Бас тақырыпРесми

Елдік тұғыры, Ерлік рухы аласармайды

«Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жау­ға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Коллажды жасаған: Ш.Адамбекова

Қыран құзарындағы қасиет

Атамекенді риясыз сүю – жүректің ісі. «Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз!» деген Қазыбек бидің шоқ шайнап, от бүріккен сөзі өзін қазақпын деген әркімнің санасында сайрап тұр.

…Жақында шетелдік бір ауқатты кәсіпкер ұлан даламыздың бір қыранын сатып алып, өз елінде мәпелеп ұстапты. Арада біраз уақыт өткен соң әлгі алтын тұғырдағы биіктік сақшысы ізім-ғайым жоқ болған. Сәл кейінірек мойынындағы GPS анықтағышы «сатып алынған» мұзбалақтың өзінің туған бөктеріне, яғни, қазақ жеріне қайтып оралғанын хабарлайды. Шіркін-ай, дейсіз осындайда. Құс екеш құстың өзі отанның сатылмайтынын қанатының қайратымен дәлелдеп берді.

Даңқты тарихын ат тұяғымен шиырлап жазған баһадүр бабалар кең байтақ жерін жауға бастырмады. Арғы-бергі замана бедерінде алапат соғыста шөкімдей жері мен бір уыс топырағын дұшпан еншісіне өткермеген қаһармандардың ізбасарымыз біз! Қазірдің өзінде де елдің күштік құрылым атаулысы Қазақстанның қауіпсіздігін қас қақпай, кірпік ілмей күзетіп тұр.

Мемлекет – бейбіт жолдың жаршысы. Алайда, қорғаныс саласына көрсетілетін қолдау жылма жыл дәйекті түрде кеңейіп келеді. Тастақты жерге тазы ертпей, бүргенді жерге бүркіт салмаған халқымыз қырандай қырағылығынан бір мезет айнымасын, жауынгерлік рухын жоғалт­пасын дейміз!

Арыстан ажал қашады

– Ұлттық бірегейлігімізді ны­ғайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғыр­ту да маңызды. Қазір көптеген мемлекетте өткен күннің елеулі оқиғаларына қатысты көзқарастар ақпараттық және саяси ойынның құралына айналып барады. Екінші дүниежүзілік соғыс ескі шежіреге айналған сайын тарихи және әскери тақырыптағы алып-қашпа аңыз әңгімелер көбейе түсті. Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды. Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жылдары мемлекеттік органдар да, жекелеген тәуелсіз зерттеушілер де төл тарихымыз­дағы ақтаңдақтар атаулысын мейілінше азайтып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл үдеріс жылнамалық жазбалардағы ондаған олқылықты анықтап, түзетуге ғана емес, өткенге объективті көзқарас қалыптастыруға да бағытталған. Бұл жұмыстың негізгі құралдарының бірі – мұрағат материалдарын мұқият зерттеу, зерделеу. Мұрағатта өткен оқиғаларды толық және дәл қалпына келтіруге мүмкіндік беретін бай тарихи мұра бары, тек оған телміріп, соңына түсерлік іс-қимылы бастау алғаны көңілге көрік қосып тұр. Яғни, кеңейтілген зерттеу тарихи фактілерді анықтауға, көзқарас жаңалауға, әрмен қарай өткен күннің толыққанды бейнесін ұсынуға мүмкіндік береді. Иә, ел үшін от кешіп, оқ кешіп, «етігімен су кешкен» есіл ердің есімі өшпек емес. Мұндай қаһармандарымыз ел үшін, атамекен жер үшін көз жұмды деген аты ғана. Олар не кітапқа айналып, не мұраға айналып, рух қалпында қайта түледі!

Ақсөңке сүйек сөйлейді

Жиырма миллионнан астам кеңес әскерінің өмірін жалмаған ІІ Дүниежүзілік соғыстағы жеңіс қаншалаған құрбанды құрбақадай жұтып, құрдымға ытқытты.

Тұтқиылдан тап берген басқыншыға көкжалдай қасарыса қарсы тұрып, естен кетпес ерен ерлік қылған қаншама қазақстандықтың ақсөңке сүйегі жат жерде қалды. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, 1418 күнге созылған сұрапыл майданға Қазақстаннан ресми мәліметтерге сәйкес, 1 млн. 200 мың жауынгер аттанған. Олардың 600 мыңы қайтып оралмаған. Ал, жеңіспен елге аман-есен жеткен 105 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алып, кеудесіне «Алтын жұлдыз» қадаған. «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасы шеңберінде зерттеушілер бұл жұмыспен отыз жыл бойы табанды түрде айналысып келеді. «Осы кезеңде Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 том еңбек жарық көрді. Оның 6 томы майдан шебінде болған әйелдерге арналған», – дей келе Мемлекет басшысы тарих парақтарын парасат пайымы тұрғысынан зерделеуді тапсырды. «Ең соңғы сарбаз жерленбей, соғыс бітпейді» деген тәмсілді естіп пе едіңіз? Тек Қарағанды облысынан 45 мың адам сол сұм соғысқа аттанған.
– Бүгінде біз 7,5 мыңнан астам өтінім алдық. Оның 2000-ы сәтімен орындалды. Орта есеппен ай сайын біз 50-ге жуық жауынгер һақында дерек пен дәйек тауып жатамыз. Тек соңғы екі жылда ғана із-түзсіз кеткен 19 жауынгердің сүйегі атамекенге жеткізілді, – деді «Atamnyn Аmanaty» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Молдағалиев.
Қазақстан тарихындағы Жеңіс күні – бұл батыр бабаларымыздың ерлігі мен қаһармандық даңқы алтын әріппен айшықталған күн. Бұл күні болашақ үшін құрбан болған миллиондаған адамға тағзым ету – біздің ең кемінде азаматтық парызымыз!

Дұға

Жеңіс күні келгенде, мұқым жаһан ерлігі еш кетпеген есіл ерлерге, ардақты ардагерлерге, тыл тарландарына тәжім мен тағзым етіп, риясыз ризашылықтың сиқыр­лы ауанына енетіндей. Бұл күн сұрапыл соғыстың аяқталуын ғана емес, зұлымдықты жеңудің байрақты нышанына, ұлттың рухы мен бірлігінің еңсерімсіз ештеңе жоқтығына тағы мың мәрте көз жеткізеді. Бұл тұғырлы жеңіс мерекесінің әр белгісі зұлматтың жақсылыққа, қапастың жарыққа деген өлшеусіз ұмтылысын айшықтайды. Біз бостандық пен бейбітшілік жолындағы қайран баһадүрлеріміздің жанқиярлық батырлығын жұмыр жүрегімізбен, 362 тамырымызбен сезіне түсеміз. Ондағы әрбір әрекетіне алғаусыз алғыс айтамыз.

Арасына бір күн ұзатып қатар келетін қос ұлық мереке егемен ел-жұртымызға бейбітшіліктің өз­дігінен келе салмайтынын, татулық пен тыныштықтан асқан қымбат құндылық екенін еміс-еміс еске салумен болады. Бұл күндер күндегіден гөрі байтағымызды қызғыштай қорып, қорғай түсуге шақыра түсетіндей. Бұл шақтарда біз бірлігімізді бес саусағымызды бүгіп тұрып бағамдаймыз. Шегенделген шекаралар сарбаздары жеңіс туын бірге көтеріседі. Тілдегі, ділдегі, мәдени және дәстүр айырмашылығына қарамастан, бәріміз осы ұлы тарихи жеңіспен еншілес ел екенімізді түйсіне түсетіндейміз.

Әр жыл сайын Жеңіс күні босағамыздан аттарда біз майдан шебінен оралмаған оғландар үшін дұға етеміз. Қатары сәт санап сиреп жатқан әрбір ардагерге айбынды болмысы үшін ізет көрсетеміз. Жеңіс күні тек күнтізбедегі қызылмен боялған ұяшық қана емес, бұл Ар мен Намыстың, Айбын мен Рухтың жерге қарап қалмайтын асқақ дәріпті дәрпі іспетті!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button