Елді мекендерге баратын жылжымалы медициналық кешендердің көмегі көп
Облыста ауылдық елді мекендерге баратын алты жылжымалы медициналық кешен бар. Олар Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасы, Абай, Қарқаралы, Осакаров аудандарының ауруханасында және Қарағанды қаласындағы №4 және №5 емханалар балансында. Оның әрқайсының өз қызмет көрсету аймағы бар.
Осакаров ауданының жылжымалы медициналық кешені мамыр айынан бастап, шалғай ауылдарды аралап келеді. Осы уақытқа дейін 28 рет шығып, мыңнан астам адамды медициналық тексеруден өткізді. Аудан тұрғындары кешен аясында окулист, ЛОР, стоматолог, невропатолог, педиатр, кардиолог сияқты мамандардың медициналық көмегін ала алады, сондай-ақ флюорографиядан өтеді.
Жылжымалы медициналық кешен цифрлық жабдықтармен жабдықталған жеті мамандандырылған кабинеттен тұрады. Жалпы, қабылдау кабинетінен бөлек, талдау қабылдау аймағы, дәріхана пункті, функционалдық және сәулелік диагностика жасайтын кабинеттер, акушер-гинеколог кабинеті бар.
Кешеннің инфрақұрылымдық жүйемен жабдықталуы өте маңызды. Пандус-лифт мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдауға көп көмек береді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz