Бас тақырып

Электромобильдің ертеңі

Қазақстанның сан тарам жолдарында құбырынан түтін шықпайтын ерекше стильді «тым-тырыс» электромобиль күн өткен сайын көзімізге жиірек ұшырасатын болып жүр. Өздері қазір қолжетімді бола қоймағанымен, біздегі ауа райының көпе-көрінеу еркелігіне де төзімін шыңдап келетіндей. Әйтпесе, көзге тек экраннан ғана шалынар еді ғой. Кейінгі жылдар мұғдарында сұраныстың күрт артуынан ба екен, ел аймақтарының біразында сыммен қуат алатын көліктердің ресми дистрибьюторлары да пайда бола бастапты. Әлбетте, «келер күннен жақын жоқ». Таяу арада мұндай электрокарларының қарасы көбейіп жатса, таңырқамаңыз, қымбатты оқырман…

Сурет: ev-avto.ru сайтынан

Атамекендегі алғашқы электрокар

Қош. Сонымен. Байтақ даламызды қанша электр көлігі кезіп жүр? Білуімізше, алғашқы электромобиль Қазақстанда он бір жыл бұрын ресми тіркеліпті. Жаңа энергия көздеріне арналған аты мәшһүр «ЭКСПО-2017» қарсаңында электромобиль атауына деген ерен құштарлық артпаса, кемімеді. Содан кейін, тағы бір «Tesla» Елордамыздың тақтайдай түзу жолында толассыз жауған жаңбырдан кейін әлемдік БАҚ беттеріне сенімді түрде «жүзіп» келген-тін. Әлгіндегі бейнеролик Илон Масктың өзіне жеткенде, ол сабаз өз туындысын Нұх кемесімен шендестіріп, әдемі әзілдеген екен-міс.

Дәйек келтіре отырсақ, 2016 жылы Қазақстанда 725-ке тарта электр көлігі зуылдап жүрген болса, 2021 жылы жалпы саны 500-ді әзер маңайлаған. Бәзбіреулер мұны шыбынсыз жазға арналған қымбат «ойыншық» көрсе, енді біреулер оны ауқатты адамдардың гаражындағы нөмірі екінші көлік деген «тұжырымға» келген.

Алдыңғы жылдан бастап, электр көліктерінің жаңа «бумы» басталды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметтеріне иек артсақ, 2022 жылдың наурызынан 2023 жылдың наурызына дейін мұндай көліктер саны кенеттен үш есеге өскен. Шіліңгір шілдеге қарай 631-ден 1,6 мыңға дейінгі бұл көрсеткіш 3,5 мың автомобильге дейін бірақ өскен. Электромобильдердің басым бөлігі Алматыға тиесілі – шамамен 64%. Екінші орында – Астана, үшінші орында – Алматы облысы.

Электромобильге бейім шаһар

2023 жылғы сол шілдеде Қазақстан Үкіметі 2029 жылға қарай республиканың барлық ірі қалаларында электрокарға арнаулы инфрақұрылым құру жөніндегі Жол картасын бекітті. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі электр көлігін пайдалануға көшуді ынталандыруға ниетті екендігін мәлімдеді. Қазірдің өзінде электромобиль атаулы салық пен баждардың кейбір түрлерінен босатылды. Оларды күтіп ұстау және зарядтау ішкі жану қозғалтқышы бар көлікке қарағанда едәуір арзанырақ.

Бүгінгі күні Астанада 51 ресми электр қуаттау станциясы, Алматыда – 52, сондай-ақ Павлодар, Ақтау қалаларында және «Астана-Щучинск» тасжолында бір зарядтау станциясы бар. Жақында осындай тағы бір электр станциясы «Алматы-Астана» тасжолында орнатылады.

Ал, ресми дистрибьюторлар өздерінің диллерлік желілерін электр қуаттау қондырғысын орнату үшін барынша пайдаланады. Мысалы, Hyundai компаниясы Алматының барлық диллерлік орталықтарын жабдықтап үлгерген. Жақында мұндай станциялар Астанада да пайда болады. Орташа зарядтау уақыты шамамен 90 минутты құрайды. Электромобильді зарядтаудың орташа құны – 2000 теңге.

Электр көлігі қысқа төзімді ме?

Мұндай машиналар иелерін қыс мезгілі әжептәуір әбігерге салатындай боп көрінген бастапқыда. Қазақстанда жақында ресми түрде пайда болған Hyundai Ioniq 5 электромобилі 20-30 градус аязға дейін температураға төтеп бере алады. Сарапшылар мүмкін болса, қыс әлетінде электромобильді (кез келген ішкі жану қозғалтқышы бар автомобиль сияқты) түнде жабық тұраққа қоюға кеңес береді. Шыңылтыр аяз күндері де батарея жылыту және салқындату жүйелері үздіксіз жұмыс істейтіні белгілі болды. Сондықтан, көліктің кілт тоқтап қалу қаупі жоқ.

Ал, алты ай қыста көліктің айналым диапазоны, шынымен, төмендейтінін білу маңызды. Қазіргі заманғы автомобильдерде 20-30%-ға кемиді. Қысқы маусымға дайындық тәртібінің қарапайым көліктен еш айырмашылығы жоқ. Бұған қоса, батареяның жай-күйін бақылау ұсынылады. Өйткені, батарея – электромобильдің жүрегі. Ешбір жағдайда электромобильді албаты сүйреуге болмайды.

Қарағандыдағы бірінші электроавтобус

Кеншілер қаласында экологиялық бағыттағы қанатқақты жоба ретінде электрлі автобустың жолдағы қозғалысын былтыр «Хабар 24» арнасындағы әріптестеріміз сүйіншілеген еді. Тіпті, бас кезінде заманбап көлік жолаушыларды тегін тасымалдаған. Өндірісті аймақтарда мұндай көлік түрлері ауаны ластамайды. Экология демекші, «Орталықтың» 17 ақпандағы №20 санында Жан Амантайдың «Ескі көлік есептен шықпайды» атты мақаласында тозығы жеткен темір тұлпарлар легінің ауаға қаншалық зарар тигізетіні тәптіштеп жазылған еді. Ал, электр көлігі жоғарыдағы мәселенің тәуір шешімі деп қарастыруға тұрарлық. Манағы автобустың батарея заряды 280 шақырымға жетеді екен. Ал, салонға 30-ға дейін жолаушы сыяды. Автобус Саран зауытында эко-автокөлік түрінде құрастырылған көрінеді. Мұндай бір автобустың құны – 120 миллион теңге шамасында. Сынақ режиміндегі жоба ендігі уақытта жергілікті автопарктерден тапсырыс күтетінін хабарлаған. Автобус жүргізушісі Амангелді Ахметов өзін-өзі қуаттауға қауқарлы көліктің артықшылықтарын айтып, шығыны нөлге жуықтығын хабарлаған.

Бүгінде Қарағандыда 150-ге тарта электромобиль бар екендігі белгілі. Тек енді тиісті инфрақұрылым болса дейміз. Уақыт көрсетеді…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button