Жаңалықтар

Электронды темекі қауіпсіз емес

Электронды темекіні ермек еткен жасөспірімдер көбейді. Кәдімгі темекіні алмастырған электронды темекілер қауіпсіз делінеді. Алайда, олай емес. Снюс, вейп, электронды темекілер мен паучтер күн санап белең алып барады. Және оларды қолданатын кәмелеттік жасқа толмағандар. Яғни, 12-13 жасар балалар.

Өткен жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткізілген темекі тарту бойынша жаһандық зерттеу қорытындысына сәйкес, Қазақстанда темекіні ер адамдар көп тұтынады екен. Ересек адамдардың арасында темекінің кез келген түрін қолданатындардың қатары 21,5%. Бұл республика бойынша 2,8 миллион адам темекі тартады дегенді білдіреді. Ер адамдардың үлесі 38,3%, болса, әйелдердің 6,4%-ы темекіге әуес болып шықты. Зерттеу деректері бойынша ер адамдар күніне 16 темекі, әйелдер 13 темекіге дейін қолданатын көрінеді. Ересектер кәдімгі темекіні таңдаса, жастар снюстар мен паучтарды құп көреді. Снюс – бұл түтінсіз темекінің бір түрі. Снюстің басты қауіптілігі, оның құрамында никотиннің мөлшері темекімен салыстырғанда бірнеше есе көп болуында. Мәселен, 1 дана темекіде – 1,5 милиграмм болса, снюста – 20 милиграмнан 250-ге дейін болуы мүмкін. Оны қолданғаннан кейін темекі сияқты иіс шықпайды. Ал, паучыңыз кәдімгі насыбай сияқты қолданылады. Никотині бар пакетиктер үстіңгі еріннің астына салынады. Темекі тастаймын деушілер де бұлардың «құрығына» тез ілігеді. Темекіден қауіпсіз деген олардың құрамында никотиннің мөлшері 100 есе артық болатынын біле бермеді. Сондықтан, дәрігерлер темекі өнімдерінің бұл түрлерін жеңіл есірткі ретінде атап жүр.

– Снюстардың құрамында 2 мыңнан астам химиялық заттар бар. Олардың қатарында канцерогендер де кездеседі. Тіс пен қызыл иек, асқазан жүйесінің аурулары пайда болады. Жеткіншектер арасында бой өсуінің баяулауы немесе тоқтауы, есте сақтау қабілеті мен назар аударудың концентрациясының нашарлауы, сондай-ақ, тез ашулану сияқты жағдайлар байқалады. Бала бойындағы өзгерісті денсаулығынан ғана емес, мінез-құлқының өзгеруінен де көруге болады, – дейді №5 емхананың учаскелік дәрігері Ләйла Ақболат.

Бұл өнімдердің құрамында никотиннің жоғары дозасы болатынын Денсаулық сақтау министрлігі де растайды. Министрлік тарапынан жүргізілген клиникалық және экспериментальды зерттеулер темекі өнімдерінің түтінсіз түрлері денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіретінін мәлімдейді. Тіпті, қатерлі ісіктің пайда болуына алып келіп, есірткіге тәуелді етуі әбден мүмкін. Жасөспірімдердің ағзасы мұндай зиянды әдеттерге тез үйреніп алады. Бұл ретте олардың сатылуына тыйым салынғанымен, дүкендерде, интернет дүкендерде қалаған дәміңізбен кез келгенін сатып алуға болады. Біз қарап көрген интернет дүкендерде снюстердің бағасы 500 теңгеден 3 мыңның арасы. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі темекі өнімдерінің бағасын көтеріп, оларды ашық көрсетпей жауып қойғанымен оны сатып алушылар азаяр емес. Өткен жылдың 11 айында темекі сатып алуға 34,8 мың теңге жұмсапты. Бұл жалпы саны 1,5 темекі талы деген сөз. «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық қозғалысының жетекшісі Жәмилә Садықова қазір жасөспірімдердің арасында кальян шегетіндердің қатары 13%-ға өскенін де алға тартты.

– Бұл өте жоғары көрсеткіш. Қыздырылған табак тұтынушыларының үлесі 4-5%. Бір қызығы, вейпты көбіне жасөспірімдер тұтынса, қыздырылған темекіні үлкен адамдар шегеді. Ал, кальянды жасөспірімдер де, үлкендер де шегеді. Кальян адам ағзасына химиялық бомба сияқты әсер етеді. Оның құрамында 60 литр улы қышқыл газ, химиялық элементтер мен инфекциялық копонеттер бар. Сондай-ақ, кальян құрамынан 14-ке жуық бактерия мен вирус табылған. Бірақ, осындай зияны бола тұра адамдар темекі шегуді әлі жалғастырып келеді,– дейді Ж.Садықова.

Ең жаманы, ата-анасы баласының мұндай зиянды заттарды қолданып жүргенін білмей де қалады. Баласының ашуланшақ болып кеткенін өтпелі кезеңнің ерекшеліктеріне балап жүре береді. Ал, бұл уақытта никотинге бойы үйренген жеткіншек одан да күшті әсер ететін заттарды қолдануы бек мүмкін. Жаман әдет жылдам сіңеді емес пе?

Ж.Боранбайқызы.

Басқа материалдар

Back to top button