Электробус – дәуір жаңалығы

   Сейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге «Higer Quazar» компаниясының өнімі – жаңа «электробусты» сыннан өткізді. Методическая және Лунчарский көшелерінің қиылысында аталған қоғамдық көлікке отырған жолаушылар қатарында Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ те болып, көлік Кеншілер мәдениет сарайы аялдамасына дейін жүріп өтті. Солардың арасында біз де бар едік…

Автобустың аялдамаға жетуін күтпеген журналистер қауымы қала әкімі мен аталған компанияның электробустар жөніндегі жоба жетекшсі Роман Миразимовты сұрақтың астына алды. Бірақ, қоғамдық көліктің жағдайымен жіті таныс қала басшысы тосылып қалмады.

– Қадірлі БАҚ өкілдері. Өздеріңіз бұған дейін де естіп-біліп жатқандай, қалалық қоғамдық көліктер біртіндеп жаңа деңгейге көшуде. Мұның ішінде қоршаған ортаға зиянсыз элетробустерді енгізу мәселесі де бар. Бүгінгі таңда бірлескен Қазақстан-Қытай кәсіп­орыны мұндай көліктерді шығаруды қолғап алып үлгерді. Бұған дейін аталған электробустар елордамыз Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде жолаушыларды тасымалдаған болатын. Сөйтіп, біз аталған қоғамдық көліктің бір данасын сынақтан өткізу мақсатында Қарағандыға алдырдық. Мұндағы мақсатымыз – осы көлік түрін күнделікті жолаушылар тасымалы қызметінде сынап, қысы суық Қарағанды ауа райына бейімділігін бақылау. Айта кету керек, қарағандылықтар кейінгі оншақты күн осы қоғамдық көлікпен жүріп келді. Яғни, №66 маршрутта сыналуда. Бұдан әрмен электробус желтоқсан айының соңына дейін жүріп-тұратын болады, – деді Нұрлан Әубәкіров.

Қарағандылық  тұрғындар жақсы білетіндей, аталған №66 маршрутта 12 метрлік ірі автобустардың жүруі көзделмеген. Тиісінше, біз мінген темір тұлпар да шағын. Десе де, автобустар мен маршруттардағыдай жанар-жағармайдың қолқаңды алар ащы исі, өкіріп-бақырған гүрілі естілмейді. Іші де жылы. Шектеулі жылдамдығы сағатына 60 шақырым жүруге негізделген.

Ал, енді бұл көліктердің тиімділігіне көшейік. Қазіргі жолаушылар тасымалы бағасының жоғарлау себебі түптеп келгенде жанар-жағармай құнының күн санап артуымен тікелей байланысты. 12 метрлік ірі автобустар күніне шамамен 20 мың теңгенің дизель отынын шығындаса, электробустар мұндай шығыннан арылтады. Сәйкесінше, жүріп-тұру баға тарифін де реттеуге мүмкіндік береді. Көлікте екі қуат алу көзі бар. Ал, серіктес ретінде «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен №2 автопаркі тартылуда. Көліктегі қуат 70 шақырым жол жүруге дейін жетеді. Көліктер шамамен 8 минут көлемінде толық қуат алып болады. Бұл уақыт – автобустардың бір айналымнан кейін дем алатын мерзімі. Яғни, бұл тұрғыда ешқандай кедергі орын алмауы тиіс.

Ендігі мәселе – осы көліктердің құны. Жоғарыда айтып өткен ірі электробустардың бір данасы 280000 АҚШ долларын құрайды. Бір қарағанда қымбат көрінгенімен, бұл кәдуілгі жанар-жағармаймен жүретін автобустардан 15-20 пайызға ғана қымбат. Электробус өзін-өзі көп дегенде 5 жылдың мұғдарында ақтап алады.

– Бұл электробустар Қазақстанда құрастырылатын болғандықтан, елімізде оған қажет қосалқы бөлшектер қоймасы бар. Техниканың осы түрін жөндей алатын мамандар да тапшы емес. Сонымен қатар, осы «ақылды» қоғамдық көлік диагностика жасау мен қашықтан мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, еліміздегі төмен ауа температурасын ескере отырып, титан құймасынан жасалған батареялар түріндегі инновациялық әзірлемемізді ұсынудамыз. Бұл батареялар 50 градус төмен ауа райында жұмыс жасай алады, – деді Роман Миразимов.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.