АймақЖаңалықтарОсакаров

Ерек әдіс – бөлек табыс

Осыдан екі жыл бұрын Осакаров кентінің тұрғыны Денис Шиц жеке ісін ашып, жылжымалы құрғақ тазалау қызметін ұсынды. Бүгінде оның «Таза үй» компаниясы аудан тұрғындарына кеңінен таныс. Денис Банк колледжін аяқтап, мамандығы бойынша шамалы уақыт жұмыс істеген. Кейін «ҚазАвтоЖол» компаниясының ұсынысын құп алып, сол мекемеге жұмысқа орналасады. Ал, өз ісін ашуға әу бастан ниеттеніп жүр екен.

– Адамдарға пайдасы тиетін қандай да бір бизнеспен айналысқым келді. Бос уақытым болғанда OLX сайтын бақылап отырдым. Адамдардың не сатып алатынын, не сататынын, қандай қызмет көрсететінін зерттедім. Бірде «Алматыда жиһазды химиялық тазартамыз» деген жарнамаға көзім түсті. Осы бизнеске қызығушылық танытып, көбірек білгім келіп іздендім, – дейді Денис.

Ісін жаңа бастаған кәсіпкер алты айдан астам уақыт бойы бұл бизнестің ерекшелігін зерттеген. Кәсіби семинарларға қатысып, курстан өткен. Содан соң жинаған қаржысына қолданылған жабдық сатып алып, алдымен достары мен таныстарының жиһазын тазалап, тәжірибе жинақтапты.

Осакаров ауданында мұндай бизнес болмаған. 2021 жылдың сәуірінде Денис Шиц жеке кәсіпкер ретінде тіркелген соң, ауыл тұрғындары бұл қызметке қызыға бастапты. Бизнестің дамуына, жарнама жасауға ауыл тұрғындары да атсалысты. Денис Instagram әлеуметтік желісінде парақша ашты: @cleaning_shits.

Өткен жылы жас кәсіпкер Осакаров ауданы әкімінің грантын алды. Байқау туралы диванын тазалап берген тұтынушысынан білген. Осылайша, кәсіпкер бизнесін кеңейтуге 2 млн. теңге қаржы алып, жаңа итальяндық жабдық сатып алды.

– Жиһаздармен, кілемдерді тазалаймын және бірден құрғатамын. Жақында линолеум мен плиткалы едендерді тазалауға арналған тегістеу машинасын сатып алдым. Кәсіби жабдықтар мен химияның арқасында тазалауды сапалы және жылдам жүргізуге болады. Мысалы, бір диванға екі сағат уақыт кетеді, – дейді кәсіпкер.

Денистің әр тұтынушыға көзқарасы – ерекше. Зейнеткерлерге жеңілдік жасайды. Былтыр Осакаров ауданындағы Литва интернат үйінің жиһазын тегін тазартып берсе, биыл наурызда бұл тегін қызметті басқа балалар үйіне жасағысы келеді.

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button