Жаңалықтар

«Елбасы туралы» заңның күші жойылды деп танылды

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін конституциялық нормалар ресми түрде күшін жойды, деп хабарлайды ortalyq.kz egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәлім болғандай, 2023 жылғы 5 қаңтарда Парламенттің бір топ депутатының атынан Конституциялық сотқа Ата Заңның 62-бабының 4-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтініш келіп түскен.

Депутаттар онда «Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін нормаларды алып тастауға байланысты «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды деп танылуға жата ма?» деген сауал жолдаған.

Осыған орай Конституциялық Сот 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумнан кейін осы Конституциялық заңның қолданыстағы заңнамада сақталуы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңаланған редакциясымен келіспейді деп пайымдайды.

Осылай дей келе Конституциялық Сот: «2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ, деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады» деп қаулы қабылдады.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы 5 маусымда өткен референдум нәтижесінде Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі мен өкілеттігі, оларды конституциялық заңмен регламенттеу мүмкіндігі, Конституциялық Кеңеске ғұмыр бойы мүшелігі, сондай-ақ оның арнаулы артықшылықтары – мәртебесінің өзгермеуі, қатарынан екі реттен артық Президент болып сайлануға шектеудің қолданылмауы Конституциядан алынып тасталды.

Басқа материалдар

Back to top button