Елебеков есімі берілсе…
Өткен ғасырдың соңынан бері Үкімет шешімімен Қарқаралы ауданының құрамына енген Егіндібұлақ өңірінен небір сөз майталмандары мен ән-күй өнерінің иелері, ұлт мақтаныштары шықты. Қазақ елі ресейлік империяның боданы болып, «мал бағудан өзгені білмейтін көшпенді ел» атанған замандарда сол қымбат есімдерді де, олардың асыл өнерін де мақтанышпен атай алмай, мұрасын ғана алтындай сақтапты.
Мәселен, асқан күйші Тәттімбеттің атын сталиндік қаһардан қорқып қалған басшыларымыз (Тәттімбет Қазанғапұлы ХІХ ғасырда волостной управитель болған, байдың тұқымы, ақ патшаның алдында өнері қошеметтелген, т.с.с.) бертінге дейін оның атына құрмет танытпаған, ұрпақтарын сыртқа тепкен, ал, қырыққа тарта шығармасы домбырашыдан домбырашыға жоғалмай жеткен. Тәттекең ұрпақтары сөйтіп ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін өз ата-бабасының еліне жолай алмай, облыстан жырақта, Алматы жақта елеусіз ғана қызметте жүріп, елді мүлде өгейсіп кетті.
Сол Тәттімбет атын Еркін Мұқажанов деген егіндібұлақтық музыкант шығарды. ҚарПИ-дің музыка факультетін бітіріп келген ол 1972 жылы аупарткомның идеологиялық хатшысының пәрменімен аудан көлеміндегі тәттімбетші-домбырашыларды сол жылы ғана пайдалануға берілген еңселі, жаңаша сәулет үлгісімен салынған Егіндібұлақ аудандық Мәдениет сарайына жинап, үлкен үйірме құрды. 1973 жылы балалардың жетіжылдық музыка мектебінің ашылуына мұрындық бола жүріп, оған жұртшылық мақұлдауымен Халық әртісі әнші Жүсіпбек Елебековтің атын бергізіп, жаңағы «самородок» домбырашылар қатарын баяншы, мандолшы мамандармен, музыка мектебінің домбырашы, қобызшы педагогтарымен «байытып», «Тәттімбет атындағы» деп жариялап тұрып, өзі құрған оркестрдің тұңғыш концертін сахнаға шығарған еді.
Сол шалғай аудан оркестрі талай жерде орындаушылық шеберлігімен көрініп, грамота, дипломдарды иелене жүріп, 1979 жылы Алматыда өткен көркемөнерпаздар ұжымдары байқауында «Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар Халықтық Оркестрі» атағын алды да қойды! (қараңыз: «Қазақ КСР Қысқаша энциклопедиясы, 1991 ж. 4-том, «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясы, 1990 ж.)
Жиырма жылдай уақыт ішінде халықтық ұжым музыка мектебі оқушыларының, қаладан келген музыканттар қатарынан мейлінше нығайды, шетелдерге шықты (Голландияда, ГДР-да этнофольклор фестивальдеріне қатысты). Бұл жалғандағы Еркін Мұқажановтың ғұмыры инсульттан үзілген 1995 жылдың аяғында Егіндібұлақ ауданы таратылып, оркестр орнында інісі Әсет Мұқажанов жүргізген «Балқантау сазы» этно-ансамблі қалды.
Жоғалтқанымыздың есесіне, Арқалық совхозы «Тәттімбет атындағы ауылдық округ» атымен қайта құрылды, Қарағанды облыстық музыка училищесі «Тәттімбет атындағы өнер колледжі болып» қайта құрылды (директоры – марқұм Е.Мұқажанов музыкалық мектептен тәрбиелеген, оркестрінде ойнаған Б.Ермұханбетов), облыстағы академиялық ұлт аспаптар оркестріне де сол жылы Тәттімбеттің аты берілді.
Енді мақала тақырыбына қатысты жайт – Егіндібұлақ елі көптен бері көтеріп келе жатқан әңгімеге келейік. Әлі күнге орнына келмей тұрған мәселені қайтадан қозғаудың сәті жаңа 2024 жылдың кірісінде түсіп отыр: облыстық газетіміздің биылғы 4 қаңтардағы нөмірінде журналист Ерік Нарынның «Ән дүлдүлі Жүсіпбек Елебековтің туғанына – 120 жыл» айдарымен берілген «Рухтың шоғын үрлеген» мақаласы жарық көрісімен, бізден де дегбір қашты. Неге десеңіздер, бұл шағын материалда ұлттың ән өнеріне зор еңбек сіңірген қайраткер туралы ғажап айтылған екен. «Ұлтты 70 жыл бойы бодандықта ұстаған Кеңес үкіметі …әуелі қазақты аттан түсірді, сосын күй мен әннен ажыратып, ұмыттырғысы келді. Тылсымның тілін түсінетін кіл қаймақты қырып тастады…» деген тебіреніспен бастапты мақаласын Ерік баурым!..
Иә, жалпы Қазақ еліне өнерпаздығымен, ақыл-парасатымен кең танымал Қазақстанның Халық әртісі Жүсекең қазақтың дәстүрлі әндерін домбырамен өзі сүйемелдеп-әсерлеп жеткізудің асқан шебері әрі классигі болатын. Жүсіпбек Елебеков деген айбынды есім Қазақстанның бірқатар қала, селоларының көшелеріне, мектебіне берілгенімен, бұл есім ең әуелі туған жеріне қымбат. Жоғарыда айтқанымыздай, Егіндібұлақ ауданы солақай саясат салдарынан жөнсіз таратылып, мекемелері Қарқаралы ауданына қосылғанда, Елебеков мектебі де жабылып кетіп, содан қайтып ашыла алмай, көңілдерде үлкен өкініш қана қалды.
Жүсіпбек Елебеков – тұтас бір ғасырдың өнері мен өнерпазына өз көзімен куә болған, ағасы Жақыпбекке ілесіп жүріп Қоянды жәрмеңкесінде талай болған, Қажымұқан, Балуан Шолақ батырлардың, Мәдидің, Әміренің, Исаның өнерлеріне тәнті болған, Айтбайдың Ғаббасымен, өмірден ерте өткен қазақ операсының тұңғыш әншілері Мұрат Толыбаевпен, Қуан Лекеровпен, Қали, Күләш, Манарбектермен қазақтың кәсіби сахнасына жастай шыққан тарихи тұлға!
Қарқаралы-Қуға (өз сөзімен айтқанда, бұрындары Қарқаралы оязына қараған барша аудандарға) жыл аралата концертпен келіп тұратын Ағатайымыз. Тәттімбет атын тұңғыш шығарған Мұқажанов Еркінді керемет жақсы көрді, «мен де, сен де Қаратаудың құнарлы пұшпағы, Қудың сұлу қойнауы – Басталда туыппыз. Әкең Рахметті көргенмін, асқан домбырашы Совет ағаң білім қуғанда, Алматының Құрманғазы оркестрінде отырар ма еді!..» дейтін. Алпысыншы жылдары бір келгенінде, Егіндібұлақта атшаптырым аумақта ерекше үлгідегі Мәдениет үйінің құрылысы басталғанын көріп, балаша қуанған еді. Күрделі құрылыс көп жыл салынып, ақыры ашылғанда, сәулетті сахнасында әй бір шырқап еді, жарықтық! Өзінің есімі берілген мектепте өнерпаз балалармен кездесу өткізетін, соңғысында «Қыз Жібек» фильмінде ойнаған жас актриса Меруерт Өтекешованы ерте келді. Соңғы келуі еді…
Энциклопедияға үңілейік: «ЕЛЕБЕКОВ Жүсіпбек (28.08.1904. Қу ауданы, Қаратау кеңшары – 12.08.1977. Алматы) – әнші, Қазақстанның халық әртісі (1942). Оны әншілікке баулыған ағасы Жақыпбек болса, кейіннен Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев, И.Байзақов сияқты өнерпаздар. 1920-1922 ж.ж. Семейдегі «Ес-Аймақ» драма труппасында, 1931-1935 ж.ж. Қазақ драма театрында, 1935-1966 ж.ж. Қазақ филармониясында, 1960-1977 ж.ж. «Қазақконцерт» бірлестігінде актерлік-әншілік қызметтер атқарған. Кезінде Алматы опера-балет театрында «Айман-Шолпан» комедиясында, «Қыз Жібекте» Төлеген бейнесін сомдаған. ҰОС жылдары майданда концерттер берді. Сол сапарында ҰОС қаза болып кеткен композитор Р. Елебаевтың «Жаса қазақ» әнін үйреніп келіп, халыққа таратты. Елебеков – Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Абай, Мәди, Ғазиз, т.б. классик үлгідегі ұлттық ән өнерін насихаттап-таратушы. Қазақ кеңес композиторларының әндерін нәшіне келтіре шырқаған кісі. Оның әндері бойынша этномузыкант А. Затаевич «Сұржекей», «Ғалия», «Екі жирен», «Балқурай», т.б. көп әндерді жазып, нотаға түсірді. Гастрольдік сапармен Қытайда, Монголияда, Мәскеуде, Үндістанда болды. 1937 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы эстарда-цирк студиясында ұстаздық етті. Студия қазір оны есімінде. ХХ. ғасырдың 90-жылдарынан бері Қарағандыда Ж.Елебеков атындағы дәстүрлі ән орындаушылар конкурсы өтіп келеді».
Былтыр Егіндібұлақ Мәдениет үйінің қабырғасына ұлттық өнерге жемісті жылдарын арнап өткен Еркін Мұқажановқа мемориал тақта орнатылып, халық бір мағмұрланып еді. Биыл осы орталық кентте өткен ғасырдың соңында ғана жаңа үлгімен тұрғызылған, бірер жыл бұрын күрделі жөндеуден соң жайнай түскен мәдени-сауық ғимаратында «Халық әртісі Жүсіпбек Елебеков атындағы Мәдениет сарайы» деген маңдайша тұрса, Қарқаралы-Қудың, мұқым облысымыздың елдігі, Еріне деген құрметі, келешек ұрпаққа берер тәрбиесінің бір өнегесі болар еді.
Әңгімені әншінің елі-жұрты болып өзіміз көтере білсек, облыстық басшылықтың бұл бастаманы жоғары органдар алдында қойып, тиісті нәтижеге қол жеткізетіндігіне сенім мол.
Бір сәт армандайықшы: Елебеков атындағы дәстүрлі ән орындаушылардың кезекті конкурсының шымылдығы Жүсекең туған Егіндібұлақ өңірінде, әнші атамыз атындағы етек-жеңді ғимаратта түріліп, әнші-күйшілерді Қаздауысты Қазыбек би бабамыз елінің ежелгі қонақжай төрі шақырып жатса, қандай ғанибет!.. Ел аман, жұрт тыныш, іргеміз берік болғай!
Назипа АСҚАР,
облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі.