Ерекше ота жасады
Қарағандылық дәрігерлер бірегей ота жасады. Науқастың төменгі жақ сүйегіндегі ісікті сүйегімен алып тастап, орнына асықты жілік шыбығынан жақ салып берді. Бірнеше бағыттағы бірегей ота 8 сағатқа созылыпты. Дәрігерлердің айтуынша, қазір науқастың жағдайы жақсы, осы аптаның соңында ауруханадан шығады.
Жалпы, мұндай операция түрі сирек кездеседі. Алматыда – бір, Астанада екі рет жасалған екен. Қарағанды медициналық университеті клиникасының дәрігерлері жасаған операция өңірдегі – алғашқы, Қазақстандағы төртінші саналады.
Клиниканың бас хирургы, профессор Нұрқаси Абатовтың айтуынша, отаның күрделілігі бірнеше сала мамандарының бір мезетте қатысуында.
– Бұл операция үшін мәскеулік хирургтар шақыртылды. Жақ сүйек, пластикалық хирургтар, микрохирургтар, тіс салатын хирургтар жұмыс істеді. Бірнеше кезеңмен жасалатын ота ғой негізі. Бірінші ісікті алу, сосын жіліктен сүйек алып оны жақтың формасындай қалыптастыру, оны жаққа салу, тамырларын қалпына келтіру керек. Егер тамырлары бітеліп қалса, бір-бірімен дұрыс бірікпесе, жасалған істің барлығы зая деген сөз, – дейді Нұрқаси Төлепбергенұлы.
Дәрігердің айтуынша, ендігі негізгі міндет – мұндай операцияларды алдағы уақытта өзіміз жасау.
– Қазақстанда мықты мамандар, хирургтар бар, техника да қолжетімді. Тек мұндай отаны жасауды үйрену керек. Сосын оны өз мамандарымыз жасауы керек, – дейді ол.
Дәрігер бұрын мұндай ота кезінде сүйек емес, металл салынғанын айтады. Алайда, ол уақыт өте келе тесіп шығуы мүмкін. Одан кейін оған инфекция түседі, іріңдейді. Ал, сүйек салу барынша тиімді, алайда, қиындығы микрохирургиясында. Бас хирург «темірмен» жүрген тағы бір резидент бар екенін де айтып қалды.
Жақ сүйек хирургы Марат Айдосовтың айтуынша, екі бригада жұмыс істеген.
– Жақ сүйек хирургтары ісікті алып тастағаннан кейін микрохирургтер науқастың жілігінен сүйек алып, салды. Әрине, оны алып сала салу емес, оны келтіру керек. Сосын біз қайта кіріп дайын сүйекті орнаттық. Бізден кейін микрохирургтер сүйектің тамырларын жалғады. Бұл – командалық жұмыс. Оны барлық клиникалар ұсына алмайды. Бұл сүйекке тіс те орналастырылды. Біз отаға ресейлік хирургтармен бірге қатыстық, – дейді Марат Рахимұлы.
Науқас Камила Қожантаева – болашақ радиолог, Астанада резидентурада оқиды. Оның айтуынша, ауру ақпан айында анықталған.
– Ісік стоматологқа барғанда рентген кезінде анықталды. Одан кейін бірқатар мамандарға бардым. Ең жақсысын таңдадым. Қазір міне, сөйлей аламын. Сұйық тағамдар іше аламын. Кеше аяғымнан тұрып көрдім. Жағдайым қалыпты. Ісік қатерлі емес, бірақ, көлемді болды, – дейді Камила.
Мұндай науқастар бұрын қымбат шетелдік клиникаларға барып емделуге мәжбүр еді. Қазір отандық мамандардың тәжірибесі артып, бұл процедура бізде де қолға алынуда.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz