Жаңалықтар

Өңірде 51,4 мың тонна картоп экспортталды

2025 жыл қорытындысы бойынша облыстың агроөнеркәсіптік кешені елеу­лі жетістіктер мен тұрақты даму көрсеткіштеріне қол жеткізді. Өңіріміздің мол табиғи қоры мен көрсетілген қомақты мемлекеттік қолдау шараларының әрі ауыл еңбеккерлерінің ерен еңбегінің арқасында жоғары нәтижелер бар.

Сурет басқарманың баспасөз қызметінен

Тұрақты табыс

Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 531,9 млрд теңгені, (2024 жылғы көрсеткіш 477 млрд теңге), нақты көлем индексі 100,3%-ды құрады. Мал шаруашылығында 243,8 млрд теңге, өсімдік шаруашылығында 286,9 млрд теңге сомасына өнім өндірілді. Еңбек өнімділігі тұрғысында бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша бір адамға шаққанда 2 795,1 мың теңгені құрауы, сала бойынша жүргізілген шаралардың тиімділігінің айқын дәлелі.

Егін жинау науқаны сәтті өткізіліп, сәйкесінше орташа түсімі, гектарына 12,3 центнерден 1 125,3 мың тонна астық бастырылып, 65,3 мың тонна майлы дақылдар, 410,7 мың тонна картоп және 73 мың тонна көкөніс жиналды. Жоғары көрсеткіштер, егіс алқаптарын әртараптандыру, заманауи агротехнологияларды қолдану, жоғары репродукциялы тұқым және минералды тыңайтқыштарды пайдалану, сондай-ақ, өсімдіктерді қорғау шараларын тиімді пайдаланудың нәтижесі екені баршамызға аян. Алқаптарды әртараптандыру жоспарына сәйкес, азықтық дақылдар мен әлеуметтік маңызы бар өнім түрлері алқаптарын ұлғайту нәтижесінде, ішкі нарықты жергілікті өніммен қамту арқылы, азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру мүмкіндігі іске асты.

Облыста өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жоғары сапалы және экологиялық таза болуы, сәйкесінше, экспортталған өнім көлемінің артуына оң ықпал етті. Өткен жылы, өңірімізден алыс-жақын шетелдерге 169,7 мың тонна ұн, 488 мың тонна бидай, 28,3 мың тонна арпа, 15,9 мың тонна майлы дақылдар және 51,4 мың тонна картоп экспортталып, елімізден тыс жерлерде де азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалды.

Ауыл шаруашылығы өнімі өндірісін дамыту және арттыруда минералды тыңайтқыштарды қолданудың маңызы аса зор. Осы шараны субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдау нәтижесінде өткен жылы облыс шаруашылықтарымен 80,2 мың тонна тыңайтқыш қолданылды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 19,4 мың тоннаға артық. Қолдау үлесін 60%-ға дейін арттыра отырып, аванстық субсидиялау тетігі енгізіліп, топырақты негізгі қоректік элементтермен толықтыруға әрі өнімділікті арттыруға мүмкіндік берді. Кешенді шаралар өндірістің тұрақтылығы мен өнім сапасын қамтамасыз ету арқылы азықтүлік қауіпсіздігін нығайту міндетімен тікелей байланысты болды.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылдың басына облыста 11,1 мың бірлік трактор, 2,2 мың комбайн және 6 мыңнан астам арнаулы техника бар. 2025 жылы 21,7 млрд теңге сомасына 1 123 бірлік техника сатып алынып, парк жаңарту үлесі 6,3%-ға дейін жеткізілді. Субсидиялау мен жеңілдетілген лизингтің жаңа тетіктері, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін техникаға қолжетімділікті арттырып, жұмыс тиімділігі мен азықтүлікпен қамту тұрақтылығына мүлтіксіз мүмкіндік берді.

Жер ресурстарын айналымға тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2022 жылдан бастап, заңнама талаптарын бұза отырып пайдаланылған, немесе пайдаланылмай отырған 2 млн 081,6 мың гектар, оның ішінде 2025 жылы – 146,2 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерлердің 67,2%-ы немесе 1 млн 344,0 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Аталған кешенді шаралар егіс алқаптарын ұлғайтып, мал азығы базасын нығайтуға өз ықпалын тигізіп, өз кезегінде өңіріміздегі азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Мемлекеттік қолдау

Мал шаруашылығында да дамудың оң динамикасы байқалуда. Жылқы саны 398,9 мың басқа, құс – 3,47 млн басқа, ұсақ мал – 687,8 мың басқа, түйе – 1,2 мың басқа жетті. Ет өндірісі көлемі – 105,3 мың тоннаны, сүт өндірісі көлемі – 217,8 мың тоннаны, жұмыртқа өндірісі көлемі – 628 млн дананы құрады. Көшелі көрсеткіштер саланың тұрақты даму үдерісі мен халықты сапалы азықтүлікпен қамтамасыз ету қабілеттілігінің дәйекті дәлелі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу қарқынды да тұрақты негізде дамуда. Азықтүлік өнімдері өндірісінің көлемі 185,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,2%-ға артқан. Қайта өңделген өнім экспорты 184,1 мың тоннаға немесе 75,1 млн АҚШ долларына жетті. Демек, өңірдің сыртқы нарықтағы позициясы нығайып, елдің азықтүлік қауіпсіздігі артқаны аян.

Саланы дамытудағы негізгі факторлардың бірі – мемлекеттік қолдау. 2025 жылы 24,4 млрд теңге көлемінде екі мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге әртарапты қолдау іске асты. 47,4 млрд теңге сомасын құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 287 жұмыс орны құрылды. Кешенді шаралар агроөнеркәсіп кешенін нығайтып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру межеленді.

Қарағанды облысы бойынша тұрғындар үшін азықтүлік тауарларының экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жалғасын табуда. Осы бағытта жүргізілетін сан түрлі шаралар, өңірде азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.

Биылғы жылдың 4 қаңтарынан бастап, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының жаңартылған тізбесі күшіне енді. Тізбе, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының 19 түрінен, 31-ге дейін ұлғайтылды. Аталған азықтүлік тауарларының облыста 26 түрі өндіріледі. Оның 8 басты бағыты бойынша облыс өзін-өзі толықтай қамтамасыз етеді. Яғни, бірінші сұрыпты ұн мен бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан, бірінші санатты тауық жұмыртқасы, макарон өнімдері, картоп, қызанақ және сиыр еті жеткілікті.

Қалған өнім түрлері бойынша қамтамасыз ету деңгейі 1,1% бен 80,2% аралығында қалыптасқан.
Өңірде өндірілмейтін өнімдер (қарақұмық, күріш, қант, шәй, тұз) бойынша қажеттілік, өзге өңірлерден жеткізу әрі импорт есебінен қамтамасыз етіледі.

Бағаны тұрақтандыру және тұрғындарды азықтүлікпен қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру, өнім өндірушілермен меморандумдар жасасу, тауарлық интервенциялар жүргізу шаралары. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация қоймаларында қарақұмық, күріш, қант және сұйық май сияқты 400 тоннадан астам өнім сақталуда. Жыл басынан бастап, осы тауарлардың ондаған тоннасы төмендетілген бағамен сатылымға жол алды.

Жеміс-көкөніс өнімдеріне тұрғындардың қажеттілігін толық жабу үшін есепті 11,7 мың тонна картоп, 2,68 мың тонна сәбіз, 1,87 мың тонна пияз және 2,8 мың тонна қырыққабат өнімдеріне тиісті шарттар жасалды. Картоп бойынша келісі 150 теңгеден интервенция жүргізіліп, пияз, қырыққабат және сәбіз өнімі сатылды.
Сонымен бірге, жергілікті өнім өндірушілерімен, өндірілген нан, ұн мен макарон өнімдері, айналым схемасы аясында сауда желілерінде тұтынушыларға белгіленген төмен бағамен сатылады. Жұмыртқа бағасын тұрақтандыру үшін өңірдегі құс фабрикаларымен форвардтық келісімшарттар жасалып, жұмыртқа данасы 45-49 теңгеден сатылуда. 2026 жылғы қаңтардан бастап, тауық еті төмендетілген бағамен, яғни, келісі 1 100 теңгеден жеткізіле бастады.

Нақты жоспар

Сүт өнімдеріне ерекше назар аударылады. 2025 жылы Нұра ауданында «МТФ Рамадан» ЖШС 1 100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, бүгінгі күнге 1 500 тонна сүт өндірілді. Сондай-ақ, Осакаров ауданында «Евразия Инвест Ltd» ЖШС-мен 1 200 басқа арналған жаңа сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде импортқа тәуелділікті азайтып, қайта өңделген өнім көлемін арттыру мүмкіндігі еселенген.

Сиыр еті бағасын тұрақтандыру үшін келісі 2 900 теңгеден 442 тонна ет жеткізуге келісімшарттар жасалды. Қарағанды және Балқаш қалаларында, жергілікті өндірушілерден ет өнімдерін, делдалсыз қолжетімді бағамен тікелей алуға арналған арнайы павильондар салынды.

Тауарларға шекті баға тетігі алынып тасталып, сауда үстемесін 15%-дан асырмауын қатаң бақылауға көшу маңызды қадамдардың бірі болды. Аталған талап, жеткізу шарттарында бекітілген, ал, бұзушылықпен жасалған мәмілелер жарамсыз деп танылады. Қабылданған шаралар импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты негізгі азықтүлік тауарларымен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға сеп. Іс-шараларды іске асыру жұмыстары жалғасуда, және тұрақты бақылауда. Келешекте бағаның тұрақтылығы әрі облыстың азықтүлік қауіпсіздігі нығая түседі.

Биыл барлық негізгі бағыттар, егіс алқаптарын әртараптандыру, техниканы жаңарту, ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу, қайта өңдеуді және экспортты дамыту бойынша жұмыс жалғасатын болады.
Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін 559,6 млрд теңгеге, нақты көлем индексін – 102,5%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында – 330,9 млрд теңге, НКИ – 103,0%, мал шаруашылығында – 228,3 млрд теңге, НКИ – 102,0%. Дәнді және бұршақты дақылдар егіс алқаптарын 6,1 мың гектарға ұлғайтып, 920,8 мың гектарға жеткізу жоспарлануда, майлы дақылдарды 7,4 мың гектарға арттырып – 85,4 мың гектарға, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріндегі картоп алқаптарын 0,9 мың гектарға ұлғайтып – 11,5 мың гектарға, көкөніс алқаптарын 0,1 мың гектарға арттырып – 1,1 мың гектарға жеткізу көзделуде.

Астық өндірісін 0,7%-ға арттырып, 1 150,3 мың тонна көлеміне жеткізу, картоп – 9,1%-ға өсіммен 448,0 мың тонна, көкөніс – 1,6%-ға өсіммен 76,0 мың тонна жоспарлануда.

Ірі қара мал басын 1,1%-ға арттырып, 432,6 мың басқа, қой мен ешкі – 2,3%-ға, жылқы – 3,3%-ға, шошқа – 1,8%-ға, құс – 2,7%-ға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, ет өндірісі көлемі 4,6%-ға өсіп, 110,1 мың тоннаға дейін (2025 ж. – 105,3 мың тонна), сүт – 3,6%-ға өсіп, 225,6 мың тоннаға дейін (2025 ж. – 217,8 мың тонна), жұмыртқа – 1,6%-ға өсіп, 638,0 млн данаға дейін (2025 ж. – 628,0 млн дана) артады деп күтілуде.

Агроөнеркәсіптік кешенге тартылатын инвестиция көлемін 61,4 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарлануда (2025 ж. – күтілетіні 72,3 млрд теңге). Жалпы құны 67,0 млрд теңгені құрайтын, 521 жұмыс орнын құрумен 27 жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы шаралардың барлығы азықтүлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етпек.

Ануар ТЮЛЮБЕКОВ,
Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары
басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Back to top button