Ерен еңбек еленген күн
28 маусым – Масс-медиа қызметкерлері күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық ақпарат құралдары ғана емес, өңірлердегі жетекші телеарналардың, газет-журналдардың, ақпараттық ресурстардың өкілдерін мерекемен құттықтаған болатын. Шара барысында отандық журналистиканы дамытуға айрықша еңбек сіңірген бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Бұл қатарда «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда да бар. Қарымды қаламгер, білікті басшы мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Еңбек жолын облыстық газеттің тілшілігінен бастап, өңірлік, республикалық басылымдарда жауапты қызметтер атқарған Қайрат Жүнісұлы бүгінде басқару саласында тың бастамалар көтеріп, ұтымды ұсыныстар енгізіп жүрген білікті басшы, жаңашыл медиаменеджер. Журналистиканың мәртебелі мамандық екенін танытуда қолған алған игі істері бүгінде аймақтағы журналистер арасында кеңінен танымал.
«Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ», – деп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтпақшы, Арқа журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған Қайрат Жүнісұлының шығармашылық жолындағы ерен еңбегі жоғары марапатқа лайық.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысқанын, бұл салаға ағартушылық сипат бергенін атап өтіп, аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет екендігіне ерекше тоқталған болатын. Дәл осы сара жолды жалғаған, ісіне адал берілген Қайрат Әбілданың тың бастамалары Арқаның ғана емес, мұқым қазақ журналистикасын дамытуға өзек болары сөзсіз.
Қайрат Әбілда еңбек жолын 1997 жылы облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі болып бастаған. Әр жылдары «Сарыарқа самалы» газетінің бөлім меңгерушісі, «Қазақ спорты», «Sport» республикалық апталықтарының шолушысы, «Шахтер» ФК медиа-офицері, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің баспасөз қызметінің жетекшісі, жеке тілші, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, осы газеттің бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.
Арқа баспасөзінің абыройын асырған әріптесімізге шығармашылық қуат тілейміз.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz