Елімізде төлқұжатты кімдер тегін ала алады?
Шетелге шыққысы келетін кей қазақстандықтар мемлекеттік төлқұжатты тегін алуға мүмкіндіктері бар. ҚР ІІМ көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанда 1 488 308 азамат төлқұжат алған. Бұл еліміз үшін рекордтық көрсеткіш.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/178469494_3543188105781032_1640089560144864094_n.jpg)
Ішкі істер министрлігі көші-қон қызметі комитеті Халықты құжаттандыру басқармасының аға инспекторы Айнұр Байгеленованың айтуынша, мемлекеттік құжатты алу үшін баж салығын төлемейтін азаматтардың санаты бар.
Салық кодексінің 622-бабына сәйкес:
- ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар;
- Кеңес одағының батырлары;
- Социалистік еңбек ерлері;
- Мүгедектігі бар азаматтар (барлық топ);
- Бала кезінен мүгедек болған азаматтың ата-анасының бірі;
- Қарттар мен мүгедектерге арналған мекемелерде тұратын егде жастағы адамдар;
- Жетім балалар және балалар үйлерінде немесе интернаттарда тұратын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- «Батыр Ана», «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерінің иелері;
- Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтарға төлқұжат тегін беріледі.
Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан мәлім еткендей, 2025 жылдан бастап елде айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгеге өсті. Осыған байланысты мемлекеттік құжаттарды дайындау құны да көбейді.
Төлқұжат жасату құны:
– 24 парақ – 4 АЕК, яғни 15 728 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
– Қолданыстағы 36 парақ төлқұжат құны 8 АЕК яғни, 31 456 теңгеге өседі.
– 48 парақ – 12 АЕК, яғни 47 184 теңге (ересектерге) болады.
Төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ қазақстандықтар қосымша ақы төлеп, төлқұжатты тезірек алуына болады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА