Елордадан ескен жыр лебі
Өлең – оның жан сыры. Өлеңінің әр тармағында даланың иісі, әр буынында балалықтың ізі жатыр. Кейде желдің сыбдыры мен бозторғайдың шырылы да қатар естіледі. Оқып отырып, шаттанасың. Немесе көңілің босайды. Ал, ақын өз өлеңдерін оқыса, Арқаның аспаны күркірейді. Сағыныш пен сағым араласқан дауысы сары даланы кезіп кетеді. Сол сағыныш Қарағанды аспанында жаңғырды. Кеншілер өлкесіне Президенттік арнайы әдеби сыйлықтың иегері, ақын Жәнібек Әлиман келіп, туған жерін осындай әсерге бөледі…
Былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп, біршама игі жобаларды қолға алған еді. Соның бірі – «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» бағдарламасы. Ал, Жәнібек ақын осы бағдарлама аясында туған топырағына келіп, қалам тербеді. Нәтижесінде «Алтын тұңғиық» кітабы жарық көрді. Ақын сол жаңа кітабын Арқа еліне ала келіп, жұртына таныстырды. Аға буынның ақ батасын алды. Кездесуге Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапхана ұйытқы болып, ақынын «Ұлттық кітап күні» аясында қалың оқырманымен қауыштырды.
Кешке филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның мәдениет қайраткері, ақын Қойлыбай Асанов арнайы келіп, шәкіртіне жылы лебізін білдірді. Айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұл да төрден табылып, кітаптың тұсауын кесті. Дәстүрлі әннің дүлдүлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сержан Мұсайын, әнші, композитор, Кеншілер мәдениет сарайының директоры Саят Әбдіғали, актер Дунай Еспаев та арнайы келіп, ізгі тілегін жолдады.
– 17-ден енді асқан бозбала Өспеннің боз даласынан аттанып, Қарағанды университетіне оқуға түсті. Төрт жыл бойы өзіне ұстаз болдым. Жоғары оқу орнын және магистратураны да тәмамдағанда дипломдық жұмысына жетекшілік еттім. Содан кейін Жәнібекті «Өзімнің Жәнібегім» деп айтамын. Жәнібектің бойында қазақтың боз даласының барлық қасиеті бар. Қарағанның қасиеті, тобылғының тектілігі, жусанның жасындығы, көденің кеңдігі де қылаң береді. Жазған жырларынан да осы қасиеттер сезіліп тұрады, – деді Қойлыбай Асанов.
Сонымен қатар, ауылдан бір топ аға буын өкілдері арнайы келіп, ел жақтан сәлемдемесін ала келіпті.
– Өспен – Сәкен қанаттанған жер. Ақындық ұлы жолды Сәкен бастап еді. Бүгінде інілері жолын жалғастыруда. Жәнібектің туындыларын оқып отырып, Сәкенді көз алдыма елестетемін. Өзіңе Сәкеннің ел алдындағы абыройын берсін, – деп батасын берді зейнеткер ұстаз, жазушы Жұмағали Мағзи.
Кітап – екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімінде ақынның поэмасы мен туған жер тақырыбындағы бір топ өлеңі топтастырылыпты. Ал, екінші бөлімінде еркін тақырыптағы туындылары басылған.
Кеш барысында Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқыды.
– Осы уақытқа дейін білгенім, көргенім, сезгенім, басымнан өткен дүниемнің бәрі осы кітапта. Байқаудың талабына сәйкес әр ақын-жазушы өз қалауынша бір аймақты алып, кітап жазуы керек. Мен өзім туған топырақты жырға қостым. Әзірге кітап 500 данамен жарыққа шықты. Алдағы уақытта екі ұйым өкілдері көбейтеміз деп уәде берді. Қазақтың поэзиясына шамамыз келгенше қызмет етеміз, – деді Жәнібек Бақытұлы.
Ақын жыр оқыды. Ал, Қарағанды аспаны үнсіз тыңдап тұрды…
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген автор