Ер есімі ел есінде
Мың өліп, мың тірілген қазақтың өткен ғасырда басына түскен ауыртпашылықтар мен қиындықтарды бір кісідей көтере білген, елінің азаттығы мен халқының амандығы үшін жанын шүберекке түйіп, жанқиярлықпен ерлік көрсеткен, соңына өшпес із қалдырған аға ұрпақтың ірі өкілінің бірі есімі Сарыарқаға мәшһүр марқұм Камали Жұматайұлы Дүйсембеков еді. Камали Жұматайұлының туғанына биыл 26 желтоқсанда 100 жыл толады.
Өмір жолында көптеген жасқа қамқоршы, ұстаз болған Ұлы Отан соғысының хас батыры, «Даңқ» орденінің III дүркін иегері Шет, Жаңаарқа аудандарының, Қарағанды қаласының, Қарағанды облысының «Құрметті азаматы» Камали Жұматайұлы жалындаған жастық шағының 17-20 жас аралығында ірі тарихи шайқастарға қатысты. Соғыстың ең қиын-қыстау өткелінен өткен ол ерте есейеді.
Кәмекең алғашқыда Вологдада құрылған ІІІ атқыштар дивизиясы құрамына қабылданып, Москваның маңындағы Нокинский ауданында үш айға жуық уақыт әскери жаттығудан өтеді. Жаттығудан ойдағыдай өткен соң ағаны 4 Украина майданындағы 13 корпусқа қарасты 2-екпінді гвардиялық армияның ІІІ атқыштар дивизиясының 77-і полкіндегі неміс ауыр танкілеріне қарсы тұратын арнайы ротаға жібереді. Онда Кәмекең танк атқыш (ауыр танктерді талқандайтын қарудың иесі болады) №1 жауынгер ретінде алғашқы ұрыстарға қатысады.
Бұл жолғы айқас аса ауыр, сұрапыл жағдайда өтеді. Ол Ұлы Отан соғысының тарихында қалған Сталинград үшін шайқас еді. Жоғарыда аталған атқыштар дивизиясы Тамбов, Пенза облыстары және Рузаевка, Калаш станциялары арқылы 1942 жылы қараша айында Сталинград түбінен бір-ақ шығады. Соғыстың осындай ауыр қаһарлы күнінде бас қолбасшы генералиссимус И.Сталиннің «Ни шагу назад» деген әйгілі бұйрығы қабылданғанда майданның осы кезеңінде Кеңес әскерінің барша бөлімшелерінің жағдайы өте қиын еді. Барлық маңызды биіктер мен әскери стратегиялық орындарға мықтап бекіген жаудың алапат гарнизондары оңайшылықпен алдыртпайды.
Жоғарыда ұяда отырған жау минометтері әуеден соққылаған жау ұшақтары, жаяу әскерін артынан қаптата ауыр артиллериясы мен ауыр танктер шабуылға шыққан әскерді бас көтертіп, ес жиғызбады.
Дегенмен де, Кәмекең ағамыздың есінде қалған Жеңіске тезірек жетуге көмектескен көрер көзге елеусіздей болып көрінетін мынадай бір жайт «Аққа Құдай жақ» – дегендей, Жаратқанның қалауымен қарашада жауған қалың қардың көмегі көп тиеді.
Қар қалың жауып, аяғы боранға ұласып, даланың бәрі ақ қар, көк мұзға айналды. Осының әсерінен жау әскерлері әлсіреп, олардың аспанда да, жерде де шайқастарына орасан кедергі келтірген-ді. Дәл осындай кезде №1 танк-атқыш жауынгері Камали Дүйсембеков отырған танк атқыш рота секілді арнайы қарулармен қаруланған ауыр артиллериялары мен ауыр танктерді артатын рота, взводтардың шабуылы өте маңызды болды.
Сонымен қатар, көп құрбандық болса да, қайта-қайта шабуылға көтерілген біздің армия бірнеше дүркін қиян-кескі ұрыстардан кейін, әйгілі стратегиялық «Шеңбер» әскери операциясы бойынша фашисттердің Сталинградтағы қорғаныс шебін бұзып-жарып, оларды қаладан қуып шығарады.
Сталинградты қорғаудағы көрсеткен ерлігі үшін 1943 жылы III дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.
Кәмекеңнің әскери бөлімі Дон өзеніне бет алып, жолда көптеген елдімекендерді Ақсай, Новочеркасск қалаларын басқыншылардан азат етеді.
1943 жылы қаңтар айында қайтадан толықтырылған №3 атқыштар дивизиясы жаңа құрамда Кәмекеңдер жүрген әскери бөлім Ростов қаласына табан тірейді. Кескілескен ұрыстардың нәтижесінде қаланы жау қолынан азат етеді. Әрі қарай Украинаның бірнеше қалалары мен елдімекендерін жаудан азат етіп, ауыр ұрыстар мен шайқастарды бастарынан өткізіп, отқа оранып, суға малшынған сарбаздардың қатарында Камали аға да жүреді. №2 екпінді армияның құрамындағы №3 атқыштар дивизиясы 1944 жылдың басында Қырымды азат етуге бағыттайды. Мықтап жау бекінген тарихта «Түрік орын» («Турецкий вал» деген атпен аталатын ұзындығы 30-40 шақырым, ені мен тереңдігі 25 метрге созылған ор) Евпатория, Симферополь, Севастополь, Сака секілді ірі қалалар мен елдімекендерді жау қолынан азат етуде №3 атқыштар дивизиясының гвардия аға сержанты Камали Жұматайұлының осы шайқастарда көрсеткен ерлігі ерекше болды.
Камали ағамыздың ерліктері туралы архив құжаттарына сөз берсек: «Наградной лист (форма бойынша наградаға ұсынылған жауынгерлердің деректері көрсетілген) 31 июля 1943 года в бой под селом Степановка при отражении контратаками танков противника огнем из ружья ПТР уничтожил танки противника и из винтовки истребил 8 солдат и офицеров противника. 14 января 1944 года в бою в районе Б.Лепешихи умело командовал отделением при отражении контратаками противника лично сам из ружья ПТР уничтожил 4 гитлеровца.
Достоен представлению к Правительственной награде Орденом Отечественной войны II степени.
Командир 72 Гвардейского полка Гвардии майора Шепелев от 23.03.1944 года.
Приказом командира 24 Гвардейской стрельковой дивизии №22/4 от 22.04.44 года награжден орденом «Славы» III Степени». Соғыс уақытында асығыстықтан қалайша Кәмекең екінші рет III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған? Бұл марапатты Кәмекең бұрын 1943 жылы алған-ды.
Сол себепті 1944 жылдың қыркүйек айындағы берілген «Даңқ» орденінің II дәрежесі де, бір саты жоғары болу керек еді. Бірақ та, бұл құжаттарда жіберілген кемшіліктер Камали ағамыздың Батыр екеніне шек келтірмейді.
Камали ағамыздың соғыс пен бейбіт өмірде қандай марапаттар мен наградаларға ие болғаны ауданның, облыстың зиялы қауымы мен қалың жұртшылығына аян.
Әрі қарай 1944 жылдың сәуір айының басында майданның алғы шебінде жүруге арналған майор Бузанов басқарған екі үлкен штрумдық отряд құрылып, (отряд құрамында 5 катюша, 76 зеңбірек, 10 шақты соғыс машинасы және 200-дей солдат, т.б қару-жарақпен қаруланған) оның құрамына өз еркімен сұранып кірген Кәмекең ауыр шайқастарда көзге түседі. Осы шайқастың бірінде Камали ағамыз оң жақ иығынан ауыр жарақаттанады. Бұл 1944 жылдың 6 мамыры болатын. Иркутск қаласындағы үлкен госпитальда 6 ай емделеді. Оңалған соң 1944 жылы қыркүйекте туған елге аман-есен оралады. 1945 жылы Марфуға Түсіпбекқызымен отбасын құрады. Өмірге 10 перзент келіп, асқар тау әке атанады.
Аға буынның өкілі Камали ағамыз бен әкелеріміздің жанқиярлық ерліктерінің арқасында неміс-фашист басқыншыларынан Отанымыздың азаттығын қорғап қалды. Олардың алдында кейінгі ұрпақ біздер және бүгінгі жастар әрқашанда тік тұрып, басымызды иіп, тағзым ету – парызымыз.
Ағамыздың Жәния атты қызының әкесі туралы қысқаша үзік ой толғамы. «Әкеміз 1924 жылы Бұқар жырау ауданының Ақбастау ауылына қарасты Өртен-Жал, Жаңбас бұлақ жерінде туған. Он жасынан бастап, Қарағандыда №1 кірпіш зауытында қара жұмысқа жегілді. Жұмыс істей жүріп, оқуын да ұмытпады. Әкесі өндірістік жарақаттан өмірден ерте 1937 жылы өтеді. Отбасының ауыртпашылығы әкейге түседі. Күн-түн демей тынымсыз еңбектенген Инкар анасына баласы барынша көмек көрсетіп, 1941 жылы зауыттың көлік айдаушысы болып еңбек етеді. Ауыр еңбектің әсерін осы жерде санасына сыйғызады. 1942 жылы өзі сұранып соғысқа аттанды.
Отанымыздың бостандығы мен азаттылығы үшін жанқиярлық ерлік жасап, майдан даласында шейіт болғандар мен еліне аман-есен, мүгедек болса да оралғандардың, бүгінде арамызда жоқ соғыс ардагерлеріне басымды иіп, тағзым етемін. Олар бізге осы өмірді сыйлады.
