Елтаңба жасау – ермек емес

    Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін барлық мекемелердегі Елтаңбалар ауыстырылуы қажет. Яғни, нышандар өзгертулер енгізілген СТ РК 989-2014 стандартына сай алмастырылуы тиіс. Бұған дейін қолданыста болған 2008 жылғы нормалар бір айдан кейін жарамсыз ретінде танылмақ.

Жаңа рәмізді жасақтауға қарағандылық кәсіпорындар да атсалысты. Солардың бірі – облыс орталығындағы «АқбастауKZ» ЖШС. Бүгін аталған серіктестікке барып, тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті. Және жаңашыл Елтаңбадағы өзгерістер туралы мағлұмат алудың орайы келді.

Тарату бөлімінің жетекшісі Ольга Стасенконың айтуынша, жаңа талапқа сәйкес, 6 өзгерту енгізілді. Елтаңбаның негізгі түсі алтын түске боялды. Элементтерінің формасы өзгертілді. Бұйымда реттік саны көрсетілген голограммалар, кәсіпорынның техникалық қадағалау бөлімінің мөрі болуы міндеттелді.

Сондай-ақ, өнімнің кепілдік мерзімі көрсетілуі қажет. Жаңа шарттар бойынша кепілдік уақыты үш жылдан кем болмауы керек. Бұл өндірушілерді өндірісте сапалы шикізат қолдануға, өнім дайындау процесіне мұқият ден қоюға бастайды.

«АқбастауKZ» жоғарыда аталған талаптар негізінде жұмыс істеуде. Кәсіпорынның Мемлекеттік рәміздерді жасауға берілетін арнайы лицензиясы бар.

Директордың өндіріс бойынша орынбасары Иван Шкуропатов Елтаңба әзірлеу барысымен таныстырды. Бір бұйымды дайындауға бір апта уақыт жұмсалады. Толығымен қазақстандық шикізат пайдаланылады. Әуелі қайнатылған полифирлі шайыр Елтаңба бедерленген ыдысқа құйылады. Кепкеннен кейін 4 сырлау процесінен өтеді. Алдымен, бедеріне сай тегістеледі. Содан соң лакталып, алтын түске боялады. Ең соңғы нүктеде әрбір элементтеріне жеке-жеке сыр жағылып, кептіру цехына жөнелтіледі. Осында техникалық қадағалау бөлімі тексеріп, тиісті мөрін соғады. Сол жерден қоймаға жеткізіліп, тапсырыс берушіге табысталады.

Компанияда 84 адам еңбекпен қамтылған. Өндірістік цех үзіліссіз жұмыс істейді. Біз барғанда мүсінші Таңат Ашкаев пен көмекшісі Жанат Сәрсеков қалыптан шыққан бұйымның кем-кетігін толтыру үстінде екен. Мүсіншілерден кейін реставратор-әрлеуші Володя Мухин оның қырларын қырнап, жонып шықты.

Келесі кезекте жартылай дайын өнім суретшілерге табысталды. Мұнда әзір отырған Ғазиза Жағыпарова бастаған қыздар дереу іске кірісті. Раушан Омарова, Айгүл Нанчикеева, Айдана Аринова мен Татьяна Петрова бояу жүргізгенде, қылқаламдарына көз ілеспейді. Әп-сәтте сырлап, бұйымды кептіру цехына жеткізді.

2003 жылы іргетасы қаланған ұйымның өніміне сұраныс жоғары. Еліміздің барлық аймағында дилерлік орталықтары жұмыс істейді. Өңірлердегі мекемелерді жылына 10 мыңның шамасында Елтаңбамен, 30 мыңға жуық Мемлекеттік Тумен қамтып отыр. Бұдан бөлек, тутұғыр, стенд, плакат, мінберлер мен түрлі қосалқы бөлшектер өндіреді.

Елтаңбаны алмастыруға берілген мерзімнің тәмамдалуына таяғандығынан болар, қазіргі таңда кәсіпорын тапсырыстың астында қалған. «Жұмыс көп. Бел шешіп, бой жазарға уақыт жоқ», – дейді Ольга Владимировна. Оның үстіне Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында түрлі бөлшектерге де сұраныс артқан. Мөрден бастап мінберге дейін өндіретін серіктестік ұжымы қызу жұмысқа кіріскен. Өнімнің сапасы – басты назарда. «Елтаңба жасау – ермек емес. Біз әр Елтаңбаға бес жыл кепілдік береміз», – дейді «ақбастаулықтар».

Нұрқанат ҚАНАФИН

СУРЕТТЕРДЕ:

1. Мүсінші Таңат АШКАЕВ пен көмекшісі Жанат СӘРСЕКОВ жұмыс үстінде.

2. Әрлеуші Володя МУХИННІҢ де жұмысы оңай емес.

3. Ғазиза ЖАҒЫПАРОВА мен Айгүл НАНЧИКЕЕВА сырлау ісінің шеберлері.

Суреттерді түсірген автор.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.