Бас тақырып

Ерен еңбек еленген күн

Шахтерлер күні – өңір үшін ерекше мереке. Биыл аймақ оны кең көлемде атап өтті. Кәсіби мерекесінде шахтерлер құрметтеліп, мемлекеттік наградалармен және сыйлықтармен марапатталды. Салтанатты кеш те, мерекелік концерт пен отшашу да ұйымдастырылды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Кеншілер мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында осы салада еңбек етіп жүрген 18 адам мемлекеттік наградаға ие болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен ел бойынша жалпы 100-ден астам еңбек адамы жемісті еңбегі мен шахта құрылысын дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды. Аймақта төрт қыз­меткер «Құрмет» орденінің иегерлері атанды. Тағы төрт адам ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін, және он қызметкер «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.

Мемлекет басшысының атынан марапатты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыс етті. Өңір басшысы барлық шахтерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, табыс, отбасыларына амандық тіледі.

– Бұл атаулы күннің қарағандылықтар үшін маңызы ерекше. Облысымызда тау-кен саласында 40 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жалпақ тілмен айтқанда, әр шаңырақта бір шахтер бар деген сөз. Қаламыздың 90 жылдық тарихы көмірмен тығыз байланыс­ты. Еліміздің индустриялық дамуы осы қаладан басталды десек, оның қозғаушы күні – шахтерлер. Кенші болу мақтаныш! Шахтердің еңбегі – күн сайынғы ерлік. Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтаймын! – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Ол көмір өнеркәсібі Қазақстанның электр энергиясының 80%-ын қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Құрмет» орденінің иегері атанған «Саран» шахтасының директоры Сергей Бамиллер марапатты бүкіл ұжымның еңбегі деп санайды. Ол өзінің 40 жылдан астам өмірін тау-кен жұмыстарына арнаған, қарапайым тау-кен жұмысшысынан басшыға дейін мансап сатысын жүріп өткен.

– Шахтерлердің еңбегіне көп көңіл бөлінетініне өте ризамын. Президент өз таңдауын жасап, аймақтың көмір өнеркәсібін отандық инвесторға берді. Біз Президент сенімін ақтап, өнеркәсіпті жандандыруымыз керек, байырғы мәртебесін қайтаруымыз керек. Қарағанды бассейнінің шахтерлері әрдайым танымал болды, қашанда құрметке ие, – дейді Сергей Бамиллер.

17 жыл шахтада еңбек еткен Серікбол Жетпісбай «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.

– Ленин атындағы шахтаның машинисімін. Әрине, қуаныштымын. Шахтерлердің еңбегі қиын да қажырлы. Оны бәрі біледі. Елеп, ескерген басшылыққа алғыс айтамын, – дейді ол.

Данияр Мединев болса, кеншілер әулетінің өкілі. Әулеттің еңбек өтілі екі ғасырдан асады.

– Менің атам кенші болған, әкем де. Қазір меннен басқа төрт бауырым мен жиенім кенші. Шахтер болу оңай емес, өзіңді дұрыс ұстауың керек, айналаңа үлгі болу қажет. Т.Күзембаев атындағы шахтаның №2 көмір өндіру учаскесінің тау-кен қазу машиналарының машинисімін. Еңбек өтілім – 20 жыл, – дейді Данияр Өмірсерікұлы.

Салтанатты рәсімде І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» төсбелгілері, «Еңбек даңқы» төсбелгілері, «Еңбек ардагері» ведомстволық наградалар табысталды. 

Бұдан бөлек, «Qarmet» АҚ 11 жұмыскеріне көлік кілтін табыс етті.

– Бұл күні баршаңызға зор денсаулық, жаңа жеңістер тілеймін. Осы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Qarmet» АҚ-ға тиесілі барлық сегіз шахтаның жұмысын қалпына келтіруді тапсырды. Бұл тапсырма орындалды деп мақтанышпен айта аламыз. Барлық сегіз шахта жұмыс істейді және бұл – сіздердің әрқайсыңыздың еңбегіңіз. Біздің жұмысымыздың маңызды аспектілерінің бірі қашанда қауіпсіздік болып қала береді. Біз тәуекелдерді азайту және әрқайсыңызға қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз, – деп атап өтті «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.

Сонымен қатар, жиналғандарды «Qarmet» АҚ бас директоры Вадим Басин, «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов құттықтады.

Салтанатты шара мерекелік концертке жалғасты. Е.Рахмадиев атындағы академиялық симфония­лық оркестр өнер көрсетті. Рысты Рахымжан, Марат Бекішев, Нұрлан Абдуллин, Ресей Халық әртісі Игорь Крутой жиналғандарға көтеріңкі көңіл сыйлады.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button