Емханаға тіркелу басталды
Елімізде 15 қыркүйектен бастап емханаларға халықты тіркеу науқаны басталды. Бұл 15 қарашаға дейін жалғасады. Қазақстандықтар медициналық қызмет алу үшін емхананы өз қалауы бойынша таңдай алады.
– Емхана – бұл жалпы денсаулық сақтау жүйесіне кіретін қақпа. Сондықтан келесі екі айдың ішінде азаматтар тұрғылықты жері бойынша емхананы еркін таңдау құқығын пайдалана алады. Отбасылық қызмет көрсету қағидаттарын іске асыру және медициналық-санитарлық көмекке қолжеткізу үшін емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдау ұсынылады. Бұл медициналық ұйымдарға бекітілген пациенттердің денсаулығын үнемі бақылауға және қажет болған жағдайда үйіне баруға мүмкіндік береді. Соңғы уақытта орын алған жағдайларға, әсіресе, коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде бұл өте маңызды болғаны белгілі, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде азаматтарға көрсетілген қызметтер үшін Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарына ақы төлей бастайды. Ал емханаларға тіркелмеген 231 133 қазақстандық жоспарлы медициналық көмекке зәру болып қалуы мүмкін.
Тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры бойынша медициналық қызметтер көрсетуге үміткер медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Тізіммен МӘМС қорының www.fms.kz сайтында, «емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады. Жыл соңына дейін азаматтарға бұрын тіркелген емханада қызмет көрсетуді жалғастырады. Ал жаңа тіркелген жері бойынша қызметті 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz