Жаңалықтар

Ер есімі ел есінде

Адамзат тарихындағы ең зұлмат соғыс бұрынғы кеңестік рес­публикалардағы әр отбасына ғаламат қасірет әкелді. Шайқалмаған шаңырақ қалмады. Қанқұйлы соғыс өрті біздің де отбасымызды, туыстарымызды, ауыл-аймағымызды айналып өтпеді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында баршамызға бейбіт өмір сыйлаған әкелеріміз бен аналарымыздың көзсіз ерлігі мен ерен еңбегін еске алып, құрметтеу – біздің асыл парызымыз.

Анам – Күлилә Мұқанқызы, әкем – Рымбек Молбасыұлы / Сурет автордан

Мақалада баяндалатын деректер әулетімізден сұрапыл соғысқа қатысқан жауынгерлер мен жеңіс үшін жанын аямай тер төккен еңбек адамдарының тағдыры жайлы болмақ.

Әкеміз Рымбек Молбасыұлы 1941-1945 жылдары алғашқы механизатор ретінде соғыстан броньмен қалған. Немере бауыры Мүстаяп Түсіпбекұлы әкемізбен жұптары жазылмай, тылда Шет ауданы «Шет» совхозының шаруашылықтарында, «Айғыржал» ауылында яғни, бұрынғы «Ақбұлақ», «Ленин», «Сталин», «Октябрь», «Жастар» колхоздарында жеңісті жақындатуға аянбай үлес қосып, еңбек еткен. Ал, ағайынды Түсіпбек пен Молбасыдан тараған 7 ұлдан (Түсіпбектен – Мұстафа, Мүстаяп, Мақыжан, Ыбыжан, Молбасыдан – Рымбек, Мұстажан, Тоққожа) екеуі ғана аман қалған екен. Әкем адал еңбегінің құрметіне «Еңбектегі ерлігі» үшін медалімен марапатталған.

Ғазиз анамыз Күлилә Мұқанқызы күндіз ерлердің орнына колхоздың жұмысын жасап, түнде соғысқа қажетті азықтүлік, киім-кешек дайындасып, майданға жіберуге атсалысқан. «Ұлы Жеңіске 40 жыл» медалімен марапатталған. Ата-анамыздан тараған 6 баладан немере-шөберелері бар. Мүстаяп әкемізден де тараған ұрпақтары, немере-шөберелері бар.

Әкемнің бауыры – Тоққожа Молбасыұлы Қарағандының ФЗО мектебін бітіріп, 1939-1941 жылдары Балқаш кен-металлургия комбинатында жұмыс істеген. 1942 жылғы 15 ақпанда Ақмола қалалық әскери комиссариатынан соғысқа алынып, Сталинград шайқасына қатысқан. Еуропаны фашизмнен азат ету жолында жанын аямай, 1944 жылы сәуір айында майдан даласында хабарсыз кетті. Тоққожа әкеміздің артында Әрін, Аманжол және Бәтес атты үш баласы қалды. Көп ұзамай жолдасы да дүниеден өтіп, балалары нағашыларының қолында қалып қояды.

Әкеміз бауырының балаларына тынбай іздеу салып, 20 жыл өткен соң Ақмола облысы Қорғалжын ауданынан табады. Үш баладан өніп-өскен ұрпақтары бар. Тоққожа әкеміздің жерленген жері белгісіз. Ресей Федерация Қорғаныс министрлігінің деректер базасынан жылдар бойы іздеу салып келеміз. Әл-әзір нәтиже жоқ. Әкеміздің немере інісі Мақыжан Түсіпбекұлы 1942 жылғы 7 наурызда Шет аудандық әскери комиссариаты арқылы соғысқа алынып, 12-ші Дон-Кавказ дивизиясының 47-ші полкінің құрамында шайқасты.

1945 жылғы 17 сәуірде Венгрияның Шиманторния селосының маңында қаза тапқан. Артында Шолпан атты қызы қалды, жиен-немерелері бар. Әкемнің немере інісі – Құсайын Омарұлы 1942 жылы қыркүйек айында Шет ауданының «Ақбұлақ» колхозынан соғысқа алынып, I және II Украина майданында атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болып шайқасты. Көрсеткен ерлігі үшін мемлекеттік марапаттары бар.

1942 жылғы 3 маусымда Украинаның Яссы ауданының Кушарская деревнясында 2 ай қоршауда болған. Сол кезде «Хабарсыз кетті» деген «қара қағаз» дайындалған екен. Қайнқұйлы соғыстан аман-есен оралды. 9 баладан бірнеше немере-шөберелері бар.

