Облыс әкімі

Тәртіп сақшыларына құрмет

Биыл Қазақстан полициясына 30 жыл. Осыған орай С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында аймақ басшысы тәртіп сақшыларын марапаттады.

Салтанатты іс шараны облыс әкімі құттықтау сөзімен ашты.

Сіздер азаматтардың құқықтарын әділ, тиімді қорғауды қамтамасыз етесіздер. Көшедегі тәртіп, азаматтардың өз қауіпсіздігіне деген сенімі сіздерге байланысты. Ағымдағы жылы ішкі істер органдарының қызметкерлері бірқатар қанқұйлы қылмыстардың бетін ашты. Сіздердің адал қызметтеріңіздің арқасында аймақта қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп, қоғамдық-саяси тұрақтылық қамтамасыз етілуде. Мереке қарсаңында алған марапаттарыңыз құтты болсын, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Ел қорғаны болған ердің еңбегі еш кетпесі хақ. Жұмыстарының басым көпшілігі құпия болса да жанын ортаға қойып, тәртіптің болуын қамтамасыз еткен маман иелері шынымен құрметке лайық. «Етігімен су кешкен» деген тіркесті осы қарағандылық полицейлерге арнап айтқандай. Көктемнің басында қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі суды кеше жүргізуші, жаяу жүргіншіге бірдей қызмет қылған полицейлердің еңбегі тәптіштеп түсіндіруді талап етпейді.

Елдің амандығы, халықтың тыныштығы үшін күні-түні аянбай қызмет ететін осы сала қызметкерінің әр күні тәуекелге толы. Қарапайым адамға жай нәрсе болып көрінуі мүмкін, алайда, бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет болғандықтан, полицейдің тек бір күндік жұмысы оңай емес екені анық.

Сонымен аймақ басшысының қолынан жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы, полиция майоры Жанболат Қабыкен, сондай-ақ, полиция Департаментінің жүргізушісі, сержант Виктор Ярков, Саран қаласының полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Айдар Мақанов, сонымен қатар, оқу жаттығу бөлімшесінің полиция майоры Еркебұлан Қамиев, арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының инспекторы, полиция капитаны Нұржан Сағадиев және жедел кезекші полиция Департаментінің подполковнигі Нұржан Такенов марапатталды.

Еңбегі ел алдында еленген қызметкерлер мерекесін әсем әнмен дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын және атақты Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды симфониялық оркестрі әрледі.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button