Бас тақырып

«Ерекше мәртебелі» мамандық иесіміз

Кеншілерден кейін журналистік кәсіп ең қауіпті мамандық саналады. Сондықтан Әділетті Қазақстандағы Заңды, реформаларды, нәтижелі жұмыстарды жүрекпен сезініп, насихаттап жазу үшін, журналистердің жағдайы жақсы болуы тиіс.

19 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды. Заңда «журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым бар…

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

«Масс-медиа туралы» Заң нені ескерді?

«Журналистің ерекше мәртебесі» сала өкілдерінің құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі мүмкіндігіне шектеу қоймайды. Аталған заңда журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік берілді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұратуларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқарды. БАҚ-тың өз қызметін өзі реттеу мақсатында Заңда қоғамдық-кәсіптік кеңестер де құру көзделген. Кеңестер республикалық және өңірлік деңгейлерде құрылуы мүмкін. Бұл кеңестер журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге негізделмек.

Заңда пандемия және төтенше жағдай режимін енгізу кезеңінде журналистердің еңбегі дәрігерлер, полицейлер және құтқарушылармен тең дәрежеде болғаны айтылды. Алайда, өздерінің кәсіби борыштарын өтеу барысындағы ерекше жағдайларда журналистердің қызметін құқықтық реттеу­дің жоқтығы да анықталды.

Заңда атап өтілгендей, жаһандық күн тәртібінде де бұл мәселе маңызға ие. ЮНЕСКО мәліметтері бойынша, 2018-2019 жылдары бүкіл әлемде 156 журналист қаза тапты. Оның 67-сі қақтығысты болған елдерде, 23-і ұрыс әрекеттері болған аймақтардан репортаж жүргізу үстінде қайтыс болды.

2020 жылы кәсіби борышын өтеу кезінде 62 журналист қаза тапты, олардың көпшілігі COVID-19 жұқтыру салдарынан көз жұмды. Осы орайда Заң табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, терроризм актілері, қарулы көтерілістер, ұлтаралық қақтығыстарда қызметін мүлтіксіз жүзеге асыратын журналистерді қорғауға бағытталған нормаларды бекітті.

Заң жобасын әзірлеушілер журналистерді аккредиттеу рәсімін жеңілдетіп, автоматтандыруға арналған баспасөз карталарын енгізуді ұсынған-тын. Аккредиттеу мен баспасөз картасының тұжырымдамалық айырмашылығының болмауына байланысты бұл норманы заңнан алып тастау туралы шешім қабылданды. Алайда, «журналистің ерекше мәртебесі» және «аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі» ұғымдары енгізіліп, «журналистерді (БАҚ өкілдерін) аккредиттеу» және «масс-медиа мониторингі» ұғымдары нақтыланды.

Ең бастысы 2025 жылдан бастап мемлекеттік емес БАҚ республикалық деңгейде гранттық қаржыландыруға көшеді. Отандық телерадио хабарларын таратуды дамыту мақсатымен спутниктік телерадио хабарларын тарату операторлары шығындарының бір бөлігі субсидияланбақ. Сонымен қатар журналистерді аккредиттеудің бірыңғай жүйесі енгізілмек.

Жалпы, Заңның мақұлдануы аясында блогерлердің жұмысы журналистердің қызметімен теңестіріле ме деген сауал да назардан тыс қалмады. Не десек те, кәсіби журналисте салмақты, эмоциясыз ақпараттар беруге арнайы білімі де, тәжірибе де жеткілікті. Ал, блогерде ше?

Қателесуге құқы жоқ

Медианарықта ақпаратты кім бірінші берсе, сол ұтады. Дегенмен, әлеуметтік желінің өз «жұлдыздары» пайда болғалы шығармашылыққа адалдық жайына қалған секілді. Қазір блогерлер де журналист болып жүр. Бұл алдымен кәсіби журналист пен мен әуесқой журналистердің айырмашылығын аңғаруға жөн сілтейді. Ара-жігін ашуға үндейді. Бүгінде журналистке қарағанда, блогерде еркіндік көп және шектеу аз. Журналист редакцияның саясаты аясында жұмыс істейді. Дегенмен, аналитикалық сараптау, талдау жағынан бәрібір блогосфера журналистикадан оза алмасы анық.

Блогер журналист дайындаған ақпаратты өрбітіп, өңдеп береді. Ал кәсіби журналистке үнемі жаңа, нақты, қызықты ақпаратты іздеуге тура келеді. Өйткені, журналистке қателесуге де, көшіруге де болмайды.

Әлеуметтік желіде журналист ресми ақпараттық немесе идеологиялық бағытта ақпарат таратса, ал блогерлер ойын-сауықтық контент ұсынады. Сұраныс көңіл көтеретін контентке негізделгендіктен, әріптестердің кей сәтте ұтылатыны байқалып жатады. Сондықтан, кейде әріптестерге ақпараттық көңіл көтеретін бағытқа икемделуге тура келеді. Ондай тәуекелге бармаса, оқырмандарды ұстап тұру қиын.

Масс-медианың алға басуына біраз кесірін тигізетін блогерлердің тілдің тазалығын бұзғанына көз жұмып қараған күннің өзінде, қоғамдық жауапкершілікті сезінбейтінін айтпасқа болмас. Мемлекеттік тіл мәртебесінің күшеюі үшін де ақпараттың нақты әрі тың болғаны жақсы.

Елдің қамы, мемлекеттің мүддесі жолында жүрген журналиске қолдау азаймауы тиіс. Бұған «Масс-медиа туралы» Заң мүдделі болса нұр үстіне нұр.

Заң қабылданғанымен журналистердің көзқарасы сан алуан болуы мүмкін. Бірақ, мүдде – ортақ.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button