Әкей өмірінің соңына дейін соғыстың киян-кескі көріністері мен зардабын бізге айтып отыратын. Жан-жағымыздан, төбемізден жаңбырша жауған жаудың оғының ысқырған дауысы мен зілін естіп, осыдан сәл ғана бір минуттай бұрын сөйлесіп тұрған жолдасының оққа ұшқанын көру қиынның-қиыны. Командирдің бізге – сарбаздарға «Бір қадам шегінбе, тек қана «Алға!» деген бұйрығы – өмір мен өлім еді. Әкей өмірден өтерінен бір күн бұрын (94 жасқа қараған кезі) Сталинград майданын есіне алып, «Ертең 1 ақпан бұл ұлы шайқастың болғанына 75 жыл толады» – деп, келесі күні, яғни, 1 ақпан 2018 жылы сағат 11:30-да үлкен жүрек соғысын тоқтатты.
Әкей секілді осындай азаматтардың халқының бостандығына өлшеусіз қосқан ерліктерінің арқасында қазіргі салтанатты ғұмыр кешіп жатқан ұрпақ олардың есімін ұмытпай, құрметтеу – парыз. Әкейдің соғыстағы ерлігі Қарағанды облысы бойынша 5-7 сыныптың «Өлкетану» бағдарламасына енді. Бүгінгі ұрпақ балаларымыз бен немерелеріміз өткеннен үлгі алып, Отаның қорғауға дайын болып, шыңдалады деген сенімдемін.
Әкеміздің есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады», – деп Жәния сөзін аяқтады.
Кәмекең қайтадан құрылған Шет ауданын басқаруға 1964 жылдың желтоқсанында азаматтың қамал алатын 40 жасында, қырғын соғыстың қиындықтарын бастан өткізіп, бейбіт күнде лауазымды қызметтерді атқарып, өмірлік мол тәжірибе жинақтап, шыңдалған нағыз бекем жігіттік шағында құлшына аса жауапты жұмысқа кіріседі.
Кәмекеңнің басшылығымен Шет ауданы 1965-1980 жылдары Қарағанды, кейіннен Жезқазған облысында іргелі аудандардың бірі болды. Осы кезенде жергілікті жұрттың әл-ауқаты біршама жоғары деңгейге көтеріліп, кеңшар орталықтарында, елдімекендерде, бөлімшелер мен қыстақтарда өндірістік бағытта және мәдени-әлеуметтік саласында құрылыс жұмыстары қарқынды жүрізілді. Аудан орталығында Ақсу-Аюлы селосында аудандық аупарткомның 2 қабатты әкімшілік үйі, 32 пәтерлі 16 тұрғын үй, 8 пәтерлі екі қабатты 5 үй салынды. Аудандық тұрмыстық комбинаты және байланыс пошта ғимараттары бой көтерді. Ақсу-Аюлы, Бұрма, Просторный, Красная Поляна, Талды, Кеншоқы елдімекендерінде орта мектеп пен мәдениет үйлері салынып, халықтың пайдалануына берілді.
Кәмекеңнің тікелей басшылығымен 1977 жылы Красная Поляна ауылдық округіне қарасты «Бекет» бөлімшесінде «Шерубай-Нұра» өзенін бөгеп, су қоймасы (плотина) салынды. Бүгінгі күні осы елдімекенде 900 гектар картофель, 2000 гектар егістік алқап суландырылып, жыл сайын мол өнім алуда. Осындай игі істердің басында 16 жыл бойы ауданның басшысы болған Кәмекең ағамыз тұрды.
Камали Жұматайұлының соғыстағы және бейбіт өмірдегі көрсеткен ерліктері мен ерен еңбектері жөнінде көп айтуға да, жазуға да болады. Әзірше, тоқтай тұрып, келешекте бұл бағытты қаламгер мен жазушылардың еншісіне қалдырайын.
Камали Жұматайұлының есімін аудан көлемінде жадымызда мәңгі сақтау үшін және жастардың патриоттық сезімін көтеру мақсатында ҰОС Жеңісіне 80 жылдығына орай ауданның ардагер-ақсақалдары Ақой жалпы білім беретін орта мектептің атын Камали Дүйсембековке беруді және аудандық әкімдіктің ғимаратына Камали Дүйсембековке ескерткіш мемориалдық тақта орнатуды сұрайды.
Бұл ұсынысты Ақой ауылдық округінің тұрғындары мен аудан және облыс әкімдері қолдайды деген сенімдемін!
Есімі аңызға айналған дәуірдің тұлғасы, қоғам қайраткері, абыз ағаның Камали Жұматайұлының Дүйсембековтің жарқын бейнесі тарих парақтарынан өшпес орын алып, ұрпақ санасынан мәңгі ұмтылмақ емес!
Боранбай ЖҰМКИН,
Шет ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері.