Энергетика енжарлықты көтермейді
Энергетикалық коммуналдық сектордағы қым-қуыт тіршілікті ескере отырып, «Тарифті инвестицияға айырбастау» саяси бағдарламасын жүзеге асыратын уақыт келді деп топшылады ресми билік. Оны Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы жариялады. «Біз тарифтерді біртіндеп көтеріп, оларды нарыққа жақындатамыз немесе барлық қалалар мен ауылдар инфрақұрылымсыз қалады», – деп кесіп айтты Президент.
Өндірісті өңірде әзір энергетика тапшылығы сезілмегенімен, шұқшиятын түйткілдер аз емес. Ол мәселелер уағында көзәйнекпен емес, дүрбімен қарауды қажет ететіндей. Осы мақсат үдесінен шығу үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті бастамашыл болған электр энергиясын тасымалдайтын бірқатар нысандарды өз көзімізбен көруге асықтық.
Осакаров ауданы жазда желді, қыста қарлы. Содан болар, мұндағы тұрғындар «электр жарығы жиі сөнеді» деген базынасын жасырмайды. «Күн райы жайсыз болса, ұялы телефонымызды жалма-жан қуаттап алуға асығамыз» дейді ауыл тұрғыны. Жергілікті қосалқы станциясы диспетчері ұсынған апаттық журнал дәйектеріне сенсек, ауданда жарық өшу жиілігі айына 20 реттен кем түспейді. Мәселенің мәнісін білмекке аймаққа электр энергиясын тарататын Қарағанды өңірлік энергетикалық компаниясының бас инженері Игорь Кондрашинге жүгіндік.
– Біз Насосная 19 қосалқы станциясында тұрмыз. Нысан тораптық мәнге ие. Молодежный кенті аймағындағы елді мекендер энергия кернеуін осы станциядан тұтынады. Мұндағы желілер 60-шы жылдардан бері қарай қолданылып келеді. Биылғы инвестбағдарламаға бөлінген қаражат сомасы 110 млн. теңге шамасында. Жекелеген нысандар күрделі жөндеуден өтіп, тозығы жеткен сымдар ауыстырылды, – деген ресми жауаппен шектелді Игорь Александрович.
Насосная 19 станциясының ахуалы бір қарағанда қораш көрінді. Мұнда келген делегацияны темір шарбағы «құшағын айқара ашқан» қалпында қарсы алды. Қатардағы ардагер энергетиктер «Стратегиялық нысан қақпасы неге ашық жатыр?» деген заңды сауал тастады ортаға. Сауалға «Тасымалдау жұмыстары атқарылды» деген екіұшты жауап қайтарылды.
«Теңіздің дәмі – тамшысынан». Облыстың бас энергетигі Қымбат Бейсенов эксперттік кеңестің инвестбағдарламаның игілігін іс жүзінде көре алмай тұрғандығын жасырмады.
– Бағдарлама әу бастан энергетиктер жалақысының көтерілгенін меңзеген еді. Алайда, көтерілген жалақы 350 мың теңгені құрау қажет болса, қарапайым энергетик 200 мыңды місе тұтқан. Сұрасақ, қолына қанша қаражат алатынын білмейді. Не жасырып тұр. Сондықтан, бөлінген қаражаттың нақты қайда жұмсалатынын бағамдауға келіп тұрмыз. Ә деген бетте қызметкерлеріңіздің үстінде арнайы киімі мен басында каскасы жоқ екендігінің өзі жұмысқа деген салғырттықты аңғартады. Энергетика енжарлықты сүймейді, – деп наразылық білдірді Қымбат Серікұлы.
Былайша станция жұмыс істеп тұр. Бірақ жабдығы көне. Жаңалау амалдары тым баяу.
– Жабдықты жаңалау былай тұрсын, ол туралы сөз етудің өзі қазір қисынсыз. Өйткені, мына нысанды орта деңгейдегі қалпына келтіру құнының өзі қазіргі бағаммен алғанда 50-80 млрд. теңге. Тұтастай алғанда, «ҚАЭК-тің» желісі «өлместің күйін» кешуде. Әрі энергетика желісі облысқа «тарыдай шашылып» тарап жатыр. Сол себепті, мұндай алып кешенді қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру тұрмақ, күнделікті қадағалаудың өзі қиынның қиыны. Енді бұл арада электр желілерін басқару жөніндегі KEGOC Қазақстан компаниясы да өз үстемдігін жүргізіп бағады. Өзіңіз анықтап қараңызшы. Кейде кезекшілер жарықтың сөну себебін де анықтай алмай дал. Бұл дегеніміз – nonsense! Яғни, қос компания арасында ынтымақтастық, ашықтық та кем. Бірлескен жоспар да, жұмыс та тең емес. Теңсіздік салдары былайғы бұқараның қитығына тиеді. Халық қаражатын күнбе-күн төлеп тұр. Ал, жарық жарты күнге кешігеді. Біздің қолымызда ашық ақпарат жоқ. Компаниялар көп жайды жасырып тұр. Осыдан келіп, бітпейтін жаппай жабдық жаңалау науқаны жүргізіледі, – деп пікір қосты Қазақстан тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамының өкілі Юрий Меркудинов.
Келесі бағыт Осакаров кентіндегі Қарағанды өңірлік энергетикалық компаниясына қарасты кернеуі 10 киловольт әуе желісінің тоғаны болды. Жұмыс бабымен «ҚАЭК» ЖШС директоры Нұржан Ежебаев таныстырды. Таныстырып жатып, сарапшылар кеңесінің «жарықтың өшу жиілігі» тұрғысындағы сауалдарын Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне тиесілі екендігін, кейбір «ұнамайтын» сұрақтарға жауап беруге міндетті еместігін алға тартты. Егерәки жауап беретін болса, хат жүзінде іске асыратынын да жеткізіп қойды. Бұған Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Қымбат Бейсенов кері уәж келтірді. Тұрғындар наразылығы бекітілген инвестбағдарламаның сапасына мін келтіреді. Сондықтан, баспасөз туры да тексеру шарасына жататындығы айтылды жиында.
– Өндірістік жұмысшылардың жалақысы 100-150 пайызға көтерілген еді ғой. Бірақ олар ондай бағам игілігін көрмей тұрғанға ұқсайды. Мұндағы жалақы небәрі 20-30 пайызға артқандығы мәлім әзірге. Керісінше, әкімшілік персонал қызметкерінің орташа еңбекақысы 420 мың теңге мұғдарында. Яғни – 200 пайыз. Көп жайт дүдәмал, – деді Қымбат Серікұлы таңданысын жасырмай.
Сапарды диспетчер кеңсесінде қорытындылаған сарапшы алқа барлық іс-амалдар заң жүзінде орындалуы қажеттігін баса айтты. Бір анығы инвестициялық бағдарлама «қанатын кең серпісе», тарифтің тығырығынан қарапайым халық «тұншығады». Не десек те, бұдан желі мен жабдық тұтас жаңармасы аян. Президент тапсырмасы тиянақты орындалып жатыр дей қоюға да ауыз бармайды. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша энергетикалық жүйенің тозу деңгейі 2030 жылға қарай 15%-ға төмендеуі тиіс. Көрсеткіштің «су бетіне шыға қоюы» екіталай. Жөпелдемеде оған жете қою үшін тарифтің бірнеше есе өсуі қажет. Оны бірден 300-400%-ға қалай арттыруға болады? Халық тіптен, түсінбейді… Сауал түсінікті. Жауап екіұшты.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz