АймақАқтоғай

Емдеу мекемелері – ел игілігіне

Басы ауырып, балтыры сыздаған адамның әуелі шипа іздеп, өзі тіркелген аумақтағы медициналық мекемеге жүгінері анық. Осы ретте мемлекет ауылдық аймақтардағы халықтың денсаулығын түзейтін мекемелердің жағдайына бірінші кезекте көңіл бөліп отыр. Жақында Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай ауылында акушерлік-фельдшерлік пункт пайдалануға берілді.

Сурет: автордан

Салтанатты шараға жиналған ауыл тұрғындарының қарасы мол болды. Ақтоғай ауданының әкімі Руслан Кенжебеков мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бірнеше денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілетінін және медициналық ғимаратпен толық қамтылатындығын жеткізді.

– Сіздерді медициналық нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күнді ауыл тұрғындарының асыға күткені жасырын емес. Енді, ауыл тұрғындары осында ем қабылдап, денсаулығын нығайтады. Осындай акушерлік-фельдшерлік тіректер қажет. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлеуметтік салаға үлкен мән беріп отыр. Соның ішінде, әсіресе, денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа ғимарат халықтың игілігіне қызмет ете берсін! Мұнда жұмыс істейтін ақ халатты абзал жандардың жұмысына табыс, абырой тілеймін! – деді Руслан Кенжебеков.

Сонымен қатар, Қызыларай ауылындағы акушерлік-фельдшерлік пункттің ашылу рәсімінде зейнеткер Сатыбалды Шакиров пен көп жыл бойы денсаулық саласында қызмет атқарған Бақыт Изақова жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Ауыл денсаулығы» жобасы аясында биыл аудан бойынша жаңадан 9 нысанның құрылысы басталмақ. 

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button