Бас тақырыпЖаңалықтар

Ер есімін ұлықтаған күн

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ер есімін ел жадында тағы бір мәрте жаңғыртқан Толағай төсінде дүбірлі той өтті. Қоғам қайраткері Шәбден Ералиевтің туғанына 120 жыл толуына орай тұғырлы тұлға есімін кең көлемде ұлықтады. Даңқты дарабоздың ұрпақтары ұлағатты іс жасап, өрелі іске ұйытқы болды.

Болар тойдың белсенді мүшесі болуға ауылға атқа қондық. Қайраткер атындағы тойға дайындық қызу дегенге ел аузынан құлағдар болғанбыз. Ауылдағы ілкімді шаралардың ілгері бастау алғаны ел назарына қалай іліпесін?! Ауыл кіреберісіндегі тойтөбеде мәре-сәре болып жатқан ел. Ақ боз үйлер бой көтеріліп, ауыл іргесіне ауыл көшіп келгендей. Сәйгүліктерін ертеңгі дүбірге баптап жатқан атсүйер қауымның бір тобыда осы тойтөбеде. Жаңылыс естімеппіз. Той өз биігінде өткелі тұр.
Ауылымызды рух тербеп тұр. Кіре бергенімізде көзіміз Шәбден Ералиев ауылының тақтайшасына түсті. Жарқырап тұр. Қайраткердің сүгіреті мен ауыл жайлы қысқаша мәлімет жазылған. Үкіметтен қомақты қаржы бөлініп, жолдыңда шырайы кіріпті. Көше аты жазылған бағдарлар қойыпты. Орталық пен Шәбден Ералиев көшесінің қиылысындағы саябаққа даңқты жерлесіміз Ш.Ералиевтің аты беріліп, ескерткіш қойылыпты. Міне, ертеңгі тойдың дайындығы – келешектің қамы екенін ұғынған ауыл тұрғындары жұмылып, бірлікті ту етіп жүр.
Тағылымы мол ұлы істі мерейлі мерекеге баладық. Жиылған жұрттың жүзіне қуаныш ұялаған. Арқа-жарқа әңгіме. Көптен көрмеген, сағынысқан ағайын-туыс, жекжат-жұрағат. Бәрі осында. Атқа мінген ел азаматтары да арнайы ат басын тіреген ұлықты шараға.
Шәбден Ералиев тастұғырының ашылу салтанатынан бастадық мерекені. Ауқымды шараға Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин, облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа арнайы келді.
– Қымбатты ауыл тұрғындары мен құрметті қонақтар! «Жақсының аты өлмейді» деп халық даналығында айтылғандай, елін шексіз сүйіп, ұлтына шынайы қызмет еткен ерлердің есімі әсте, естене шықпауы тиіс. Сондай ерлеріміздің бірі де бірегейі – партия, кеңес, мемлекет қайраткері, Қазақстан өкіметін орнатуға белсене қатысушы, жерлесіміз Шәбден Ералиев. Қазақ сахарасында Кеңес үкіметін орнатуға үлесін қосқан даңқты дарабозымыздың туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Осыған орай ұрпақтарының ұйымдастыруымен, бүгін, асқан елжандылықты бейнелейтін игі іс жүзеге асырылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп айтса, бүгінгі өтетін шаралар легін Ұлт көшбасшысының осынау үндеуінің көрінісі деуімізге болады, – деп салмақты сөзін аяқтап, шараның алғысөзін бастап берді аудан басшысы.
Әкім сөзінен соң, облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Ғазым Жарылғапов сөз алып, қайраткер жайлы аз-кем мәлімет беріп, Шәбден рухына арнауын оқыды.
Облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа Шәбден рухына құран бағыштап, ел мен жердің амандығын тіледі.
Ауыл ақсақалы Берген қажы Қожамұрат естелік айтып, ұрпағының ұлағатты ісіне ризашылығын білдірді.
Арқалы ақын Жанбол Көпбосынов арнауын тарту етіп, көпшілік алдында көсілді.
Сөйтіп, қайраткер Шәбден Ералиевтің тастұғырдағы бейнесі жарық көрді. Салтанатты түрде ашылды. Ақ жаулықты аналарымыз шашу шашып, ұрпақтары гүл шоқтарын қойды. Айта кетейік, ескерткіш – белгілі сәулетші Тоғайбек Жанғозиннің туындысы.
Дүйім жұрт ескерткіштен соң, мәдениет үйіне қарай бет бұрды. Ауылдық кітапхана ұжымы «Ер есімі – ел есінде» атты кітап көрмесін тамашалап, кітапханашы Қарлығаш Төлеуова библиографиялық шолу жасады. Меймандар мазмұнды көрмеге көзайым болды. «Ұрпақтар сабақтастығы» атты қоғам қайраткерінің тікелей ұрпақтарымен кездесуін кітапханашы Арай Жукенова ұйымдастырыпты.
Шәбден Ералиевтің жиені Жанар Шоқпанованың «Тарих толқынындағы тағдыр» атты деректі фильмінің куәсі болдық. Қайраткердің өмір жолы мен еңбек жолы көз алдыңа елестейді. Егжей-тегжейіне дейін баян етілген филмьде.
Мінекей, тағылымы мол шара дүбірлі тойға ұласты. Халық тойтөбеге қарай беттеді.
Ақшаңқан боз үйлер. Салтанат құрып, қауышып жатқан жұрт. Сырттан келген меймандардың дені тойтөбеде. Келіп жатқандары да баршылық.
Той жас палуандардың белдесуінен басталды. Яғни, 30 келі салмақта. Белдесу тартысты өтті. Намысқа тырысқан жас жеткіншектерді көріп, іштей разы болып, қиқуға бөлеп жатқан ел. Нәтижесінде, 30 келі салмақ дәрежесінде III орын Мағжан Сұлтанияға (R12 велосипед), II орын Асанәлі Еренғайыпқа (R16 велосипед), I орын Ерлан Елубайға (R18 велосипед) бұйырды.
60 келідегі палуандар сайысы да ұзаққа созылды. Бұл белдесуде III орынға Еламан Қуанбай (өгіз), II орынға Нариман Тұтқышев (жылқы), I орынға Дінасыл Ысқақов (мотоцикл) табан тіреді. Сеңгірбай бек батырдың асында да үш палуан дәл осы биіктен көрінген болатын.
74 келі салмақтан жоғары түйепалуан есебінде бақ сынады. Ақтық сында Асыл Барменов пен Алмас Мақажанов жолықты. Халық тағатсыздана күткен еді. Алайда күрестің майталманына айналған Асыл Бармен белбеуін Алмас Мақажанның мойнына іліп, жолын берді. «Азаматтық таныттың. Жарадың!» деп қиқу білдірді күрессүйер қауым. Осылайша, Алмас Мақажанов бүгінгі тойдың түйепалуаны атанып, өгізді еншіледі.
Сахна алаңында аудандық мәдениет бөлімі мен Жезқазған филармониясының концерттік бағдарламасы тарту етілді ел назарына.
Меймандарға буы бұрқыраған, оттан жаңа түскен табақ-табақ ет тартылды. Дәм қайырылып, құран оқылды.
Тойдың қызығын арттыратын, делебемізді қоздыратын, тақымымызды бек қысатын – бәйгеге де кезек бердік. Күн райы да аттарға қарайласқандай қоңырсалқын болды.
Қарағандыдағы «Қайрат» ұлттық ат спорты мектебінің директоры Шаризат Қазтаев пен ат спортын ұйымдастырушы, ауыл азаматы Жанбол Көпбосынов құттықтауын білдіріп, сәйгүліктердің бағы жанып, қара үзіп келуін тіледі.
Топ бәйгеде 21 ат бағын сынады. Жүйріктер 10 шақырымға ұзады. Алаң қызды. Дүбірге бөленді.
Нәтижесінде, III орынға Шет ауданынан келген Анатолий Гуреевтің «Розасы» (қой), II орынға Түгіскен ауылынан Өмірбай Омаровтың «Домбырасы» (теледидар), I орынға Жолдыбай Кенжеғұловтың «Мерей» есімді тұлпары (жылқы) ие болды.
Аламан бәйгеде 20 сәйгүлік топқа түсті. Шақырым – 30. Бабы мен бағы келіскен тұлпарлардың шын додасы. «Қара үзіп келетін кімнің аты екен? Көліктің иесі ше? Қай аттың бағы жанады екен?»– деген күбір-күбір сөз ел ішінде. Сонымен, V болып келген Қуат Ахметовтің «Тайқасқасы» (электр пеші), IV келген Шет ауданынан Қазали Тілеуқұлтегінің «Байтөрісі» (теледидар), III болып келген Өмірбай Омаровтың «Самалы» (жылқы), мәреге құйрық тістесіп келіп, II орынға табан тіреген Тараз қаласынан Нұрлан Батырбасовтың «Айтұмары» (мотоцикл), бағы жанып, қара үзіп келген жануардың иесі Ералиев ауылының тумасы Абзал Кемалов. «Қарлығаш» сәйгүлігі таңдай қақтырды. Жеңіс тұғырынан көрініп, автокөлікті иеленді.
Қайраткер ұрпақтары ұлы істің басы-қасында жүрген ауыл азаматтарына, мекеме ұжымдарына арнайы алғыс хат табыстап, ризашылығын білдірді.
Тәулікке созылған торқалы той осымен тәмам.
Тұғырлы тұлғаның өнегесін жалғар ұрпағы барда, есімі әркез ғұмырлы бола бермек.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Ғазым Жарылғапов. Ер Шәбден

Саналымен тең өстің,
Зиялымен тел өстің,
Көтерілдің биікке,
Арқасында кеңестің.

Тілмар еді тілің де,
Құмар едің білімге,
Бақта қонды басыңа,
Қонды ғылым-ілім де.

Шыңдалдың қанды майданда,
Еліңе тиді пайдаң да.
Қызмет қылдың тер төгіп,
Советтер қанат жайғанда.

Тап жауымен тірестің,
Жақсыларға ілестің.
Қызмет қылдың тер төгіп,
Қиындықпен күрестің.

Өсірді бойда бар талап,
Қолыңнан өтті әр тарап.
Өмірің өтті ұлтыңның,
Аманатын арқалап.

Пайдаланып қызылды,
Жеткіздің талай қыз-ұлды.
Қапияда мерт болдың,
Өмірің ерте үзілді.

Қастерледің ар тағын,
Ұлтың болды нәр- бағың.
Ұлт өмірі мәңгілік,
Ұмытпайды ардағын.

Жаннатта жаның тұрақтар,
Апарар оған пырақ бар!
Жұлдыздарға айналды,
Өзің жаққан шырақтар.
Үстем болсын мерейің,
Ас берген текті Құрақтар!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button