, бейғамдығымыз үшін кімдерді кінәлаймыз?
Әрине, бұған дер кезінде Қарағанды облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау мемлекеттік инспекциясы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен жергілікті әкімшіліктер атсалысып, көңіл аударып жатса, туып өскен өлкеміздің шырайы кіріп, құндылығы артып, тарихы терең сырлары ашыла түсері де сөзсіз.
Дәуренбек ЕСКЕКБАЕВ, тарих ғылымдарының кандидаты, ЮНЕСКО-ның «Мәдениеттерді жақындастыру орталығының Бас ғылыми қызметкері, тарихшы-этнограф.