Елімізде 700 мыңнан астам адам күйзелісте жүр
Countrycassette халықаралық тәуелсіз интернет журналының мәліметінше, күйзеліске шалдыққан қазақстандықтардың үлесі – 4,4 пайыз. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 180 елдің арасында 93-орынға тұрақтады, деп жазады ortalyq.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Ranking.kz таратқан мәліметке сүйенсек, жаһандық көрсеткіш айтарлықтай төмен (3,9 пайыз). Белгілі болғандай, елімізде күйзеліске бейім азаматтардың саны 732,7 мыңға жетіп отыр. Бірақ, бұл – болжамды көрсеткіш.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының (РПДҒПО) дерегінше, 2023 жылы динамикалық бақылаудағы психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар науқастардың жалпы саны 198,4 мың адамнан асып отыр.
Соңғы бір жылда елдегі психиатриялық стационарлар көрсеткен қызмет көлемі 29,7% өсті. Егер 2022 жылы мұндай мамандандырылған медициналық мекемелер 42,4 млрд теңгенің (төрт тоқсандағы жалпы мәліметтер) қызмет көрсеткен болса, 2023 жылы бұл сома 54,9 млрд теңгеден асты.
Қазақстанда соңғы жылдары өз-өзіне қол жұмсау жағдайы іс жүзінде өзгерген жоқ. Бір жылда 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам өз еркімен өз өмірін қиды. Былтыр 12 айда елімізде 3,7 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсаған. Оның 234-і – кәмелетке толмағандар.
Айта кетейік, күйзеліс ең көп тараған елдердің бестігінде психикалық бұзылыстың белгілері бар халықтың үлесі 6,3%-ды құрайтын Украина алда тұр. Одан кейін АҚШ, Аустралия және Эстония жайғасқан. Аталған елдерде көрсеткіш 5,9 пайызға тең.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА