Жаңалықтар
Ердің жасы құтты болсын, ер Ерсін! (Ерсін Мұсабековке)
Көңілімнің оймен тербеп көлшігін,
Айтар болсам әңгіменің мен шынын.
Ел не дейді, мен не деймін, рас-ау,
Сен де 50-ге кеп қалдың ба, Ерсінім?!
Дара шапқан бүгін БАҚ-та дара ерсің,
Оған анау атақ-даңқың дәлел шын.
…Көз алдымнан өтіп жатыр көлбеңдеп,
Айтыстағы атойлаған бала Ерсін.
Ерте арбалып айтыс деген сиқырға,
Ие болдың танымалдық титулға.
Тұлпарлармен қағыстырып үзеңгі,
Құлын кезде қосылғансың қиқуға!
Жанкүйер боп өзіңе көп қазағым,
Кіргізер деп жүргенде айтыс ажарын.
Сен кенеттен жүйрік тайды доғарып,
Жез қаламға ауа берді назарың.
Ұлысың ғой ақ селеулі даланың,
Алдың қалап ақпараттың алаңын.
Содан бері бір қолыңда – газетің,
Содан бері бір қолыңда – қаламың…
Шерағаңның шарығында қайралдың,
Ақселеудің қазығына байландың.
Бас сардары секілдісің сен бүгін,
Өңірдегі бұл мылтықсыз майданның.
Қара сөзден өрнек өрген шеберсің,
Тәуба десең тәңір тағы берер шын.
Ұлытау да дейді сені өз ұлым,
Ердің жасы құтты болсын, ер Ерсін!
Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.