Әкеміздің немере інісі Мұса Сыздықұлы 1941 жылғы 19 желтоқсанда Шет аудандық біріктірілген әскери комиссариаты арқылы Кеңестік әскер қатарына шақырылды. Пенза миномет училищесінде 1942 жылғы 1 қыркүйекке дейін оқыған. Училищені аяқтаған соң лейтенант әскери атағы беріліп, Ленинград майданына аттанды. Соғыста екі мәрте жараланған. 7 мемлекеттік марапаты бар, оның ішінде «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Әскери-теңіз Флотына 30 жыл», «Жауынгерлік ерлігі үшін» және т.б. медальдары бар. Соғыстан кейін Армян КСР-ның Ленинакан қаласында, Қазақ КСР-ның Көкшетау облысы Қызылту ауданында, Жамбыл облысы Сарысу ауданында және Алматы облысы Ұйғыр ауданында әскери комиссар болып қызмет атқарған. Соғыс­тан аман-есен оралып, 8 баладан немере-шөберелері бар.
Әкеміздің туысы Түсіпхан Тәңірбергенұлы 1939 жылы Шет аудандық әскери комиссариатының шақыруымен соғысқа алынды. Фин соғысына қатысқан. 1942 жылы Ұлы Отан соғысында хабарсыз кетті. Соңғы хатын Мос­кваны қорғау жолында майданға кірер алдында жазған екен.

Әкемнің туысы Мүскен Жуанышұлы Шет аудандық әскери комиссариатынан 1941 жылдың тамыз айында соғысқа аттанды. Әскер құрамында 1942 жылғы қараша және 1945 жылғы мамыр аралығында болды. Қызыл әскер қатарында I Украина майданында 830 артиллериялық полк (II) 305 атқыштар дивизиясында соғысты. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Марапаттау қағазында «1944 жылғы 21 қазаннан бастап Карпат үшін шайқаста өзін тәжірибелі және батыл артиллерист ретінде көрсетті. Бұл шайқастарда төрт пулемет пен 40-қа жуық неміс сарбазын жойып, екі пулемет пен жаудың бір 106 мм артиллериялық батареясының атысын басып, біздің жаяу әскердің алға жылжуын қамтамасыз етті» – деп жазылған. Осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Баласы Нұратайдан тараған бірнеше немере-шөберелері бар.

Әкемнің үзеңгілес достары – Адамбек Сүлейменұлы және Әбәқай Тілеужанұлы жайлы тоқталып кету – әкемнің алдындағы парызым деп есептеймін. Адамбек Сүлейменұлы 1941 жылғы 17 желтоқсанда майданға аттанды. Сұрапыл соғыстың өртіне оранған Еуропа жерінде талай қанды шайқастың куәсі болды. 266-дивизияның 108-полкі, 82-батальоны құрамында атқыш, әрі минометші болды. Төрт мәрте жараланса да, жауынгерлік саптан ажыраған жоқ. Ресейдің нулы ормандарынан бастап, Украина мен Белоруссияның кең жазықтарына дейін, Молдованың терең сайлары мен Польша жеріне дейінгі шайқастарға қатысып, жауынгер достарымен бірге азаттық үшін күресті. Оның ерлігі жауынгерлік шежіренің жарқын беттеріне айналды. Соғысты Жеңіспен аяқтаған ол Қарағанды облысы Шет ауданы Үңірек ауылында қарапайым шаруадан бастап, ферма меңгерушісіне дейін көтерілген. Қажырлы еңбегімен елдің алғысына бөленді. 10 баладан бірнеше немере-шөберелері бар.

Әбәқай Тілеужанұлы 1941 жылы соғысқа алынып, Ленин орденді Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Панфилов атындағы дивизияның 19 гвардиялық полкінің 8 ротасының құрамында атқыш болып соғысқа кірген. 1942 жылы Оңтүстік Прибалтиканы азат етуде ерекше көзге түскен. 1944 жылғы 30 қаңтарда Украина майданында Харьковтің Новосокольники деревнясын, Опочкин ауданы Печкин деревнясын жаудан азат етуде жау траншеясына бірінші болып кіріп, қол пулеметін және жаудың бірнеше солдатын жойған. Ерекше ерлігімен басқа жауынгерлерге жол ашады. Сол үшін III дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынылған, бірақ қолына алуға бұйырмапты. Бұл мәліметтерді немересі Салтанат интернет жүйесінен тапты. 1945 жылы елге аман-есен оралған. Соғыстан кейін бейбіт өмірге араласып, ел ырзығын еселеуге қатысты. Ұлы Жақсылық ағамыздан бірнеше немере сүйді. Бір өкініштісі, Әбәқай әкемізге 1980 жылдарға дейін майдангер ретінде жеңілдіктер берілмей, немересі Салтанат пен апамыз Қорланның ізденуімен ғана Шет аудандық әскери комиссариаты тізіміне кірді.

Біз бір ғана әулет, туыс­тар мен жақындарға қатысты естелікпен бөлісіп отырмыз. Мұндай мысалдар әр отбасында, әр ауылда көптеп кездеседі. Батырлардың ерлігін баяндай отырып, халқымыздың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың ­«…Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас, Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас» деген жалынды өлең жолдарымен тәмамдамақ ниеттеміз. Әкелеріміз бен аналарымыздың Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі ұрпақтарының жадында мәңгі сақталмақ!

Иген МОЛБАСИН,
отставкадағы әділет подполковнигі,
«Қызыл Жұлдыз» орденінің,
КСРО ІІМ үздік қызметкері белгісінің иегері

Басқа материалдар

Back to top button