Елімізде 1 наурыздан бастап не өзгереді?
Көктемнің алғашқы күнінен бастап бүкіл республика бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Елімізде наурыздан бастап бірқатар өзгеріс болады.
Қазақстан бірыңғай уақытқа ауысты
Бүгіннен бастап бүкіл ел UTC+5 уақыт белдеуіне көшті. Осылайша республиканың 20 өңірінде уақыт теңесті.
Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары 1 наурызға қараған түні жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытты.
Ғалымдардың сөзіне сенсек, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді. Адам денсаулығы үшін күн сәулесіне, яғни табиғи уақытқа барынша жақын тұрақты уақыт белдеуін қолданған дұрыс.
«Отау» бағдарламасы
1 наурыздан бастап Қазақстанда «Отау» бағдарламасы іске қосылады. Оған Отбасы банк салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Қатысушылардың жас аралығы – 18 бен 63 жас.
Өтінім берген кезде депозитте жиналған сома 1 млн теңгеден кем болмауға тиіс.
«Отау» бағдарламасының шарттары:
алғашқы жарна – 20%-дан басталады;
жылдық мөлшерлеме – 9% (ЖТСМ 9,2% бастап).
несие мерзімі – 19 жылға дейін.
Бағдарламаға қатысуға өтінішті 30 сәуірге дейін Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында беруге болады.
Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді.
14 күн демалыс
Наурыз айында қазақстандықтар 14 күн демалады. Осы айда екі ресми мереке – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні және әз-Наурыз мейрамы бар.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 8, 9, 10 наурызда үш күн қатарынан демалады.Ал аптасына алты күн жұмыс істейтіндер үшін 8-10 наурыз – демалыс, 9 наурыз жұмыс күні болып саналады.
Наурыз мейрамында (21-25 наурызда) қазақстандықтар бес күн демалады. Ал аптасына алты күн жұмыс істейтіндер үшін 25 наурыз – жұмыс күні, 21-24 наурыз аралығында демалады.
Рамазан айы басталады
Биыл қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады.
Шариғат бойынша балиғат жасына келген, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда қасиетті айда ораза тұтуды кей жандарға кейінге қалдыруға рұқсат етіледі. Олар: жолаушылар; науқас адамдар; жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер.
Қадір түні 5-нен 6 сәуірге қараған түнге түсіп тұр.
Ораза айт 10 сәуірде болады.
Блогерлер онлайн жарнаманы таңбалауға міндеттеледі
2 наурыздан бастап блогерлер онлайн жарнамаға белгі қоюға міндетті болады.
Онлайн-жарнаманы таңбалау ережелерін бекітетін бұйрық «Әділет» порталында жарияланған болатын. Ережеге сәйкес инфлюенсерлер (блогерлер) коммерциялық немесе шарттық негізде орналастыратын онлайн-жарнаманы таңбалауға тиіс. Олар жарияланым басында немесе соңында онлайн ортада белсенді қолданылатын төмендегідей тұжырымдардың бірін көрсету керек: «жарнама», «жарнамалық материал», «серіктестік материал», «демеушілік материал», «жарнама құқығында», «демеушімен төленген», «PR құқығында».
Әлеуметтік жарнаманы (қайырымдылық және коммерциялық емес сипаттағы басқа да қоғамдық пайдалы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған) және жедел хабар алмасу қызметтерінде (мессенджерлер) жарияланатын жарнаманы арнайы белгілеудің қажеті жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр шілде айында президент «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға қол қойды. Заң Қазақстанда қауіпсіз онлайн орта құруға бағытталған.
Наурыздағы ҰБТ
Наурыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 10 наурызда аяқталады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіліп жатыр.
Тестілеудің өзі 1-31 наурыз аралығында өтеді.
Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
Әуе рейстері
Қазақстандық Qazaq Air әуе компаниясы 15 наурыздан Түркістаннан Самарқанға ұша бастайды.
Рейстер аптасына екі рет – жұма және жексенбі күндері орындалады. Жолаушылар De-Havilland Dash 8-Q400 типті ұшақтармен тасымалданады.
Рейстер санының көбеюі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
Ауыр жүк көліктері үшін шектеу енгізіледі
1 наурыздан бастап Қазақстанның сегіз өңірінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі. Бұл жыл сайын көктем мезгілінде қолға алынатын шара.
Республикалық маңызы бар жолдарды қыстан кейін сақтау және күтіп ұстау үшін бір оське жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөліктердің қозғалысы уақытша шектеледі. Атап айтқанда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу және Түркістан облыстары «Бесінші жол-климаттық аймаққа» кіреді. Шектеу шаралары 1 сәуірге дейін қолданылады.
Дәл осындай шектеулер 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында Ақмола, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да енгізіледі.
Алайда жүктерді және жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға тартылған, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек, азық-түлік, багаж, дәрі-дәрмек тасымалдайтын, сондай-ақ жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын автокөліктерге бұл шектеу қолданылмайды.
Шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмыс режимі өзгереді
Елдің барлық аумағы бірыңғай уақыт белдеуіне ауысуына байланысты шекарадағы автомобиль өткізу пунктерінің жұмыс регламентіне өзгерістер енгізілді.
2024 жылғы 1 наурыздан бастап мына өткізу бекеттері сағат 07.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді.
Ресей Федерациясымен:
«Найза», Павлодар облысы
«Қоянбай», Абай облысы
«Байтанат», Абай облысы.
Қытаймен:
«Нұр Жолы», Алматы облысы
«Достық», Алматы облысы
«Қолжат», Алматы облысы
«Бақты», Шығыс Қазақстан облысы
«Майқапшағай», Шығыс Қазақстан облысы.
Қырғыз Республикасымен:
«Кеген», Алматы облысы.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz