Жаңалықтар

Ер есімі – ел есінде

Адамзат тарихындағы ең зұлмат соғыс бұрынғы кеңестік республикалардағы әр отбасына ғаламат қасірет әкелді. Шайқалмаған шаңырақ қалмады. Қанқұйлы соғыс өрті біздің де отбасымызды, туыстарымызды, ауыл-аймағымызды айналып өтпеді.

Сурет Қорғаныс министрлігінен

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында баршамызға бейбіт өмір сыйлаған әкелеріміз бен аналарымыздың көзсіз ерлігі мен ерен еңбегін еске алып, құрметтеу – біздің асыл парызымыз.

Мақалада баяндалатын деректер әулетімізден сұрапыл соғысқа қатысқан жауынгерлер пен жеңіс үшін жанын аямай тер төөкен еңбек адамдарының тағдыры жайлы болмақ.

Әкем – Молбасыұлы Рымбек 1941-1945 жылдары алғашқы механизатор ретінде соғыстан броньмен қалған. Немере бауыры Түсіпбекұлы Мүстаяппен жұптары жазылмай, тылда Шет ауданы «Шет» совхозының шаруашылықтарында, «Айғыржал» ауылында (бұрынғы «Ақбұлақ», «Ленин», «Сталин», «Октябрь», «Жастар» колхоздарында) Жеңісті жақындатуға аянбай үлес қосып, еңбек еткен.

Ағайынды Түсіпбек пен Молбасындан тараған 7 ұлдан (Түсіпбектен – Мұстафа, Мүстаяп, Мақыжан, Ыбыжан, Молбасыдан – Рымбек, Мұстажан, Тоққожа) екеуі ғана аман қалған екен.

Әкем адал еңбегінің құрметіне «Еңбектегі ерлігі» үшін медалімен марапатталған.

Анам – Мұқанқызы Күлилә күндіз ерлердің орнына колхоздың жұмысын жасап, түнде соғысқа қажетті заттарды (азық-түлік, киім-кешек) дайындасып, майданға жіберуге ат салысқан.

«Ұлы Жеңіске 40 жыл» медалімен марапатталған.

Ата-анамыздан тараған 6 баладан немере-шөберелері бар.

Анам – Мұқанқызы Күлила, әкем – Молбасыұлы Рымбек

Мүстаяп әкемізден де тараған ұрпақтары бар.

Түсіпбекұлы Мүстаяп

Әкемнің бауыры – Молбасыұлы Тоққожа Қарағандының ФЗО мектебін бітіріп, 1939-1941 жылдары Балқаш кен-металлургия комбинатында жұмыс істеген.

1942 жылғы 15 ақпанда Ақмола қалалық әскери комиссариатынан соғысқа алынып, Сталинград шайқасына қатысқан.

Еуропаны фашизмнен азат ету жолында жанын аямай, 1944 жылы сәуір айында майдан даласында хабарсыз кетті.

Тоққожа әкеміздің артында Әрін, Аманжол және Бәтес атты үш баласы қалды. Көп ұзамай жолдасы да дүниеден өтіп, балалары нағашыларының қолында қалып қояды.

Әкем бауырының балаларына тынбай іздеу салып, 20 жыл өткен соң Ақмола облысы Қорғалжын ауданынан табады.

Үш баладан өніп-өскен ұрпақтары бар.

Тоққожа әкеміздің жерлерген жері белгісіз. Ресей Федерация Қорғаныс министрлігінің деректер базасынан жылдар бойы іздеу салып келеміз. Әзірше нәтиже жоқ.

Әкемнің немере інісі Түсіпбекұлы Мақыжан 1942 жылғы 7 наурызда Шет аудандық әскери комиссариаты арқылы соғысқа алынып,
12-ші Дон-Кавказ дивизиясының 47-ші полкінің құрамында шайқасты.

1945 жылғы 17 сәуірде (соғыс бітуге небәрі 22 күн қалғанда) Венгрияның Шиманторния селосының маңында қаза тапқан. Артында Шолпан атты қызы қалды, жиен-немерелері бар.

Әкемнің немере інісі – Омарұлы Құсайын
1942 жылы қыркүйек айында Шет ауданының «Ақбұлақ» колхозынан соғысқа алынып, 1-ші және
2-ші Украина майдандарында атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болып шайқасты.

Көрсеткен ерлігі үшін мемлекеттік марапаттары бар.

1942 жылғы 3 маусымда Украинаның Яссы ауданының Кушарская деревнясында 2 ай қоршауда болған. Сол кезде «Хабарсыз кетті» деген «қара қағаз» дайындалған екен. Қайнқұйлы соғыстан
аман-есен оралды. 9 баладан бірнеше немере-шөберелері бар.

Әкемнің немере інісі Сыздықұлы Мұса
1941 жылғы 19 желтоқсанда Шет аудандық біріктірілген әскери комиссариаты арқылы Кеңестік әскер қатарына шақырылды. Пенза миномет училищесінде 1942 жылғы 1 қыркүйекке дейін оқыған. Училищені аяқтаған соң лейтенант әскери атағы беріліп, Ленинград майданына аттанды.

Соғыста екі мәрте жараланған. 7 мемлекеттік марапаты бар, оның ішінде «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Әскери-теңіз Флотына 30 жыл», «Жауынгерлік ерлігі үшін» және т.б. медальдары бар.

Соғыстан кейін Армян КСР-ның Ленинакан қаласында, Қазақ КСР-ның Көкшетау облысы Қызылту ауданында, Жамбыл облысы Сарысу ауданында және Алматы облысы Ұйғыр ауданында әскери комиссар болып қызмет атқарған.

Соғыстан амен-есен оралып, 8 баладан немере-шөберелері бар.

Әкемнің туысы Тәңірбергенұлы Түсіпхан
1939 жылы Шет аудандық әскери комиссариатынының шақыруымен соғысқа алынды. Фин соғысына қатысқан.

1942 жылы Ұлы Отан соғысында хабарсыз кетті. Соңғы хатын Москваны қорғау жолында майданға кірер алдында жазған екен.

Әкемнің туысы Жуанышұлы Мүскен Шет аудандық әскери комиссиариатынан 1941 жылдың тамыз айында соғысқа аттанды. Әскер құрамында 1942 жылғы қараша және 1945 жылғы мамыр аралығында болды. Қызыл әскер қатарында 830 артиллериялық полк (II) 305 атқыштар дивизиясы 1 Украиндық майданының бөлімінде соғысты.

«Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Марапаттау  қағазында «1944 жылғы 21 қазаннан бастап Карпат үшін шайқаста өзін тәжірибелі және батыл артиллерист ретінде көрсетті. Бұл шайқастарда төрт пулемет пен 40-қа жуық неміс сарбазын жойып, екі пулемет пен жаудың бір 106 мм артиллериялық батареясының атысын басып, біздің жаяу әскердің алға жылжуын қамтамасыз етті» – деп жазылған.

Осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Баласы Нұратайдан тараған ұрпақтары бар.

Әкемнің үзеңгілес достары – Сүлейменұлы Адамбек және Тілеужанұлы Әбәқай жайлы тоқталып кету – әкемнің алдындағы парызым деп есептеймін.

 Сүлейменұлы Адамбек 1941 жылғы 17 желтоқсанда майданға аттанды.

Сұрапыл соғыстың өртіне оранған Еуропа жерінде талай қанды шайқастың куәсі болды. 266-дивизияның 108-полкі, 82-батальоны құрамында атқыш, әрі минометші болды. Төрт мәрте жараланса да, жауынгерлік саптан ажыраған жоқ.

Ресейдің қалың ормандарынан бастап, Украина мен Белоруссияның кең жазықтарына дейін, Молдованың терең сайлары мен Польша жеріне дейінгі шайқастарға қатысып, жауынгер достарымен бірге азаттық үшін күресті. Оның ерлігі жауынгерлік шежіренің жарқын беттеріне айналды. Днепр, Прут, Висла, Одер, Шпрее өзендерін алу кезінде асқан батырлық танытып, 1945 жылдың 14 қаңтарында Висла өзенін алу кезінде неміс бекінісіне алғашқылардың бірі болып кіріп, жаудың қуатты пулемет нүктесін жойды. Бұл шайқаста бір неміс арбасын оқ-дәрімен, сегіз жау сарбазын жойып, жеңіс жолын кеңейтті.

Осы ерлігі үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

1945 жылғы 27 сәуірде Берлиннің қақ төрінде орын алған шешуші шайқаста, Ратушаны алу үшін күресте алдыңғы шепте болды. Ол жау шебін бұзып, бір неміс офицері мен сегіз сарбазды гранатамен жойып, Кеңес әскеріне жеңіс жолын ашты. Бұл ерлігі үшін  III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

И.В. Сталиннің атынан сегіз рет алғыс алды. Соғысты Жеңіспен аяқтаған ол, Қарағанды облысы Шет ауданы Үңірек ауылында қарапайым шаруадан бастап, ферма меңгерушісіне дейін көтерілген. Қажырлы еңбегімен елдің алғысына бөленді. 10 баладан бірнеше немере-шөберелері бар.

Тілеужанұлы Әбәқай 1941 жылы соғысқа алынып, Ленин орденді Кеңес Одағының батыры генарал-майор Панфилов атындығы дивизияның 19 гвардиялық полкының 8 ротасының құрамында атқыш болып соғысқа кірген. 1942 жылы Оңтүстік Прибалтиканы азат етуде ерекше көзге түскен.

1944 жылғы 30 қаңтарда Украина майданында Харьковтың Новосокольники деревнясын, Опочкин ауданы Печкин деревнясын жаудан азат етуде жау траншеясына бірінші болып кіріп, қол пулеметін және жаудың бірнеше солдатын жойған. Ерекше ерлігімен басқа жауынгерлерге жол ашады. Сол үшін III дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынылған, бірақ қолына алуға бұйырмапты (бұл мәліметтерді немересі Салтанат интернет жүйесінен тапты).

1945 жылы елге аман-есен оралған.

Соғыстан кейін бейбіт өмірге араласып, ел ырзығын еселеуге қатысты.

Ұлы Жақсылық ағамыздан бірнеше немере сүйді. Бір өкініштісі Әбәқай әкемізге 1980 жылдарға дейін майдангер ретінде жеңілдіктер берілмей, немересі Салтанат пен менің апам Қорланның ізденуімен ғана Шет аудандық әскери комиссиариаты тізіміне кірді.

Мен бір ғана әулет, туыстар мен жақындарға қатысты естелікпен бөлісіп отырмын. Мұндай мысалдар әр отбасында, әр ауылда көптеп кездеседі.

Батырлардың ерлігін баяндай отырып, халқымыздың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтің

«…Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, шел ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп тынбай жортқан
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шелі, белі
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!»

– деген жалынды өлең жолары еріксіз еске оралады.

Әкелеріміз бен аналарымыздың Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі ұрпақтарының жадында мәңгі сақталмақ!!!

Молбасин ИГЕН,

отставкадағы әділет подполковнигі,

«Қызыл Жұлдыз» орденінің,

КСРО ІІМ үздік қызметкері белгісінің иегері

Басқа материалдар

Back to top button