Энтеровирус әлекке салмасын
Жыл сайын жазғы уақытта энтеровирусты инфекциялар белең алады. Биылғы бес айда энтеровирустардан пайда болатын серозды менингит күдігімен 11 жағдай тіркелді. Оның жетеуі расталды. Былтыр бұл кезеңде 16 жағдай тіркелген болатын. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары вирустан сақтануды ескертеді.
Серозды менингит жағдайлары Қазыбек би атындағы ауданда, Шахтинск қаласы, Бұқар жырау ауданында тіркелген. Мамандардың айтуынша, ауырғандардың дені 14 жасқа дейінгі балалар. Ауру суық тию (49%), ашық су қоймаларында суға түсу (28,5%), жеке гигиенаны сақтамау (21%) және науқас адаммен қарым-қатынас (1,4%) кезінде пайда болған.
Энтеровирусты инфекция – жыл бойы тіркелетін ауру. Бірақ, оның өршуі жазғы-күзгі мезгілде болады. Вирус суда немесе дымқыл жерлерде екі айға дейін сақталады. Ультракүлгін сәуле әсерінен, қайнатқанда не кептіргенде өледі.
– Жұқтырған адамда әуелі дене қызуы көтеріледі. Әлсіздік, бас, тамақ ауруы, ауыз қуысында бөртпе пайда болуы мүмкін, кей жағдайда жөтел, мұрынның бітуі байқалады. Аурудың 1-2 күнінде аяқ-қолда бөртпе шығады. Ол 24-48 сағат ішінде сақталып, сосын кетіп қалады. Ауру көп жағдайда айқын белгілерсіз өтеді, тек 1-3%-ында ғана асқынулар болуы мүмкін, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова.
Аурудың асқынуы серозды менингитке алып келеді. Ол – бас ми қабығының зақымдалуымен сипатталатын жіті инфекциялық ауру. Гүлжан Жақтайқызының айтуынша, вирус әркезде артып тұрады екен. Мәселен, 2014 жылы 139 жағдай, 2019 жылы 135 жағдай тіркелген.
– Департамент энтеровирусты инфекцияларға мониторинг жүргізіп отырады. Эпидемиологиялық инфекция анықталған жағдайда ауру ошағын, қоздырғыштарын анықтау, оның шекарасын белгілеу, оның басқаларға жұқпауы бақыланады. Қоршаған ортадағы энтеровирустардың айналымы зертханада тексеріледі. Мамырдан бері ашық су қоймаларынан энтеровирус инфекцияларына 29 сынама алдынды. Вирус анықталған жоқ, – деді Гүлжан Жақтайқызы.
Мамандардың айтуынша, су көптеген инфекциялық аурулардың берілу көзі. Сондықтан, күннің ыстығына қарамастан, ашық су қоймаларына немесе субұрқақтарға түспеген жөн.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz