Басты тақырып

Елбасы және «ЭКСПО»

     Қазақстан үшін биылғы жылдың басты жаңалығының бірі – Астана қаласындағы «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің өткізілуі. Тіпті, Әлем үшін маңызды шара болды – бұл.

Күн, Жел және Су. Баламалы қуат көздері – бағаналы ордада сарапқа салынды.

Жер-жаһанды ортақ мүддеге жұмылдырған игілікті істің басында – Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тұр!

Бұған дейін жазғанымыздай, «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі – Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі жобасы. 2012 жылы Халықаралық көрмелер бюросы осы Көрменің өткізілетін орнын анықтау үшін жиын құрған. Бюроға мүше 148 мемлекеттің өкілдері өзара жасырын дауысқа салған.

103 ел – Жүзіктің тасын таңдады. Жеңіс – Астанада!

Араға алты жыл салып, Көрменің көрігі қызды. Төрткүл дүниенің назары – Елордамызда!

Білім, ғылым, мәдениет пен өнер, спорттық шаралар «ЭКСПО-ның» мазмұнын аша түсті. Олардың ұзын саны 6 мыңнан асып жығылды. Көрмені қызықтау­шылар көптеген халықтың тарихымен, салт-дәстүрімен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен жақын танысты.

Мәңгілік Еліміздің де мол рухани байлығы қалың елге таныстырылды. Мысалы, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен рес­публикалық жыр мүшәйрасы өткізілді. Сәкен Сейфуллин мұражайы ұйымдастырған мүшәйра «ЭКСПО – 2017» көрмесіне арналды. Тақырыбы – «Қазақстаным – Ғажапстаным». Оған еліміздің әр аймағынан 50-ге тарта ақын қатысқан.

Бас жүлдені жерлесіміз, танымал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай «Қазақстан», «Рух жыры», «Қаратау» топтамалары үшін иеленді.

Тамсандық, жар салдық. «Бас қаламыздың базары тарқамасын!» десті бұқара!

Біздің облыс та осы шараның бел ортасынан табылды. Бұл – Елордамен іргелес өңір үшін заңдылық та шығар.

Мәселен, «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінде талқыға салынған технологиялар қатарынан 31 жоба Қарағанды облысында жүзеге аспақ. Оның ішінде, финнің қоқысты қалдықсыз өңдейтін әдісі, ауыл шаруашылығы саласына қажетті суды үнемді пайдалану технологиясы бар. Және баламалы қуат көздерін пайдаланудың үлесін арттыратын электр станцияларының құрылысы.

Ынтымақтастық – ырысқа бастаса керек!

Жалпы, көрмені өткізу барысында шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алған. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артқан.

Көрмені 180 елден келген қонақ тамашалады. Облыстың әр өңірінен жиналған төрт мың бес жүз ерікті «ЭКСПО – 2017-нің» жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті. Олардың қатарында біздің облыс жастары да бар.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрменің жабылу салтанатында «ЭКСПО» инфрақұрылымын көрмеден кейін пайдалану жөніндегі ойын ортаға салған еді.

«Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс, – деді Ұлт Көшбасшысы.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button